Жаз мезгілін әр бала асыға күтеді. Біз «Балалар жазғы демалысын қалай өткізіп жатыр?» деген сұрақпен Орал қаласындағы Оқушылар сарайы жанындағы демалыс орталығына, Қадыр Мырза Әли атындағы №47 мектеп жанындағы «Балдәурен» лагеріне арнайы бардық.

«Қожа стиліндегі демалыс»
Шаһарымыздың шырайын ашып тұрған Оқушылар сарайы таңғы 8:30-дан кешкі 17:30-ға дейін жүздеген балаға шаттық сыйлайды. Бұл орталыққа барғанымызда бала кезіміздегі аңыздардан Күн елі бар деп еститінбіз ғой, міне, сол елге енгендей күй кештік. Бір сәтке өзіміз де бала кейіпке еніп, лагерьдің күнделікті ырғағына араласып кеттік. Оқушылар сарайына кірген сәттен-ақ көңілді күлкі мен жарыса шыққан балалардың дауысы естілді. Әр бұрыш – ертегі сахнасы, ал әр бала соның басты кейіпкеріндей сезілді. Бір топ ұл-қыз жаттығу залында спортпен айналысуда. Қуаныш Әбдіров есімді жаттықтырушы «сейкен цуки» мен «аге уке» деп аталатын сиқырлы әдістерді үйретіп, әр балаға ішкі күшін тануға көмектесіп жүр.

Каратэ үйреніп жүргендердің бірі – №42 «Ақ ниет» гимназиясының 4-сынып оқушысы Аянат Марат (суретте). Ол бұған дейін каратэмен айналыспаған.
Үйірмеге келген сәтінде дауыс шығаратын әдіс-тәсілдер оның жүрегін жаулап алған. Оның жүзіндегі жеңіс жарқылы мен көзіндегі сенімнің сәулесін анық байқадық.

Келесі сәтте біз гүлдер мен жапырақтардың сыбдыры әндеткен гүлзар бөліміне кіргенімізде бөлім жетекшісі Анаргүл Тілеуғалиеваның (суретте) балаларды топырақпен сырласуға үйретіп жүрген сәтіне дөп түсіппіз. Қолға тиген топырақ, ыдыстағы гүлдердің хош иісі – бәрі-бәрі бала жанын табиғатқа жақындатады. Біз барған сәтте олар күнделікті тұрмыстық заттардан тыңайтқыш жасауды үйреніп, гүл отырғызып жатыр екен.

Сөйтіп, гүлзар бағында қолына гүлін ұстап тұрған бүлдіршінді әңгімеге тарттық. №42 «Ақ ниет» гимназиясының 5-сынып оқушысы Айзере Қазиолла (суретте) гүлге бастапқыда қызықпағанын айтады. Алайда гүлдердің хош иісі жанына жайлы әсер беріп, қазір үйде де гүл өсіріп жүр.

Гүлзар бағынан құр қол қайтпадық. Балалар бізге әдемі гүлдерін сыйлап, жүрекжарды тілектерін айтып шығарып салды.
Бұдан кейінгі сапарымыз руханият әлеміне бағытталды деуге болады. Себебі мұнда балалар «Менің атым – Қожа» шығармасы желісінде демалыстарын өткізіп, ойын-сауық құруда. Қожа стиліндегі демалыстың ерекшелігі – оқушылар аталмыш фильмді тамашалап, сондағы әндерді шырқап, кітапты талқылайды.

«Біздегі мақсат – балаларды тек тынықтыру ғана емес, олардың бойындағы талантты ояту», – дейді жазғы демалыс орталығының ұйымдастырушысы Бекзат Кажиева (суретте).
Бассейнге кірген Ермек Жақсат есімді жаттықтырушы балаларға жүзуді емес, толқындар тілін үйретіп жүргендей көрінді. Балалар бассейнге аптасына екі рет келеді екен. Жүзу бойынша топ жетекшісі Жұлдыз Альпенованың айтуынша, лагерьге келген балалар ашылып, өнерлерін көрсететінін айтады. «Кейбір бала білім алған мектебінде тұйық болса, мұндағы сахнада жарқырап, топтағы балалармен емен-жарқын ашылып сөйлеседі. Атааналары «Баламыздың мұндай қабілеті барын білмеппіз» деп таңғалып жатады», – дейді ол.

Эстетикалық бағыттағы гимназияның 8-сынып оқушысы Данара Молдағұлова (суретте) каратэ, би бағытындағы және басқа да спорттық жарыстарға да, шығармашылық сайыстарға да зор қызығушылықпен қатысады. Ол Қожа стиліндегі демалыстың басқаға ұқсамайтынын да атап өтті. Осылай тәтті қимастықпен Қожаның достарымен, олардың жетекшілерімен қоштасып, келесі аялдамамызға жол тарттық.
Этностильдегі лагерь
Қадыр Мырза Әли атындағы №47 орта мектептің жанындағы жазғы лагерьде бізді кіреберістен-ақ күмбірлеген күй мен қос есігі айқара ашық киіз үй қарсылады. Кірген бойда SheberCamp атты қиял өлкесі көзімізге оттай басылды. Қазақ даласын еске салатын бұл жерде қыздар жүн иіріп, құрақ құрап, құрт жасап, аспаздық пен тігін шеберлігін меңгеріп жатыр екен. Шаштарына шашбау тағып, өз қолдарымен ұлттық тағам құрт жасауда. Дастарқандағы бауырсақ, көже, құрт сияқты тағамдардан ауыз тиіп, біз де мәз-мейрам күйде әңгімелестік. Этнолагерьдің жетекшілері Аяжан Қонысбаева мен Дамира Досетова балаларға ғасырлардан жеткен өнердің құпиясын үйретіп жүр.
Ұлттық тыныстан заманауи өмірге қадам басып, сыртқа шықтық. Бағдарламаға сай ұйымдастырылған көбікті думанда балалар ақ көбікке шомылып, шат-шадыман күлкіге кенеліп жүрген сәтке куә болдық. Қалың топтың арасынан жанымызға келген 5-сынып оқушысы Аяулым Нағашыбек өзінің «Табиғат сақшылары» тобында екенін, табиғат пен гүлді ерекше жақсы көретінін айтты.
№47 орта мектептің директоры Нұрлан Саттықов – осы мектептегі этнолагерьдің негізгі қолдаушысы. Ол шеберлік кабинеттерін, киіз үйдің ішкі сәулетін, балалардың қажеттіліктерін жабдықтап берген. Әзірге тек қыздарға арнап ашылған бұл этнолагерьде келесі жылы ұлдарға арналған топ ашу жоспарда бар.
Тынығу да ғанибет!
Облыста әртүрлі бағыттағы 616 лагерь бар. Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, биыл өңіріміздегі 111 мыңнан астам оқушы жазғы лагерьлік демалыспен қамтылмақ. Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 425 млн теңге бөлінген.
Орал қалалық білім беру бөліміне қарасты «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында үш айдың ішінде 1500 оқушының тынығуы жоспарланған. Оның ішінде 400 бала – әлеуметтік әлсіз топқа жататын, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Сонымен қатар қала мектептерінде де лагерьлер ұйымдастырылып, тамақпен қамтылған 50 мектепте – 5970, ал тамақтану ұйымдастырылмаған 53 мектептегі лагерьлерде 52 650 оқушы демалады деп күтілуде. «Мирас» және «Рахат» шатырлы лагерьлерінде 53 мектептен 1700 бала тынығады. Бұл лагерьлерде туристік-өлкетану бағытындағы жұмыстар жүргізіліп, оқушылар болашақ ғылыми жобаларға дайындалады. Жорықтарға шығып, шатыр тігіп, табиғат аясында өмір сүрудің қыр-сырын меңгереді. Ал 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қайсар» патриоттық лагері – Отанды сүюді ұран еткен ер балалардың мекені.

Өңіріміздегі жазғы демалыс ұйымдарының жұмысы – тек балаларды уақытша тынықтыру емес, олардың болашағына жасалған жарқын инвестиция. Түрлі бағыттағы лагерьлер әр балаға жаңа нәрсені үйренуге, дос тауып, ішкі әлемін байытуға мүмкіндік береді.
Ақбота Қапиет,
Орал қаласы