Оқу-ағарту министрлігі балалардың бойында жазғы демалыс мәдениетін қалыптастыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың» Guidebook жинағын әзірледі.
Фото: t.me/oqu_agartu
Бұл әдістеме тоғыз бөлімнен тұрады: «Жаз кітаппен бірге», «Сенің қауіпсіз жазың», «Танымдық жаз», «Сенің өмір салтың – салауатты өмір салты», «Жаз – өнердің, шығармашылықтың және сұлулықтың қызықты әлемі», «Жаз – өзін-өзі дамыту уақыты», «Сенің алғашқы жеке күнделігің», «Өз қолыңмен жазғы сыйлық жаса», «Жазғы ойындар». Сондай-ақ мұнда жедел қызметтердің телефон нөмірлері де көрсетілген.
«Балалардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып, 1-4, 5-9, 10-11 сынып оқушылары үшін «Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың» Guidebook жинағының үш нұсқасы әзірленді. Оның әрбір парағында QR-кодтар орналастырылған, ол арқылы оқушы сол берілген тақырыптар бойынша ақпарат ала алады. Бұдан басқа мұнда орталық мемлекеттік органдармен бекітілген балаларға арналған жазғы сауықтыру орталықтарының тізімі берілген», - дейді тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары Стэлла Ибраева.
«Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың» Guidebook-тің электронды нұсқасы оқу-ағарту министрлігінің, сондай-ақ өңірлік білім басқармалары мен білім беру ұйымдарының ресми сайттарында қолжетімді. Жаз мезгілінде жалпы еліміздегі оқушылардың 92%-ын демалыспен және еңбекпен қамту жоспарланып отыр.