Былтыр «Zhas Project» жобасы еліміздің 20 өңірінде өткізілді. 280 қазақстандық 1 миллион теңгеге дейінгі көлемде шағын грант алды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында айтты.
Фото: ortcom.kz
Спикердің хабарлауынша, бүгіннен бастап 24 наурызға дейін конкурсқа әлеуетті қатысушылар үшін биылғы конкурс бойынша ақпараттық-түсіндіру науқаны өткізіледі. Мәселен, әлеуметтік желілерде жұмыс істеу, өңірлердегі кездесулер, жастар ресурстық орталықтарымен, жергілікті ҮЕҰ-мен жұмыс істеу, көрнекі өнімдер шығару, Telegram-bot, мастер-класс, колл-орталығының консультациялары, жастармен тренингтер ұйымдастырылады.
- 2024 жылғы 25 наурызда ұйымдастырушының, оператордың, мүдделі серіктестердің интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілерінде конкурстың басталуы жарияланады. 2024 жылғы 25 наурыздан бастап 2024 жылғы 24 сәуір сағат 23:59-ға дейін жастардан өтінімдер қабылдау жүргізіледі. Осы жылдың 25 сәуір мен 14 мамыр аралығында комиссия конкурстық өтінімдерді іріктеу бойынша жұмыс жүргізеді. 15 мамырда ұйымдастырушының интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілерінде іріктеу нәтижелерін қорытындылайды және жарияланады, – деді Қайрат Қамбаров.
Сонымен қатар жобаны сапалы әрі тиімді іске асыру үшін әр өңірде жобалық кеңсе ашылды, мұнда кеңес алуға ниет білдірушілер жүгіне алады. Хабарласу орталықтары құрылып, жастар жобаларын қабылдау үшін арнайы сайттар ашылды. Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша қараша айында 2023-2024 жылдардағы үздік жоба әзірлеушілерінің қатысуымен қорытынды форум өткізіледі.
Бұл жоба жастар үшін болашақта тұрақты бизнесті дамытуға негіз болады.