«Жеке менеджер» пилоттық жобасы шілде айында іске қосылды. Бұл азаматтарға Халыққа қызмет көрсету орталықтарында басым кезек бойынша қызмет алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда сервисті 500-ге жуық қызмет алушы пайдаланды. Бұл туралы ХҚКО-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Сурет: ХҚКО
Басым кезек бойынша қызметтерді алу үшін клиенттер ресепшнде маман-кеңесшіге жүгініп, «Жеке менеджер» қызметін сұрауы керек. Маман кезексіз өтуге мүмкіндік беретін басымдығы бар талон береді. Осыдан кейін дербес менеджер қызметтер көрсетуге шарт жасасуды және екінші деңгейдегі банктің қосымшасы арқылы ұсынылған сервис үшін ақы төлеуді ұсынады.
«Әдетте қызмет алушылар ХҚКО-ға түскі үзіліс кезінде келіп, қызметтерді алу үшін уақыт жетпей жатады. Көрсетілетін қызметтерді алу үрдісін оңтайландыру үшін Орал қаласындағы ХҚКО-да пилоттық жоба іске қосылды. Оның арқасында азаматтар аз уақыт жұмсап, қызметтерді ыңғайлы ала алады» , - деп атап өтті Мемлекеттік корпорацияның БҚО бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Руслан Мұхамбеталиев.
Сондай-ақ, мамандандырылған бөлімде «Жеке менеджер» қызметі тек көлік құралдарына қатысты қызмет түрлерін алуда қолжетімді. Ал жүргізуші куәлігіне қатысты қызметтерді алуда «Жеке менеджер» қызметі қолданылмайды.