26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтетін Париж-2024 XXXIIІ Жазғы Олимпиаданы Қазақстан аумағында көрсету құқығын отандық бес телеарна иеленді.
Қазақстандықтар Олимпиаданы «Qazaqstan», «Qazsport», «Jibek Joly», «Хабар» және «Ел арна» телеарналарынан көре алады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Айтулы спорт додасын бес телеарнадан 26 комментатор жүргізеді. Олардың арасында Есей Жеңісұлы, Сергей Райлян, Лилиана Әлжанова, Ғалым Сүлейменов, Арман Абдрахманов, Жандос Айтбайұлы, Асхат Жақаев, Айдар Махметов, Ербол Қайыров сияқты тәжірибелі мамандар бар.
Париж Олимпиадасына Қазақстан құрамасы 25 спорт түрінен 92 лицензия иеленді. Ел атынан 80 спортшы сынға түседі. Олимпиаданың сайыстар кестесі қосымша жарияланады.
Жазғы Олимпиада кезінде «Қазақстан телерадиокорпорациясы мен «Хабар» агенттігінің арнайы түсірілім топтары жұмыс істейді.