Орал қаласында түнгі рейд барысында патрульдік полиция қызметкерлері өрескел құқықбұзушылыққа жол берген жүргізушіні анықтады. Қала көшелерінің бірінде жарық шамдарын қоспай жүрген аутокөлік тәртіп сақшыларының назарын аударған.

Сурет: сайт архивінен
Көлік тоқтатылып, тексеру жүргізілген кезде 29 жастағы жүргізушінің бұған дейін сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, медициналық куәландыру нәтижесіне сәйкес, оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде болғаны анықталды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Полиция мас күйде көлік жүргізу, сондай-ақ жүргізу құқығынсыз және қауіпсіздік талаптарын сақтамай басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ескертеді. Мұндай әрекеттер заң алдында қатаң жауапкершілікке әкеледі.
Құқық қорғау құрылымдары азаматтарды жауапкершілікке бейжай қарамай, өз қауіпсіздігі мен өзгелердің өмірін қорғауға шақырады.
Материалды облыстық полиция департаментінің
баспасөз орталығы ұсынған мәліметтер негізінде
дайындаған Гүлжамал Жолдығали