24.06.2026, 17:45
Оқылды: 5

Жас туристерді  шыңдаған туриада

9-12 маусым аралығында «Еуразия» туристік  кешенінде оқушылар арасында жаяу туризм техникасынан республикалық туриада өтті. Іс-шараны  ҚР Оқу-ағарту министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы мен облыстық білім басқармасының жоспарына сәйкес облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы ұйымдастырды.

4e78c8bd-2f74-4820-b694-c1aba8a30027

Туриаданың негізгі мақсаты – оқушылардың туристік-спорттық шеберліктерін жетілдіру, бұқаралық спорттық туризмді дамыту, қатысушылардың спорттық, техникалық және тактикалық даярлық деңгейін арттыру, сондай-ақ жарыстың жаңа түрлерін меңгеруге мүмкіндік жасау.

Жарыс барысында жас туристер жаяу туризм техникасы бойынша өзара бақ сынасып, тәжірибе алмасып, кәсіби дағдыларын шыңдады. Туриадаға Батыс Қазақстан облысынан 8 команда және Алматы қаласы, Атырау, Маңғыстау облыстарынан үш команда – барлығы 85 оқушы қатысты.  Жарыс бағдарламасына сәйкес «Командалардың үздік көрсетілімі», «Ыстық тағам», «Туристік фотосуреттер», «Туристік тұрмыс және дағды» байқауларымен қатар «Өткелдер», «Техникалық», «Байлам», «Түнгі бағдарлау» қашықтықтары бойынша сынға түсті.

«Өткелдер» қашықтығы бойынша 1-орынды Жәнібек ауданының командасы жеңіп алды.

1b5c4d25-8d72-4ac1-a391-1a31228f2757

Сонымен қатар «Түнгі бағдарлау» қашықтығы  бойынша ұлдар арасында 1-орынға Радмир Камашев (Бөрлі ауданы),  қыздар арасында Айлана Қанатқызы (Бәйтерек ауданы) лайық деп саналды. Ал «Байлам» қашықтығы жасөспірімдер тобы бойынша ерлер жұбы – Ерасыл Ишанов пен Тамирлан Мәліков (Бөрлі ауданы), жасөспірімдер тобы бойынша аралас жұп – Гүлмира Ерғали мен Балауса Меңдеш (Ақжайық ауданы), балалар тобы бойынша ұлдар командасы – Радмир Камашев пен Шах Аслан Таңжарықов (Бөрлі ауданы), аралас  жұп – Санжар Рысбекұлы мен Гүлназ Мұхат (Жәнібек ауданы) 1-орынды иеленді. Сондай-ақ туриадада «Ыстық тағам» байқауында Теректі ауданының командасы, «Командалардың үздік көрсетілімі» бойынша Бөрлі ауданының командасы, «Туристік фотосуреттер» байқауында Жәнібек ауданының командасы алға шықты. Ал «Туристік тұрмыс және дағды» байқауында Ақжайық ауданының командасы, «Техникалық» қашықтық бойынша Қаратөбе ауданының командасы жеңіске жетті.

d7f931d4-2041-44df-97cb-a12140d6ae69

Жарыстың қорытындысына сай жалпыкомандалық есеп бойынша 1-орынды Бөрлі, 2-орын Жәнібек, 3-орынды Ақжайық ауданының командалары иеленді.

Жеңімпаз командалар іс-шараны ұйымдастырушы мекемелердің грамоталарымен, медаль-кубоктарымен марапатталды.

 

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале