26.12.2022, 16:45
Оқылды: 196

Жас журналистің онлайн шеберлік сағаты өтті

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде «Жетінші арна» телеарнасындағы «AIBAT» жаңалықтар қызметінің тілшісі, талантты журналист Жансұлу Жиенқұлмен онлайн шеберлік сағаты өтті.

AAF23789-09C1-4491-B855-1AF981AE9EA9

Кездесуді ұйымдастырушы – «Медиакоммуникация және Қазақстан тарихы» кафедрасының ассистент-профессоры Шынар Қалиаждарова. «Журналистика және репортер ісі» факультетінің 1-4 курс студенттеріне арналған бұл кездесуде «Жаңалықтар тілшісінің жұмыс істеу әдісі: заманауи талаптар» тақырыбында әңгіме өрбіді.

Жансұлу Жиенқұл 2020 жылы Еуразия Ұлттық универститетінде журналистика факультеті баспа ісі мамандығын тәмәмдады. Ең алғаш Көкшетаудағы Ақмола облыстық «KÓKSHE» телеарнасында 1 жыл 7 ай тілшілік қызмет атқарады. Кейіннен өзінің креативті стендаптары мен ерекше сюжеттері арқылы көзге түседі. Осылайша 7 арна «AIBAT» жаңалықтар қызметінің тілшісі болуға бас редактор – Гүлбану Аниятқызынан шақырту алды.

Журналистің айтуы бойынша, 7 арнада бұрын соңды жаңалықтар қызметі болмаған. «AIBAT» жаңалықтар қызметі осыдан 2 жыл бұрын ғана пайда болды. Эфирге шығатын уақыты 30 минут. Басқа арналардан айырмашылығы жекеменшік арна екендігінде. Сондықтан бұл арнаның тақырыптары мәселе, проблемалық және әлеуметтік жағдайларға негізделген. Мәселен, қазір болып жатқан Екібастұздағы апат, СҚО-дағы ЖЭО-лардағы тұрбалардың құлауы сияқты проблемаларды белсенді хабарлайды.

Жансұлу Жиенқұл айтқандай: «Мақтап, жақсы жағын айтатын позитивті жаңалықтар бізде азырақ. Оған себеп, қазір мәселені ашық айтатын арналар, блогерлер, ютуб арналар ғана сұранысқа ие. Сол себепті, басты мақсатымыз – мәселені ашық әрі анық айтып, билік пен халықтың арасындағы байланысты орнату».

Шеберлік сағаты барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға Жансұлудан Жиенқұлдан жауап, кеңестер алды. Ендеше, сұрақ-жауаптарға тоқталсақ:

– Қазіргі журналистикада неге көңіліңіз толмайды?

– Жас болып үлкен аға-әпкелерімді кінәлағаным емес. Шынын айтқанда, бізде Қазақ журналистикасында «статичный» стендаптар көп. Журналист бір орында қатып тұрып қалады. Мәселен, жаңалықтардың хроносы 1,5-2 минут болғандықтан, журналистер тез айтып жеткізуге тырысады. Ал халық оның сөзіне мән бермей, тіпті кейде түсінбей жатады. Оның орнына мәселені ашып көрсететін визуалды стендаптар қажет. Сылағы түсіп тұрған үй болса, оны қолмен қағып қалып мәселеге іс-әрекет арқылы акцент беру керек.

– Сәтті материалдың сыры неде?

– Журналистің өзінен гөрі сұхбат беретін адамы мен сарапшысы көбірек сөйлесе, тақырып ашылады, материал жақсы болады. Көбіне адамдарды сөйлету маңыздырақ. Мен өзімді көрсетейін деген мақсат болмауы қажет. Мақсат – өзіңізді көрсету емес, сіз материалды ашу арқылы да өзіңізді көрсетсеңіз болады.

– Аудиторияның тақырып табуға ықпалы қандай?

– Жалпы «AIBAT» жаңалықтар қызметінің ашылғанына екі жыл болғандықтан, халық бізді енді-енді танып келе жатыр. Сол себепті қазір әлеуметтік желілерде, YouTube және Telegram арналарында белсенді болуға тырысудамыз. Қазір YouTube-та көрермендерден үлкен кері байланыс аламыз. Әсіресе, әлеуметтік мәселелерге байланысты ұсыныстар келіп түседі. Соған сәйкес біздің арнаның контентіне сай тақырыптарды ескерусіз қалдырмаймыз.

– Бастаушы, жалғастырушы немесе қорытынды стендаптардың қай түрін түсіру қиынырақ?

– Ең қиын дүние – қорытынды стендап, қорытынды ойды шығару. Өйткені оқиға орнына барған кезде сіз бірден қорытынды шығара аласыз ба немесе ол қорытынды ой дұрыс па деген мәселе қиындық тудырады. Халық журналистен мәселенің соңғы нүктесін күтеді. Сонысымен де қиын.

– Заманауи телевизияның болашағы бар ма және әлеуметтік желілермен бәсекелесуге шамасы жетеді ме?

– Оптимисттік тұрғыдан қарайықшы. Бұрын да газет жоғалып кетеді деген пікір болған. Ал қазір зер салсақ АҚШ-та, Европа елдерінде адамдар әлі күнге дейін газет оқиды. Таңғы ас ішіп отырып газет оқуды әдетке айналдырған. Бұл - олардың мәдениеті. Ал телевизия жойылып кетеді деген пікірді ысыру қажет деп ойлаймын. Өйткені ол мамандардың қолында. Егер журналист материалды «тастай» қылып жазып, көрермен назарын аударта алатын болса, телевизия өлмейді.

– Облыстық арна мен республикалық арнаның айырмашылығы қандай?

– Республикалық арнада техникалық мүмкіндіктер, ресурстар және ондағы қызметкерлердің деңгейі де жоғары болады. Ал жас журналистерге кеңесім  бірден «қазанға» түсіп кетпеңіздер. Дұрысы – облыстық арнадан бастау. Ол жерде мүмкіндіктер аз болса да, техникасы нашар болса да үлкен тәжірибе жинауға болады.

Осылайша, Жансұлу Жиенқұлмен өткен шеберлік сағатында журналистика, медиа саласындағы басты мәселелер мен сұрақтар талқыланды. Журналист өзінің тәжірибесімен бөлісіп, көптеген кеңестер берді.

Гүлназ Досанова,

IITU студенті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале