15.04.2025, 14:45
Оқылды: 234

Жазушымен өткен әдеби кеш

Орал қаласындағы Достық үйінде  Kitapal  club  оқырмандар  клубының  ұйымдастыруымен  ерекше  әдеби  кеш  өтті.  Кештің  басты  қонағы  –  танымал  жазушы,  ақын,  «Дайағашшы»,  «Керағыс»,  «Болмыс»,  «Тағдыр  мен  Майдан»,  «Жазушы  жаны»  сынды  шығармалардың  ауторы,  «Абай  жолы»  және  «Ахмет.  Ұлт  ұстазы»  тарихи  телехикаяларының  сценарисі,  Қазақ  ұлттық  өнер  университетінің  оқытушысы Ұларбек Нұрғалымұлы  болды. 

DSC05624Іс-шара барысында қаламгер оқырмандармен ашық сұхбат құрып, шығармашылық жолы, қаламгерлік миссиясы, ұлттық болмыс пен руханияттың мәні жайында өз ойларын ортаға салды. Кеште Ұларбек Нұрғалымұлының шығармаларынан үзінділер оқылып, жастар тарапынан қызықты сұрақтар қойылды. Қонақ шығармашылық шеберлік пен рухани жауапкершілік туралы пікірлерін айтып, қатысушылармен еркін әңгімелесті.

– Ұларбек Нұрғалымұлын Оралға  шақырғандағы  мақсатымыз – оқырмандар клубының наурыз айында оқыған кітабы – «Дайағашшы» кітабын  автордың  өзімен  бірге  отырып,  талқылау.  Жазушы Ақ Жайық  өңіріне келген кезде  қаламыздың  қонақжайлылығын көрсетуді мақсат еттік.  7 сәуір күні  күндіз облыстық өлкетану  музейіне,  Мәншүк апамыздың мұражай үйіне апарып,  тарихи ескерткіштер орналасқан  ескі  шаһар  көшелерімен  серуендеттік. Түскі ас кезінде Kitapal club оқырмандары болып «Nur-Er» ат спорты кешенінде қыран бүркіт,  жүйрік  тұлпары бар ерекше  атмосферада қаламгердің  «Дайағашшы» кітабын талқыладық, – деді Kitapal club мүшесі, «ABYROI school» жеке мектебі 3-филиалының директоры Әлима Дүйісмағанбетова.

Жүздесу аясында әдеби көрме, қолтаңба сәті және музыкалық орындаулар болды.

DSC05620

Іс-шара соңында сөйлеген «Дана» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым-хатшысы, өлкетанушы Жантас Сафуллин мен кәсіпкер Гүлсезім Аминова қаламгерге алғыс айтып, құрмет көрсетті.

М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың PhD докторы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы БҚО филиалының төрағасы Айдарбек Ақболатов та қонаққа ризашылық білдіріп, иығына  шапан  жапты.

Айта кетейік, Kitapal club оқырмандар клубы 2 жылдан бері Орал қаласында кітапқұмар жандарды бір арнаға жинап, рухани шаралар ұйымдастырып келеді. Клубтың белсенді мүшелері, оның ішінде Айдана Сұлтанмахмұт пен Әлима Дүйісмағанбетованың қолдауымен ұйымдастырылған бұл әдеби кеш жастар мен кітапқұмар қауымға ерекше шабыт сыйлады. Клуб мүшелері өздерінің мақсаты – Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыруды жүзеге асыру жолында түрлі жобалар мен іс-шаралар өткізеді. «Ауылға кітап» жобасы аясында жаңа кітаптар ауылдарға жеткізіліп, қайырымдылық шаралары да ұйымдастырылуда.

Жанерке Ғинаят,

«Орал өңірі»

Суретке түсірген Мәди Салық

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале