31.01.2023, 12:00
Оқылды: 58

Жәрмеңкеден жұмыс тапты

Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастар мәдениет сарайында «Еңбек ет те, өрге жет» арнайы бағыттар бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. 

IMG_9711

Аталған орталықтың консультациялық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Алма Төлепқалиева жұмыс жоспарына сәйкес сұранысқа ие мамандықтар бойынша ай сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп тұратындарын мәлімдеді. Оның айтуынша, осы жолы жәрмеңкеге жеке кәсіпкерлер қатысып, өздеріне қажет қызметкерлерді жұмысқа қабылдады.

Бүгінгі жәрмеңкеде бас аспаз, даяшы, бармен, әкімгер, аспаздың көмекшісі сияқты мамандықтар ұсынылады. Жұмыссыз жүрген жастар көп. Мақсат – тек  жұмыспен қамту емес, сонымен бірге жастарға психологиялық, заңгерлік бағытта кеңес береміз. Бұл бастамасы ғана, алдағы уақытта аталған мамандықтарға сұраныс көп болғандықтан, бұдан да үлкен жәрмеңкелер өткіземіз. Жыл басынан бері жұртшылық көп жиналатын базар, сауда үйлерінің аумағында, сондай-ақ қаладағы барлық мектепте, колледждер мен жоғары оқу орындарында жастарды ақпараттандыру, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, бос жұмыс орындарын ұсыну бағытында кеңес берудеміз, – деді  бөлім басшысы іс-шара барысында.

IMG_9705

Жәрмеңкеде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 4-курс студенті Нұрила Амановаға жолығып тілдескенімізде, ол студенттерге сабақтан тыс мезгілде жұмыстың болуы қолайлы екендігін баян етті.

– Жәрмеңкеден мәдениет саласы бағытында жұмыс  тапқым келеді. Өзіммен бірге студент екі құрбым да осында келді. Олар бос уақытында асхана, дәмханада жұмыс істеуге ынталы, сол себепті же-ке кәсіпкерлерден ыңғайлы қызмет сұрайды, – дейді Нұрила.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан «Гранд ГастроБар» жеке кәсіпкерлігінің директоры Алмаз Кашиев өзі басшылық ететін мейрамхана Орал «Сервис» технологиялық колледжімен тығыз байланыс жасайтынын,  онда оқитын студенттер іс жүзінде мейрамханада тәжірибеден өтіп, колледжді бітірген таңдаулы мамандар жұмысқа қабылданатынын, қазіргі кезде өздеріне тамақ пісіретін аспаздардың қажет екендігін мәлім етті. Ал «Chester pub» («Честерпаб») мейрамханасының  кадр жөніндегі инспекторы Нұргүл Тұрғанбаева да мекемеге аспаздардың, сонымен қатар даяшылар мен еден жуушылардың керек екендігіне тоқталды.

– Бұл қызметті атқаратын адамдар бізге үнемі қажет. Өйткені мейрамханада бір ауысымда екі кісіден  жұмыс істейді. Олар екі күн жұмыс атқарғаннан соң, сонша күн демалады. Түскі және кешкі тамақты мейрамханадан ішеді, аутокөлікпен  үйіне дейін жеткізіп тастаймыз. Олардың орташа еңбекақысы 150 мың теңге мөлшерінде, – дейді Н.Тұрғанбаева.

Жәрмеңке соңында Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық қызметкерлерімен хабарласқанымызда, мейрамханаға келушілерге қызмет көрсету бағытын қамтыған жәрмеңкеге 20-ға тарта жұмыс беруші қатысып, жұмыссыз жастарға 60-тан астам бос орын ұсынған. Жәрмеңкеге жалпы саны 300-ге тарта қала жастары, университет пен колледж түлектері қатысқан.

Соның ішінде 18 адам жұмысқа орналасты. Айына екі саланы қамту жоспарланған жәрмеңкенің келесі жиынында құқық қорғау құрылымдары бойынша жұмыс іздеушілерге қызмет көрсетілмек. Бұл жоба да  қаладағы жастар мәдениеті сарайында  өтеді.

Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале