31.05.2022, 10:30
Оқылды: 118

Жазда қайда барамыз?

«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз» деп әндететін әдемі күндер де келіп жетті. Жаз мезгілін балалар асыға күтеді. Өйткені тоғыз ай бойы мектеп пен қосымша сабақтардан шаршаған балғындардың аяқ-қолын созып, еркін демалатын уақыты ғой бұл. Қазірдің өзінде балалардың бірі ауылдағы ата-әжесіне аттанса, енді бірі өзге қалаларға қыдырып, демалысты бастап кеткенін әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Осы мақсатта «Өңіріміздің балалары жазда қайда демалады?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің берген мәліметіне қарағанда, өңірімізде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлер жұмыстарына дайындық жүргізілуде.

1825B4A6-1C2C-42A8-BB0C-00CAAA1E8A72 

2022 жылға балалардың жазғы демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспары жасақталған. Бүгінгі күні облыста қала сыртындағы 20 лагерь бар. Жоспар бойынша қала сыртындағы 19 лагерьде 7 мыңға жуық, мектеп жанындағы 283 тамақтануы ұйымдастырылатын лагерьде 29 мыңнан астам, 292 мектеп жанындағы (тамақ ұйымдастырылмайтын) лагерьде (тақырыптық лагерьлер) 55 мыңға жуық, шатырлы лагерьлерде екі мыңнан астам оқушыны қамту жоспарлануда.  Жоғарыдағы 20 лагерьдің бірі  Казталов ауданындағы «Алау» лагері апаттық жағдайда болғандықтан жұмыс істемейді екен.

Жаз мезгілінде 97 мыңға жуық оқушы түрлі бағыттағы жұмыспен қамтылмақ. Мектеп аумақтарын көгалдандыру, ағаш отырғызу жұмыстарымен 23 мыңнан астам,  шығармашылық бағытпен 16 мыңға жуық, спорттық-туристік бағытпен 6 мыңнан астам  және зияткерлік бағытпен 51 мыңға жуық оқушы айналыспақ ниетте.   Жекелеген санаттағы 29 мыңға жуық оқушыға  жазғы демалыс ұйымдастырылмақ. Әлеуметтік әлсіз топтағы отбасылардан  11 мыңнан астам, үздік жетістікке жеткен 18 мыңнан астам, девиантты мінез-құлқы бар 500-ге жуық оқушыға арнайы бағдарламадағы жазғы демалыс ұйымдастыру жоспарланған.  

Биыл жазғы демалысты ұйымдастыруға 45 111,0 мың теңге қарастырылған. Балаларды сауықтыру лагерьлерінің қызметі кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, демалыс кезеңінде балаларды жұмыспен қамту­ды ұйымдастыру үшін тиісті шаралар қабылданады, – дейді мамандар.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале