23.07.2024, 14:30
Оқылды: 117

Оралда жазасын өтеушілерге жұмыс керек

Орал қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ғимаратында облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өкілдері өңірдегі кәсіпкерлермен кездесті. Жиында қозғалған негізгі мәселе – облыстағы түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарды ақылы еңбекпен қамтамасыз ету.

IMG_9716

Аталған департамент бастығының орынбасары Сағындық Өтешқалиев кездесудің басты  мақсатына тоқталып өтті.

– Біз мұнда түзеу мекемелері аумағында кәсіп бастау және оны дамыту мүмкіндіктерін сіздермен бірлесе қарастыру үшін жиналып отырмыз. Сонымен қатар аталмыш мекемелерде жазасын өтеп жатқандардың еңбек етуіне жағдай жасау керек және осы мақсатта кәсіпкерлерге, яғни сіздерге бос тұрған нысандарды көрсетпекпіз. Осы ретте қазіргі кезде дайындалып жатқан өнімдерді де назарларыңызға ұсынамыз. Бұл бағытта сіздер де ой-пікірлеріңізді ортаға салсаңыздар, – деді  Сағындық  Серікұлы.

Орал қаласында екі түзету мекемесі бар. 1000-нан астам сотталған адам жазасын өтеуде. Атап айтсақ, Жазира шағынауданында орналасқан №27 түзету мекемесінде наубайхана, өндірістік цехтар жұмыс істеп тұр. Яғни нан өнімдерін, ағаштан және металдан түрлі бұйымдар жасап шығарады. Ал екіншісі – «Ремзавод» ауданындағы №28 түзету мекемесі. Ол жақтағы цехтардан әртүрлі кәдесыйлар жасалып, арнайы киімдер тігілуде. Қазіргі уақытта бұл мекемелердің аумағындағы жеке кәсіп иелері сотталған азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Мәселен, «Нұрдәулет» жеке кәсіпкерлігінде – 45, «Істер» ЖК-де – 4, «Хайыр» ЖК-де – 35, «Әлия Сервис» ЖК-де – 10, «Даутова» ЖК-де – 12 және «Горсет» ЖШС-да – 1 адам еңбек етуде. Департамент өкілдері бүгінде түзету мекемесіндегі сотталғандардың 40%-ы жұмыс істеп жатқанын, алайда бұл көрсеткіштің әлі де аз екенін айтты.

FE174676-A48C-41A0-BEE7-B3BEB3164BDA

Кездесу барысында кәсіпкерлер түрлі бағыттағы сұрақтарына жауап алып, пікірлерін жеткізді. Олардың арасында жазасын өтеп жатқандарды жұмыспен қамтамасыз етуге, жалпы сол мекеме аумағындағы кәсіпкерлікке қатысты ұсыныстарын білдіргендер де болды.

Аманжол Исламғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале