Ашық есік күні Оралда орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінде, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өтті. Ұландықтарда жоғары сынып оқушылары, облыстық "Жас сарбаз" форумының патриоттық клубының қатысушылары қонақта болды.
Әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілеріне арналған шеру алаңында қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің көрмесі өтті. Тәртіп сақшылары қазіргі заманғы атыс қаруының мүмкіндіктері, әскери көліктер мен байланыс құралдарының техникалық сипаттамалары туралы айтты. Мұнда ең әуесқой мектеп оқушылары бронетранспортер ішіне шығып, қолдарына атыс қаруын ұстап, оның тактикалық-техникалық деректерімен танысты.
Сондай-ақ олар «Батыс» өңірліқ қолбасшылығының мұражайын аралады, дәстүр бойынша экскурсия құқық қорғау әскерлерінің құрылу және даму тарихымен танысудан, ерлік істерді насихаттаудан, жауынгерлердің қызметтік міндеттерін орындаудағы шебер және шешуші әрекеттерімен басталды. Өз кезегінде мектеп оқушылары әскери ұжымдардың даңқты дәстүрлері мен мемлекетіміздің қалыптасуының әр кезеңдеріндегі әскери борышын өтеудегі құқық қорғау жасақтарының ұмытылмас ерліктері туралы ықыласпен тыңдады.
Содан кейін балалар сарбаздардың асханасы, спорт қалашығы мен казармаларын аралап, тұрмыс-жағдайымен танысты. Одан әрі кинологтар тәртіп бұзушыларды ұстаудағы төрт аяқты достарының жұмысын көрсетті. Әскери оркестрдің орындауындағы «Дефиле» композициясы балаларға ерекше ұнады.
Жасөспірімдер алдында сөз сөйлеген 5517 әскери бөлімінің командирі, подполковник Сағындық Алқайдаров жас патриоттарға әрқашан алға қойған мақсаттарына жетуге, білім мен спортта жеңістерге ұмтылуға, салауатты өмір салтын ұстануға, өз елінің патриоты, лайықты азаматы болуға тілек білдірді.
– Әскери қызметке бала кезінен дайындалу керек. Отансүйгіштік, туған жерге деген сүйіспеншілік жастайынан қалыптасатын қағида. Мұндай кездесулер оң нәтиже береді деп ойлаймын, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Альбина Залмұқанова.
Әскери бөлімнің жеке құрамының қатысуымен мұндай акция бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Осылайша, ұландар әскердің бүгінде елдің, барша азаматтардың сенімді қорғанысы екенін көрсетіп, халыққа ғана емес, балаларға да барынша жақын болуға тырысуда.
Айта кетейік, қазіргі уақытта «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімі жеке құрам саны мен атқарған қызметтік-жауынгерлік тапсырмалардың көлемі бойынша Батыс өңірдегі ең ірілердің бірі болып табылады. Әкерилер қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етеді, түзеу мекемелерін күзетеді, терроризмге қарсы операцияларға қатысады және Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы заңмен бекітілген басқа да маңызды міндеттерді орындайды.
Күн сайын 20-дан астам патрульдік маршруттарға қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қорғауды қамтамасыз ететін 100-ден астам әскери қызметшілер бекітіледі.
Подполковник Ерболат Сұлтанов,
Орал қаласы