12.08.2022, 21:24
Оқылды: 194

Жаздың ең үздік оқырманы анықталды

Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туған күніне орай жаздың ең үздік оқырмандарын марапаттау рәсімі өтті.

28e0217b-1d66-4f6e-a5a0-838066fdd4c6.jfif

Аталмыш кеш жазғы демалыста балалар арасында кітап оқу үрдісін қалыптастырып, озық ойлы оқырман болуға шақырып, олардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараның басында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншісі Айбар Қайырханов Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқады. Айта кетейік, кітапхана 1 маусымда «BOOKTIME» акциясын бастап, кітапқұмар оқырмандар арасында бәйге жариялаған болатын. – Қайырлы күн, құрметті қонақтар! Аталмыш бәйгеге кітапхана бойынша 150 оқырман қатысты. Соның ішінде 92 бала кітапханамыздағы 5-9 сыныпқа қызмет көрсету бөлімінің тұрақты оқырмандары. Осы қатысушылардың ішінен 9 балғын іріктеуден өтті. Олардың бәрі түрлі жанрдағы кітаптарды сүйіп оқиды. Кейбір балалар детектив, фантастика жанрын жақсы көрсе, енді бірі жануарлар әлеміне қызығады, – деді кітапхана қызметкері Раушангүл Хасанқызы. Айзада Баянғали аталған сайыста «Супер оқырман – 2022» атауын иеленіп, бас жүлденің арнайы сыйлығы велосипедті жеңіп алса, әр түрлі жастағы 17 бала «Жаздың үздік оқырманы – 2022» атанды. Марапаттау рәсіміне жиналған үздік оқырмандар сәттілік шарының ішіндегі дөңгелек парақтарды таңдап алып, сол арқылы нөмірленген сыйлықтарға ие болды. Олардың жүздеріндегі қуанышты көріп, жүректерінің тап-таза екенін байқауға болады. – Осы жазда 15 кітап оқыдым. Олардың арасында «Жиһанкез», «Әжемнің ертегілері», «Қазанбастың хикаялары» секілді кітаптар ерекше ұнады. Мені 6-7 жасымнан бастап кітап ішіндегі кейіпкерлердің ерліктері қызықтыра бастады. Бір уақыт бимен де айналысамын. Болашақта үлкен сахнада өнер көрсеткім келеді, – деді Айзада шаттанып.

24d7d394-a87f-46e5-aba6-24308bd3fa47.jfif

Сонымен қатар қазынаға толы қадірлі ғимаратқа жиі қатынап тұратын белсенді оқырман, «Алтын орда» балалар мен жасөспірімдер театрының актері Әлижан Тұрғали «Көшбасшы оқырман» медалімен марапатталып, сол сәтте ән салып берді. – Бүгінгі іс-шараға қатысып, жиен-немерелерім Айназ Миржанова мен Эльназ Миржанованың оқуға құштарлықтарын көріп, риза болып отырмын. Осындай сайыстарға үнемі белсенді қатысып тұрады. Айназ домбыра тартып, күйші Дина апамызға еліктесе, Эльназ өлең жазып, дана Абайдың жырларын жастайынан жаттап келеді. Біз осындай талапты ұрпағымызбен жасай береміз деп ойлаймын. Сондықтан да балғындардың санасын жетілдіретін өнегелі кештердің жиі өтіп тұруына мұрындық болуымыз керек, – дейді Хансұлу Әділова.

Аманжол Исламғали, 

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале