Жайық өңірінің тарихи мұрасын сараланған жиында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Қоғамдық даму департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Қыдыршаев «Жошы ұлысы жазба ескерткіштері – қазақ халқының рухани-мәдени мұрасы» тақырыбында баяндама жасады.

Фото: Мәди Салық
Ғалым өз сөзінде Жошы ұлысы дәуіріндегі жазба мұралардың қазақ халқының рухани дүниесімен сабақтастығына назар аударды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та Ұлы Дала тарихын, оның ішінде Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуірін терең зерделеудің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл ретте ортағасырлық жазба ескерткіштерді зерттеу – тек тіл мен әдебиет тарихын зерделеу емес, сонымен бірге халықтың тарихи жадын жаңғыртудың маңызды тетігі. Жошы ұлысы дәуіріндегі «Махаббат-наме», «Гүлстан», «Қисса Жүсіп», «Неһдж ул-Фарадис» сынды жазба жәдігерлер түркі халықтарының ортақ рухани қазынасының маңызды бөлігін құрайды. Осы тұрғыдан алғанда, Жошы ұлысы дәуіріндегі жазба мұраларды тілдік, әдеби және мәдени тұрғыдан кешенді зерттеу бүгінгі қазақ руханияты үшін де өзекті.

- Мемлекеттігіміздің мәйегі сақ, ғұн, қаңлы, көне түркі замандарынан құнарлы топырақта жетіліп, Жошы ұлысында өркендеді. Қазақ хандығының өз еншісін осы мемлекеттен алғандығы дәлелді деректермен айтылуда. Жошы ұлысы әлемдік тарихта ірі ұлыс-мемлекет, қазақ ауыз әдебиетінде «Ноғайлының ауыр жұрты» деп те аталған. Ол ежелгі Сейхундариядан (Сырдария) бастау алып, Сібір, Еділ бойын түгел жайлап, Қырым, Кавказ, Шығыс Еуропа, Дунайға дейінгі аймақты билеген алып держава болды. Жетіжылдық жорықты жеңіспен аяқтап, Жошы ұлысының іргесін бекіткен Сайын хан атанған Жошының ұлы Батый еді. Оның інісі Берке мемлекетті одан әрі нығайта отырып, мұсылмандық жолды таңдап, сәждеге бас иді. Ал Берке хан тұсында ұлыс тіпті өркендеп, саяси-экономикалық дербестікке ұмтылып, Қарақорымдағы ұлы хан Құбылай ханның билігіне бас имейтіндігін жариялады. Мұсылмандық жол елдің рухани, мәдени дамуына өз ықпалын тигізді. Берке ханның сарайы ғылым-білім, өнер адамдарының ордасына айналғандығы орта ғасыр саяхатшыларының жазбаларынан мәлім. Демек, бүгінгі қыпшақ және оғыз тобына кіретін тілдердің тарихын, сол тілдер арқылы ұлттардың мәдени бет-бейнесін зерделесек, Жошы ұлысы дәуірі жазба мұраларына соқпай кете алмаймыз. Әсіресе, қазақ ұлтының этнотілдік көрінісін байқап, бағамдау үшін тұрақты тіркестердің маңызы бөлек. Жошы ұлысы өз дәуірінде бір орталыққа бағынған, сол замандардағы ірі мемлекеттерден еш кемдігі жоқ құқықтық елге айналды. Жошы ұлысы дәуірінде дүниеге келген жазба жәдігерліктер — қазақ халқының рухани-мәдени мұрасы. Көне қыпшақ-оғыз тілінде жазылған ескерткіштерді қазақ руханиятының қайнар көзі тұрғысында тани отырып, тілдік, әдеби тұрғыдан зерделеу өз жалғасын табуы тиіс. Бүгінде Жошы ұлысының бар қиырында қыпшақ тілінің үні басым болғаны айқын. ХІV ғасырды Хорезмнің солтүстік бөлігі кіретін Алтын ордадағы әдеби тіл қыпшақ тілі болуы бұған анық дәлел. Бүгінгі қыпшақ-оғыз тектес халықтардың әдебиеті үшін Жошы ұлысы дәуіріндегі маңызды шығармалардың бірі – Хорезмидің «Махаббат-наме» поэмасы. Қайта өрлеу дәуірінде еркін, азат идеялардың аясында жазылған жәдігерліктің Абай поэзиясына зор әсері еткені байқалады.
Бұл ретте түркітанушы, қыпшақтанушы ғалым Мұрат Сабыр: «Қазақ халқының рухани-мәдени құндылықтар тамыры сонау көне түркілер заманынан бастау алып, Жошы ұлысы тұсындағы мәдениеттер шарпысында қыпшақ мәдениеті ретінде үстемдік сипатта болды. Ал мәдениет сол кездегі мемлекеттік тіл қыпшақ тіліне арқа сүйеді. Кейінгі заманда Жошы ұлысы ыдыраса да, оның рухани мәдениеті Қазақ хандығын құраған ру-тайпалардың өмір сүру дағдысында қалды. Қазақ этносының бір тұтастануында осы рухани-мәдени құндылықтар негізгі рөл атқарды» деп түйіндеген. Демек, тіл мен ұлт – бірегей құбылыс, – деді Абат Қыдыршаев.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz