Бөкей ордасы ауданындағы сайлау учаскелері ашылысымен дауыс беруге асыққан тұрғындардың қатары қалың болды.
Аудан үшін маңызы үлкен саяси науқанға атсалыссақ дегендер арасында биыл алғаш рет дауыс беру құқына ие болған Алина Темірғалиева да бар.
Бірер ай бұрын 18 жасқа толған Алина сайлау өз даусының өте маңызды екенін түсінеді.
- Тұңғыштар мекені аталатын ауданда тұңғыш рет аудан әкімінің сайлауы өтіп жатыр. Ол әрқайсымыздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сол себепті таңмен таласа келіп, өз таңдауымды жасадым. Ел сеніміне ие болған жаңа аудан басшысы елді толғандырған мәселелердің шешілуіне ықпал жасайды деп сенемін, - дейді Алина Темірғалиева.
Алғашқы сайлауы тұңғыш рет ұйымдастырылған аудан әкімі сайлауымен тұспа-тұс келген Алина Бөкей ордасы колледжінің студенті. Аспаз мамандығына оқып жатыр.
Аудандық аумақтық сайлау комиссияның төрағасы Нұркен Сабиров алғаш таңдау жасаған Алинаға естелік сыйлық тарту етті.
Түгелбай Бисен,
Суретті түсірген Замир Габдрахманов
zhaikpress.kz