8.06.2021, 17:20
Оқылды: 42

«Жастар – Отанға!» бағдарламасы – жастардың айқын бастамасы

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы Саяси кеңесінің бюро отырысында «Jas Otan» жастар қанатының 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі «Жол картасы» бекітілді.

1

Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылдың 21 тамызында өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, «Жастар – Отанға!» бағдарламасы  қолға алынғаны көпке мәлім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жастар мәселесіне әркез жіті назар аударып, олардың өтініш-тілектеріне ерекше көңіл бөлініп келе жатырғаны белгілі. Осы жайларды өз сөзіне арқау еткен Ғали Нәжімеденұлы одан әрі «Jas Оtan» Жастар қанатының 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асыру бойынша бұған дейін облыс жастарына арналған 14 жол картасы (1 облыстық, 1 қалалық, 12 аудандық) жобасы әзірленгенін тілге тиек етті.

2

Сонымен бірге аталған жобада партияның облыстық филиалы 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасының жастарға арналған тармақтарын ескере отырып, жалпы саны 32 индикатор мен 43 іс-шара жоспарын енгізгендігін назардан тыс қалдырмады. Негізінен олар 7 қағидатқа негізделіп, «Жастар – Отанға!» бағдарламасындағы 5 бағыт бойынша дайындалыпты. Атап айтқанда, азаматтық белсенділік, сапалы білім, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау һәм қолжетімді баспана, тұлғалық даму мен бос уақыттарын тиімді өткізу. Бұл бағыттар бойынша алдағы бес жылда волонтерлік қызметпен айналысатындар санын 15 мыңға жеткізіп, өкілетті органдардағы жастар үлесін 40%-ға дейін арттыруға мүмкіндік тумақ.

3

«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы  Ғ.Есқалиев жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бойынша мектеп қабырғасынан кәсіпкерлік негіздерін оқыту, бес жылда «Жастар практикасы» бағдарламасымен 6500 жас маманды дайындау, гранттық қаржыландыруды ұлғайту мен студенттік өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі дамыту, өзге де өзекті мәселелер төңірегінде өз ойымен бөлісті.

Кеңеске қатысушылар тарапынан да ұсыныс-пікірлер де айтылды. Мұның барлығы сөз жүзінде қалмай, нақты жүзеге асырылуын «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес қатаң қадағалайтындығы ескертілді.

 

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале