1.07.2021, 23:20
Оқылды: 417

Жеке мектептің тиімділігі көп

Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жеке мектептер санын көбейтуге көп көңіл бөлінуде. ҚР Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов те жеке мектептер санын көбейту мемлекет үшін, бұл – бюджетке түсетін жүктемені төмендету, орын тапшылығын азайту, білім беру сапасын жақсарту, педагог мәртебесін арттыру, ал инвестор үшін, бұл – тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақ мерзімді бизнес-жоба екендігін жиі айтып жүр. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жеке меншік мектептерге сұраныс артқан.

20210704_121737

Біздің өңірде саусақпен санарлықтай 4 қана жеке мектеп бар. Хисмет Капанов атындағы Орал халықаралық гимназиясы, философиялық бағыттағы жалпы білім беретін жеке мектеп, ақпараттық технологиялар мектеп-лицей, 125 HIGH SCHOOL деп аталатын білім беру ұйымдарында 446 оқушы білім алды. Олардың біреуі (25%) бастауыш, қалғаны орта буын оқушыларын оқытады.

Жуырда өткен жиындардың бірінде облыс әкімі өңірімізде жеке мектептердің көбеюі біріншіден, сапалы білім беруге мүмкіндік жасап, бәсекелестікті күшейтсе, екіншіден, мектеп құрылысына қаржы салған инвестордың табысын еселейтінін айтқан еді. Дегенмен, өңір кәсіпкерлері білім саласындағы бизнеске ден қоюға асығар емес.

Облыста 379 білім беру ұйымы қызмет етеді. Оқушылар контингенті жылдан-жылға артып келеді. Статистикаға зер салсақ, 2018-2019 оқу жылында – 101 948 оқушы, 2019-2020 оқу жылында – 106 525 оқушы, 2020-2021 оқу жылында 110 315 оқушы білім алған. Облыстық білім басқармасының берген мәліметі бойынша, алдағы оқу жылына болжамды контингент 113 000 оқушыны құрамақ.

8 жылда шығынның орны толады

Елімізде «Білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес, ұйымдастырушылық-экономикалық тетіктері өзгертіліп, мемлекеттік және жекеменшік білім ошақтарына жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілгені белгілі. Осыған орай, 2020-2021 оқу жылында Орал қаласындағы барлық мектеп жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшті. Жан басына шаққандағы қаржыландыру білім беру деңгейіне (бастауыш, орта, жоғары) қарай жүзеге асырылады. Сондай-ақ оның мөлшері білім беру бағдарламасына, оқу орнына және білім ошағының меншік иесіне де байланысты. Бұл жүйе бойынша жеке мектеп салған инвесторға мемлекет әр бала үшін жылына орта есеппен 465 мың теңге төлейді.  Сондықтан мектеп жетіспеушілігін жоюда бұл жүйенің де өз көмегі болмақ.

Облыстық білім басқармасының инвестициялық және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалар бөлімінің басшысы  Самиғолла Сүлейменовтің айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында Орал қаласындағы Зашаған кентінде 1200 орындық, «Жеңіс» шағынауданында 1200 орындық, «Болашақ» шағынауданында 900 орындық мектептер құрылысын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ «Балауса» шағынауданында 900 орындық №52 мектеп құрылысын, Ақсай қаласындағы 10-шағынауданда 1200 орындық, 13-шағынауданда 600 орындық мектептер құрылысын аталған жоба арқылы іске асыру жолдары қарастырылуда. Осы жобаларды салу мақсатында жеке инвесторлардан ниет білдірушілер де бар. Сонымен қоса №31 мектептің бұрынғы орнына жеке мектеп құрылысын салу жоспарлануда.

– Жеке мектептер құрылысы инвестордың қаражаты есебінен жүргізіледі. Мектеп құрылысына қаржы салған инвесторға жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы мемлекет әр оқушы үшін ақша төлейді. Сөйтіп 8 жылда ол инвестициялық шығындарын қайтарып алады. Әрі мектеп өзіне қалады. Бұл жақсы мүмкіндік, – дейді Самиғолла Закарияұлы.

Жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастырумен шектелмейді. Сондай-ақ жаңадан енгізілген жекеменшік мектептердегі әр оқушыға мемлекет қолдау көрсетеді. Мемлекет әр балаға 8 жыл бойы белгіленген қаржыны төлейді және инвесторға оның меншігінде қалатын мектепті салуға жұмсаған шығындарын қайтарады. Жеке инвесторға қойылатын талап ол мектептің мақсатын өзгерте алмайды. Сонымен қатар ата-аналар төлемін, оның ішінде балаға жайлы жағдай ұсынғаны үшін төлем алу құқығы қалады. Демек, мемлекеттік тапсырыс аясында оқушы қабылдайтын жекеменшік мектептер өз қызметіне қосымша ақы ала алады.

«Бізде бәсекелестік жоқ»

Оралдағы «125 High school» жоғарғы мектебінің директоры, физика-математика ғылымдарының аспиранты, математика магистрі, Елжан Есетов қаламызда жеке мектептер саны аз, бәсекелестік мүлдем жоқ екендігін айтады.

20210704_121757

– Қазіргі таңда жеке мектептер сұранысқа ие. Себебі ата-ана мұғалімнің  баласымен жеке жұмыстанып, білімінің терең болғанын қалайды. Қарапайым мектептерде мұғалімнің сыныптағы 25-30 оқушыға жеке көңіл бөлуге уақыты бола бермейді. Бізде бір сыныпта 16 оқушы оқиды. Оқушы мектепке 8:30-да  кіріп, стандарт бойынша сабақтарын оқиды. Түстен кейін ҰБТ, IELTS, SET сынды емтихандарға дайындалады. Ертеден кешке дейін оқушы мектепте болады. Біздің мектеп атаулы университеттермен келісімде болған соң нақты ақпарат алып, шетелдік ЖОО-ға оқуға түсуге жол ашылады, – дейді жеке мектеп директоры Елжан Нұрлыханұлы.

Аталмыш мектепте 21 мұғалім жұмыс жасайды. Олардың біреуі «Болашақ» бағдарламасының түлегі, екі мұғалім доктарант, 13 мұғалім магистр дәрежесін алған, 4 мұғалім «педагог-зерттеуші», 3 мұғалім «педагог-сарапшы». Жеке мектептер мұғалімнің ғылыми атағына, ізденісіне жоғары мән береді. Талапқа сай, олардың жалақысы да қарапайым мектептегі мұғалімдерден жоғары. Биыл ғана өз жұмысын бастаған жеке мектептің алға қойған мақсаты да аз емес.

– «Білімге құштар бала қалай болғанда да бір жерді тесіп шығады» деген ХХ ғасырдың ұстанымы қазір ескірді. Баланың білімін жетілдіру үшін оған қолдан келгенше жағдай жасау керек. Жыл басында дайындалатын оқу бағдарламаларымен шектеліп қалмай, оны толықтырып, жетілдіріп тұру керек. Сондықтан да оқушыға еркін орта қалыптастыруға, оның пікірімен санасуға көп көңіл бөлеміз. Жекенің меншігіндегі мектептер мен мемлекеттік білім ұясы арасындағы алшақтықтық осында жатыр. ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда жекеменшік мектеп көп болуға тиіс деген саясат ұстанып отыр. Ендігі жерде баға мен сапаға қатысты мәселенің түйінін тек бәсеке шешеді, – дейді Елжан Есетов.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған жеке мектепте бала тегін білім алады. Бірақ қосымша үйірме, тамаққа ақша төлейді. Контингенттің жыл сайын көбеюі – жеке мектепке деген сұранысты арттыруда. Жыл сайын өңірімізде бала саны артып келеді. Қаламызда әр жылда мемлекет қаржысына мектептер салынып, пайдалануға берілгенімен, әлі де аздық етуде.

– Қазіргі таңда  облыста 5 үш ауысымды, 7 апатты жағдайдағы мектеп бар. Орал қаласында үш ауысымды мектептер оқушылар мен ата-аналарға, мұғалімдерге қолайсыздық тудыруда. Әсіресе, қаланың Зашаған кенті, солтүстік-шығыс және 9-шағынаудандар аумағында мектеп аздығы сезілуде. Сондықтан кәсіпкерлерді еліміздің білім саласын дамытуға үлес қоса жүріп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өз бизнесін өркендетуге шақырамыз, – дейді Зәуре Базарғалиқызы.

Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале