24.03.2023, 10:15
Оқылды: 26

Жастар сертификат алды  

Орал қаласында OrleTECH әлеуметтік жобасының жеңімпаздары марапатталды.  «IteachMe» қоғамдық қоры аталмыш жобаны Shell Kazakhstan компаниясының  қаржылай  қолдауымен  жүзеге  асырды. 

WhatsApp-Image-2023-03-16-at-20.47.35-e1678978579523

 

– Қазіргі уақытта елімізде диджитал, яғни цифрлы мамандықтар сұранысқа ие. Бірақ барлық адамның мұндай мамандықта оқуға қалтасы көтере бермейді.  Себебі бұл салада білім алу үшін көп қаражат керек. Сондықтан біз Shell компаниясымен бірігіп, осы жобаны қолға алдық. Онда негізінен табыс-кірісі аз отбасындағы, мүгедектігі бар, ата-анасыз қалған жастарды қамтыдық. Олар үш ай бойы онлайн білім алды.  Студенттер компьютерлік бағдарламаларды тестілеу бойынша IT-инженер және веб-шебер бағыттарында оқыды. Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан жобаға қатысуға 150-дей адам өтініш білдірді. Соның ішінде Орал қаласынан 27 жас іріктеуден өтті, –  деді ITeachMe қорының директоры Захира Бегалиева. Оның айтуынша, студенттерге компьютермен жұмыс істеудің негізгі тәсілдерін үйретіп, қаржылық сауаттылық, сату дағдылары мен шешендік өнер бойынша қосымша білім берген. Курс барысында оларға психологиялық қолдау көрсеткен. Ол мұндай жан-жақтылық жастардың жұмысқа орналасуына оң әсер етеді дейді. Биыл алғаш рет жүзеге асқан жобаға негізінен облыс орталығында тұратын жастар қатысыпты. Ұйымдастырушылар жобаның келесі маусымында ауылдық жастарды қамтуды мақсат етіп отыр. Олар жұмыс беруші түрлі компаниялардан қандай мамандар қажет екенін, болашақта қай мамандықтарға сұраныс артатынын сұраған. Сол кезде. еңбек нарығында, әсіресе, банктерде  компьютерлік бағдарламаларды тестіден өткізетіндердің тапшы екені анықталған.

WhatsApp-Image-2023-03-16-at-20.47.33-2-e1678978669722

Білімге құштар жандардың курстық жұмыстарын IT саласының мамандары және «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС ақпараттық жүйелерді пайдалану және пайдаланушыларды қолдау департаментінің директоры Алена Ребрикова бағалады. Іс-шара барысында 16 студент жобаларын қорғап шықты. Енді сала мамандары оларға екі ай бойы менторлық көмек көрсетеді. «IteachMe» қоғамдық қорының директоры Захира Бегалиева мен Shell Kazakhstan компаниясының жоба үйлестірушісі Гүлнафис Ахмарова жастарға сертификаттар табыс етті. Алты қатысушы құны
100 000 теңгеден аспайтын коммерциялық тапсырыстарды орындайтын мүмкін-дікке ие болды. Аталмыш жобаның серіктесі «Банк Центр Кредит» банкі үш жас жігітті қашықтан жұмысқа орналастыру үшін әңгімелесуге шақырды. Іс-шараға «Арба» ҚБ-ның төрайымы Гүлмира Батпақұлова мен облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Мирас Сапарғалиев қатысты. Олар OrleTECH әлеуметтік жобасының маңыздылығын атап өтіп, жастарға сәттілік тіледі.

WhatsApp-Image-2023-03-16-at-20.47.32-e1678978636541

 

Айна Имашева

WhatsApp-Image-2023-03-16-at-20.47.33-e1678978610916

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале