20.09.2022, 10:01
Оқылды: 172

Жастары алғыр ел озады

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Жалпы, адам әлеуетін дамыту – маңызды мәселенің бірі» деп атап көрсетті. Ең бастысы, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында адам капиталын дамытуға қатысты нақты іс-шаралар белгіленген. Мысалы, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады, 2023 жылы 100 мың жас жаңа жұмыспен қамтылады, әрі кәсіпкер жастарға 2,5% және оқуға жылдық 2-3% жеңілдікпен несие беріледі. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қоры таза пайдасының кемінде 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударатын болады. Осы біразырақ мысалдың өзі-ақ мемлекеттік биліктің халыққа әлеуметтік жанашырлығын айқындай түседі.

IMG-20220920-WA0011

Жолдаудың бірінші бағдары – Жаңа экономикалық саясатта Мемлекет басшысы «Біз шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз» – деп бүгінгі таңдағы отандық ғылымға баға берілді. Бұл жалпы еліміздегі сансыз ғылыми-зерттеу институттарына, меншік түріне қарамастан барлық жоғары оқу орындарына айтылған орынды сын деп қабылдаймын. Осы мәселе жөнінде Жаңа Қазақстан идеясы аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның ғылымы мен жоғары білімі: қайта құру нүктелері» атты тамыз конференциясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Университеттердегі ғылым мәселесіне келетін болсақ, қазіргі таңда жоғары оқу орындарының 70%-ы ғылыммен айналыспайды. Олар – оқытушы университеттер. Біздің мақсатымыз – университеттерді зерттеу моделіне көшіру, – деп атап өткен болатын. Жалпы әлемдік тәжірибеде бакалавриат көлемі 55-60%, магистратура 35-40%, ал докторантура 2-3%-ды құрайды. Біздегі қалыптасқан жағдай бакалавриат 93-97%. Сонымен қатар 2025 жылы ғылымды қаржыландыру көлемі елдегі жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін артады деп күтілуде. Яғни университеттік ғылымды дамыту, инновациялық жобадан нақты өндіріске көшу – басты міндеттердің біріне айналмақ. Демек, көзбояушылыққа салынбай, саны көп, сапасы жоқ, басы бар, нәтижесі жоқ жобалардан арылуымыз керек. Жеке тұлғаның қамы емес, жаңа жұмыс орындарын, инновациялық кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік беретін ғылыми жетістіктер қоғамның игілігіне айналуы тиіс.

Халқымыздың рухани көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов «Басқа халықтан кем болмас үшін біз бай, күшті, білімді болуымыз керек. Бай болу үшін кәсіп керек, күшті болу үшін бірлік керек, білімді болу үшін оқу керек», – деп өскелең ұрпаққа өсиет еткен болатын. Қазақстандық қоғамда бүгіндері «Білім-кәсіп-еңбек және бірлік» қағидасы өмірлік қажеттілікке айналды. Жоғары білім саласындағы реформалар болашақта да жалғаса бермек. Бір қуанарлық жайт, ҚР Білім және ғылым министрлігінің екі дербес министрлікке айналуы ғылыми ортаға үлкен серпіліс әкелді.

Біздің ғылым-білім кешені дайындаған мамандардың қызметке орналасу деңгейі өте жоғары. Аутоматтандыру жүйесі мамандығын алып шыққан студенттердің 2020 жылы 100 пайызы, 2021 жылы 87 пайызы жұмысқа орналасқан. Университет мекеме-кәсіпорындармен, әр түрлі бағыттағы өндіріс нысандарымен байланыс жасап, оларға қандай мамандар керек екенін алдын ала зерттеп, талдау жүргізеді. Содан соң сол мәлімет бойынша мамандарды даярлау жұмысы басталады. ҚазИИТУ дипломын алған маманның жұмысқа оңай орналасатынының сыры осында. Мәселен, кейбір кәсіпорындардың басшы-қосшысы өздерінің жаңа құрылғыларын студенттерге, болашақ жас мамандарға таныстырып, жаңалықтарымен бөліседі. Өндіріс ошақтарындағы тәлімгерлер жаңа пәндерді, соны дәріс тақырыптарын ұсынады. Осындай байланыстың нәтижесінде университет ұжымы оқу бағдарламасына тың бағыттарды енгізеді. Өйткені университет түлектері сол өндіріс нысандарына, кәсіп-орындарға қызметке барады. Бұл үдеріс оқу орнына да, жұмыс берушілерге де қолайлы.

Биыл Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде бакалавр мен магистратураны 2987 жас тәмамдап, оның бүгінгі таңда 73 пайызы жұмысқа орналасты. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін көтеріле түсері кәміл. Себебі түлектер өз  мамандықтары бойынша қызмет орындарын таңдауда. Қызметке кіріскендердің басым көпшілі-гі  – ақпараттық жүйе, электрлік энергетика, өмір қауіпсіздігі, құқықтану, экономика және бизнес мамандықтарының иелері. Күні бүгін студенттерімізге жатақхана жеткілікті. Сөйте тұра, келешекті ойлап жаңа үлгідегі жатақхана салу жоспарлануда. Жер учаскесі бөлініп, жобалық-сметалық құжат жасақталды. Жаңа оқу жылы қарсаңында заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған тренажерлық зал, әр түрлі үйірмеден тұратын спорт кешені ашылды. Ғалымдардың тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында Жас ғалымдар кампусы пайдалануға берілді.

жастар

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен бірлесіп, әскери дайындық кафедрасында болашақ офицерлер мен сержанттарды даярлау жұмыстарын бастадық. Түркиядағы Кипр Батыс университетімен байланыс орнаттық. Студенттер мен оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында академиялық ұтқырлық  аясында 120-ға жуық Ресей, Польша және Өзбекстанның  ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары арасында келісімшарт жасадық. Ондағы тәжірибелі ғалымдар ғылым-білім кешеніне келіп, материалдық-техникалық базамен танысты, нақты жұмыс жоспарларын  бекітті. Жоспар ғылыми мамандар (магистр, докторант PhD) даярлау, ғылыми жобаларды жүзеге асыру, конференциялар мен семинарларды ұйымдастыру, «Қос диплом» бағдарламасы және оқытушылардың кәсіби біліктілігін дамыту бағыттары бойынша жасақталды. Білім күні қарсаңында техника ғылымдарының докторы, жерлесіміз Польшадағы Краков технологиялық университетінің профессоры Владимир Митушев университет ғалымдарымен кездесті. Биылғы 20-24 қыркүйек аралығында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Сергей Кибальников оқу жоспарына сай, цифрлық технологияға байланысты СКВ-матрица арқылы 3D технологиясы негізінде білім беру жұмыстарын жүргізеді. Түлегіміз Артур Файкулин Ирландияның Дублин қаласындағы әлемдегі ең ірі электрондық коммерция, көпшілікке арналған есептеу платформалары, кіріс және нарықтық капиталдандыру бағытындағы «Amazon» америкалық компаниясына жұмысқа орналасса, Әділжан Наухан Шотландия астанасы Эдинбург қаласындағы Хериот-Уатт қоғамдық зерттеу университетіне (Heriot-Watt University) магистратураға түсті. Яғни ғылым-білім кешенінде білім алғандар халық-аралық деңгейге шығуда. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Нұрзада Сақтағанов Дубна мемлекеттік университетінде аспирантурада білімін жалғастыруда. Ал студентіміз Әзілхан Сисенов әлемге танымал бағдарламаларды жасаушы «Microsoft Corporation» компаниясының Алматы қаласындағы филиалына қызметке орналасты. Түлектеріміз түгелдей қала жағалаудан аулақ.  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерге барып, тұрақты қызметке орналасып, тұрғын үй мен көтермеақы алып, ел-жұртқа қалтқысыз қызмет істеп жүрген шәкірттеріміз де баршылық.

Сөзімді түйіндей келе айтарым, жастарға мемлекеттік билік пен білім ордалары тарапынан барынша жағдай жасалуда. Осындай жанашырлыққа жастар жағынан жаппай тиянақты білім алуымен және қызметке тұрғанда сапалы жұмысымен, іскерлік қарым-қабілетімен қайтарым болса дейміз.

Әліби Баяхов, 

Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале