Шілденің 21-інде облыстық қазақ драма театрында жастарға арналған «URALSK JOB FAIR - 2017» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді.
Жәрмеңкеде мемлекеттік мекеме-ұйымдар, кәсіпорындар және жеке кәсіпкерлер жұмыс орындарын ұсынбақ. «URALSK JOB FAIR - 2017» шарасында бизнес бастау, жеке қасиеттерді дамыту, халықаралық және мемлекеттік білім беру бағдарламалары жөнінде ақпарат беру бағытында семинар-тренинг өткізіледі. Шілденің 21-іне дейін бос жұмыс орындары туралы мәлімет толыға түсетін болады.
Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметі брифингі алаңында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Аян Сакошев хабарлады. Оның айтуынша, өңірде 145 мың жас болса, соның 30 мыңдайы 4 жоғары оқу орнында білім алуда. Жұмыспен қамту органдарында 787 жас жұмыс ретінде есепке алынған. Оның үстіне, жоғары білім алған 7478 түлек бар. Сондықтан жазғы маусымда бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізудің маңызы жоғары.
Брифингке қатысқан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысының орынбасары Миржан Әбілқас облыс бойынша ресурстық орталықтардың мамандарына жыл басынан бері 1790 жас жолыққанын, соның 224-і қаладан екенін айтты. Яғни 1790 жастың 891-і жұмыссыздық мәселесін алға тартса, 378-і заңгерлік, 106-сы психологиялық, 250-і теологиялық кеңес алған. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның зерттеуі бойынша облыс бойынша білім, спорт, мәдениет, медицина саласындағы мамандықтарға және өндіріс саласында жиһаз құрастырушыларға, жылу қондырғысы операторларына, инженерлерге, техникалық жұмысшылар мен малшыларға сұраныс жоғары. Миржан Әбілқастың айтуы бойынша, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі күзгі маусымда да өтеді.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz