Жақында бұқаралық ақпарат құралдары оралдық жас фельдшер-лердің толғағы жеткен жас келіншекті «Жедел жәрдем» көлігінде жеңілдендіріп алғаны туралы хабар таратты.
Кейіпкеріміз Еркебұлан Жасұлановтың облыстық медициналық «Жедел жәрдем» стансасында жұмыс істеп жүргеніне үш жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында ол көптеген шақыртуларға барып үлгерген. Оның ішінде жол-көлік оқиғалары, биіктен құлау, өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары деген сияқты... Қандай жағдайда да салқынқандылық пен сабырлылықты серік еткен жас маман әр кез өз міндетін адал әрі үлкен жауапкершілікпен атқаруға тырысады.
- Жиырма төртінші мамыр күні таңғы сағат 06:09-да біздің бригадаға шақырту түсті. Осы шақырту бойынша жолға шықтық. Араға 10 минут салып аталған мекенжайға келіп жеттік. Келген бойда жүкті әйелдің шағымдарын сұрап, қан қысымын өлшеп алып, қалалық көпбейінді ауруханаға қарай жолға шықтық. Жарты жолға келген кезде жүкті әйел өзінің толғағы қатты ұстап тұрғанын айтты. Көп ойланып тұратын уақыт жоқ. Жүргізушіден (Мұрат Садықұлы) көлікті тоқтатуын өтініп, қасымдағы екінші фельдшер Айсұлтан Нұрышевқа керекті құрал-сайманды шығара беруін сұрадым. Мұндай жағдай тәжірибемде бірінші рет болса да, асып-саспастан, біз келіншекті босандыруға кірістік. Бұл жас ананың екінші перзенті екен. Бірер минуттан соң салмағы 3000 грамм, бойы 50 сантиметр сүйкімді қыз бала жарық дүние есігін ашты. Көмекшім екеуміз сәбидің кіндігін кесіп, қажетті көмекті көрсетіп, жағдайды еш ушықтырмай, қалалық көпбейінді ауруханаға жеткіздік. Қазіргі таңда ана мен баланың жағдайы жақсы, – дейді Еркебұлан.
Жас болса да, өз міндетін абыройлы атқарып жүрген Еркебұлан бауырымыз Казталов ауданының Талдыапан ауылында 1999 жылы өмірге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген кейіпкеріміз адамдарға көмек көрсетіп, дәрігер болуды бала кезінен армандаған екен. Ол ана мен бала денсаулығының бәрінен де маңызды екенін айтады. Сол үшін де қолынан келер көмегін көрсетуден аянып қалмасы анық. 2017 жылы өмірден өткен өз анасын да жиі еске алады.
– Жаңағы келіншектің аман-есен босануына біз себепкер болғанымызбен, бәрі де Алланың қолында ғой. Ең бастысы, міндетімізді мінсіз атқарып, ана мен нәрестені дәрігерлердің құзырына уақтылы жеткізгенімізге қуаныштымыз, – дейді фельдшер жігіт.
Тынымсыз жұмыс режімінде ол талай рет қиын сәттердің куәсі болды. Үнемі өмір мен өлім арасында адамдарға араша болып жүретін «Жедел жәрдем» желісінде қызмет жасау оңай емес. 2021 жылы күзде болған оқиға да Еркебұланның есінде ұмытылмастай сақталып қалыпты.
– Күз мезгілі. «Жедел жәрдем» стансасына өзінің суық қаруынан зардап шеккен ер адам хабарласты. Дереу аталған мекенжайға жеттік. Ер адам жолдың жағасындағы, ылдидағы ағаштардың арасында жатыр екен. Әлгі ер адамды бір-екі минут ішінде тауып алып, алғашқы көмек көрсеттік. Ол аяқтан, белден, кеуде тұсынан, яғни бірнеше жерден жарақат алған. Жедел қимылдап, облыстық көпбейінді ауруханаға жеткіздік. Ауруханадағы дәрігерлер алдымыздан күтіп алып, дереу ота жасау бөліміне көтерді. Бұл кезде де сол адамды тез құтқарып қалуға себепші болғанымызға қуанамын, – дейді Еркебұлан.
Р.S: Осы мақаланы жазып бола бергенімде, «Жедел жәрдемнің» дабылы жетті құлағыма. Жұмыс кабинетімнен терезеге көз салғанымда көп көліктің ішінен ызғытып бара жатқан «Жедел жәрдем» көлігін көрдім. Оның ішінде Еркебұлан секілді ақ желеңді абзал жандар әлдекімді жанына батқан аурудан, тіпті ажалдан арашалауға жан ұшырып бара жатқаны кәміл...
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz