21.08.2025, 14:45
Оқылды: 157

«Жас маман: жаңа бетбұрыс. Жаңа идея» облыстық жас педагогтер слеті

Оралдағы Салтанат сарайының мәжіліс залында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Жас маман: жаңа бетбұрыс. Жаңа идея» тақырыбындағы республикалық жас педагогтер слеті өтті.  Іс-шараға Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, жергілікті техникалық және кәсіптік білім  беру ұйымдарының  педагогтері  қатысты.

DSC09390

Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жас педагогтер арасында әріптестік қарым-қатынас орнатуға, тәжірибе алмасуға және кәсіби дамуға бағыттау мақсатында ұйымдастырылған жиын жұмысына сәттілік тілеп, сөз сөйледі. «Бір кездері университеттерде педагогика ғылымынан ғылыми дәрежені жоғары қою белең алды. Шын мәнінде, оқу орнында қызмет етіп жүргендердің баршасы – педагогтер, өйткені бәрі де сабақ береді. Олардың ішіндегі жоғары тұрған мамандық – педагогика саласы. Еліміздегі барлық өзгеріс, мысалға, Президент идеясымен қолға алынған кадрлар резерві, педагогика саласындағы кадрлар резерві жұмыстары жүргізілуде.

Осылардың барлығында оқытылатын материалдар педагогика салаларынан. Мұғалім мамандығының жұмысшы мамандықтарымен байланысы терең», – деді Елдос Сафуллин.

Аталған слеттің «Менің таңдауым – педагогика» Q&A «Questions and answers» («Сұрақ пен жауап» айдары) мотивациялық сессиясында білім саласындағы ұйымдар мен мемлекеттік басқармалардан бірнеше спикер қатысып, білім беру саласындағы өзгерістер, мұғалім мәртебесі, жасанды интеллект және өзге де мәселелер бойынша ой-пікірлерімен бөлісті. Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева тамыз конференциясында сөйлеген Президенттің сөзіне тоқталды. Онда: «Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар. Бүгін мен еліміздегі ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін! Шын мәнінде, мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Ыбырай Алтынсарин «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген.

Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс», – дегенді. «Мемлекет басшысының сіздерге арнаған сөзінің астарында сіздерге жүктелетін жауапкершілік жүгі ауыр. Тек қана білім емес, біліммен бірге тәрбие де берілуі тиіс екені айтылды. Ұлы ойшыл әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген.

Сондықтан жаһандану заманында ақпараттық, рухани қауіптер келіп жатқан тұста білім саласы болмасын, жоғары оқу немесе орта оқу орны болсын, тәрбиеге үлкен мән беруіміз керек. Сонымен қатар Президент педагогтердің құқығын қорғауды күшейту қажет екенін айтты. Ол да үлкен жетістік.

Көршілес елдерде мұндай заң жоқ, мұғалімдер мәртебесі туралы заң алғаш рет бізде қабылданды. Мемлекет – ата-ана – мектеп – осы үш таған білім, тәрбие, саласында бірге жұмыс атқаруға шақырды», – дей келе Гүлжанар Болатқызы педагогтердің мәртебесі және жалақыларының көтерілуімен бұл мамандыққа жастардың бет бұрғанын тілге тиек етті. Ол өзінің бір кездері Алматыдағы №16 кәсіптік-техникалық лицейде қызмет етіп, «Эрудит» атты клуб құрғанын, сол клуб жұмысы мемлекеттік қызметке әкелгені туралы толқи әңгімеледі.

Келесі спикер педагогика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Светлана Бахишева мұғалімдердің ғылыми өсуі, жасанды интеллектіні пайдалану туралы ой бөлісті. «Қазіргі кезде екі ата-ананың бірі педагогиканы түсінетін кісіше мұғалімдерге қарсы пікірлерін айтып отырады. Мұның барлығы біздің қоғамда сыни пайым әлі дамымай жатқанын көрсетеді.  Сарапшылық  пікір, сарапшыға жүгіну деген қазір қолға алынуда. Сарапшылар кімдер? Олар –  сол тақырыпты ғылыми жағынан зерттеген адамдар. Сараптап, пікір айту үшін сол саланы зерттеуі керек. Сіздер ғылымға жақынсыздар. Кейде сіздер «Мен қайда, ғылым қайда?» деп ойлайсыздар. Ғылым сіздің алдыңызда, «Бүгінгі сабағымды балалар жақсы қабылдап, түсінді, ал мына тақырыпты игерулері қиын болды» деуіңізде ғылым жатыр. Неге олай, неге бұлай емес деп зерттеуіңіз бұл. Осыны зерделей бастауыңыз. Балалар телефонда отыр, осы ұялы телефон ұл-қызды құртатын болды дейміз. Соны сіз өзіңіз әр бала неше сағат телефонда отырады деп зерттеу жүргізуіңізге болады. Ол бала нені қарайды, қандай мақсатта қарайды? Міне, ғылыми зерттеу осыдан пайда болады. Ғылым қоғамды жақсартуға қызмет қылады», – деді Светлана Меңдіғалиқызы.

Жиында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының «Батыс Қазақстан облысы бойынша кәсіби даму институты» филиалының директоры Софья Ізмұханбетова, Батыс Қазақстан индустриалды колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Кабулова жас мамандарға мамандықты сүю қажеттігін, талмай қызмет ету нәтижесінде еңбек жемісін көретіндерін айтып, мотивация берді. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының «Ақпараттық технологиялар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Махамбет Сұлтанғалиев, Жоғары аграрлық-техникалық колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының магистрі Әсел Ғалиасқарова жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызы, кәсіптік және техникалық білім беру саласындағы педагогтердің рөлі туралы айтып, тәжірибелерімен бөлісті.

DSC09398

Түс қайта слет А. Иманов атындағы жол-көлік колледжі базасында жалғасты. Онда облыстық әдістемелік орталығының бөлім басшысы Райгүл Қуаншәлиеваның басшылығымен «Кәсіби даму жол картасы» воркшоп бойынша  командалар өз даму жоспарын құрып, шағын топта талқылап, жобаларды постер түрінде қорғады. Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі оқытушылары Жанат Жоңқарбаева, Лиза Жаймановалар «Арттерапияны шығармашылықта тиімді қолдану» атты шеберлік сағатын өткізді. Бұдан да басқа шаралар ұйымдастырылып, ел экономикасына мамандар даярлайтын педагогтердің білім-білігін, шеберлігін жетілдіруге түрткі  салғандай  болды.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале