19.05.2022, 9:45
Оқылды: 138

Жәрдемақы мен зейнетақының мөлшері артты

1 сәуірден бастап еліміздегі зейнетақы мен жәрдемақының, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдердің мөлшері төрт пайызға артты. 

1

Фотосурет: ernur.kz

Зейнетақы

Нақтырақ айтсақ, биыл зейнетақы төлеуге 3 трлн 64 млрд теңге көзделген, оның 2 трлн 960 млрд теңгесі  республикалық бюджеттен. Олар ынтымақты (еңбек) және базалық зейнетақыны төлеуге бағытталатын болады. Жинақтаушы зейнетақыны есептемегенде зейнетақының орташа жиынтық мөлшері (ынтымақты + базалық) биыл 1 сәуірге дейін 105 337 теңге болса, 1 сәуірден бастап  109 346 теңге болып бекітілді. Ал жинақтаушы зейнетақыны есепке алғандағы зейнетақының орташа жиынтық мөлшері 1 сәуірге дейін 133 337 теңге деп есептелсе, 1 сәуірден бастап – 138 616 теңге. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі­не қатысушылардың орташа зейнетақы мөлшері шамамен 30 мың  теңгеге  жоғары.

Мүгедектігі бар адамдарды және асыраушысынан айырылған отбасыларды әлеуметтік қолдау

Биыл мүгедек жандарға төлем жасау үшін 370 млрд теңге қарастырылды, оның 342 млрд теңгесі ел қазынасынан бөлінді. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылған тұрғындарға 28 млрд теңге әлеуметтік төлем қарастырылды. Бюджеттен төлем алушылар үшін жәрдемақылардың орташа мөлшері  1 сәуірге дейін 52 609 теңге болса, 1 сәуірден бастап 54 608 теңге болып бекітілді. Ал мүгедектік бойынша әлеуметтік қордан аударылатын  төлемдер 1 сәуірден бастап  84 353 теңге (1 сәуірге дейін – 81 210 теңге) болды.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар әлеуметтік төлемді шамамен 30 мың теңгеге жоғары алады.

Егер асыраушысынан айырылған балаларға 43 957 теңге жәрдемақы төленіп келсе, 1 сәуірден бастап  45 627 теңге болды. Сондай-ақ асыраушысынан айырылғандар Міндетті әлеуметтік сақтандыру  қорынан төленетін қаржыны қоса есептегенде 76 443 теңге (бұрын 73588 теңге) жәрдемақы ала алады.

Биыл 1 қаңтардан бастап Қордан еңбекке қабілеттіліктен және асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 5%-ға, 1 сәуірден бастап қосымша тағы да  4%-ға арттырылды. Осылайша бұл төлемдердің жалпы сомасы өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға өсті.

Жұмыс істейтін азаматтар бұл төлемдерді базалық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша алады.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек қабілеттілігінен айырылу жағдайына байланысты 2277 адам жәрдемақы алды. Мемлекеттік бюджеттен берілетін мүгедектік бойынша жәрдемақының орташа мөлшері 54 608 теңгені құраса, Қордан төленетін төлемді қоса есептегенде 84 353 теңге болады. Сонымен бірге биыл 1 сәуірден бастап айлық есептік көрсеткіш­тің ұлғаюына байланысты Қордан 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлем мөлшері ұлғайтылды.

Зейнетақылар мен жәрдем­ақыларды жоғары мөлшерде төлеу сәуір мен мамыр ай­ларына қосымша ақыны ес­кере отырып, маусым айын­да жүзеге  асырылады.

 

Арман Елдесов,

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры»

БҚО бойынша филиал басшысы  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале