– «Мобильді ХҚКО» қосымшасында бейнебайланыс арқылы қызметтердің 79 түрін алуға болады, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының PR-менеджері Анель Аманкелдиева.
Қазақстандықтарға мемлекеттік қызметті алу үшін ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ. Азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерін үйге шақыруға мүмкіндік беретін жаңа сервисті пайдалана алады. Белгіленген уақытта маман көрсетілген мекенжай бойынша келіп, мемлекеттік қызметті көрсете алады.
ХҚКО-дан тыс жерде менеджерлер төлқұжат, жеке куәлік, жүргізуші куәлігін алу және көлік құралдарын тіркеу жөніндегі қызметтерді қоспағанда мемлекеттік қызмет түрінің кез келгенін көрсете алатынын ескеру қажет.
Сервисті пайдалану үшін Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтында «Жеке менеджерді үйге шақыру» батырмасын басып, қажетті мәліметтерді толтыру қажет. Сондай-ақ өтінімдерді 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы да беруге болады екен.
Еске сала кетейік, мемлекеттік корпорация ХҚКО-дан дайын құжаттарды жеткізу жобасын да іске асырған болатын. Қазіргі уақытта 144 мемлекеттік қызмет бойынша құжаттар жеткізіледі. Олардың ішінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу, жер учаскелеріне актілер, апостиль қойылған құжаттар, мұрағаттық анықтамалар беру қызметтері бар.
– Халыққа қызмет көрсету бөлімдері мен мамандандырылған бөлімде «Жеке менеджер» жаңа пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл қызмет түрін алу үшін ресепшндегі консультант маманға жолығып «Жеке менеджер» қызметін сұрайсыз. Маман сізге кезексіз өтуге мүмкіндік беретін басымдығы бар талон береді. Әрі қарай «Жеке менеджер» қызметін алу үшін келісім жасап, «Kaspi» екінші деңгейлі банк қосымшасы арқылы төлем жасайсыз. «Жеке менеджер» қызметі уақытты үнемдеуге, құжаттарды дайындау кезінде бос әуреленбеуге, жеке қызмет алуға мүмкіндік береді. Айта кетсек, мамандандырылған бөлімде «Жеке менеджер» қызметі тек көлік құралдарына қатысты қызмет түрлерін алуда қолжетімді. Ал жүргізуші куәлігіне қатысты қызметтерді алуда «Жеке менеджер» қызметі қолданылмайды, – дейді Анель Асхатқызы.
Сонымен қатар көлік құралдарын тіркеу және жүргізушілерді даярлау қағидалары өзгерген.
2024 жылғы 23 сәуірден бастап еліміздің мамандандырылған ХҚКО-ларында көлік құралдарын тіркеу барысында міндетті нотариаттық куәландырылған көлікті сатып алу-сату шарттарын қабылдау іске қосылған. Бұл ретте мәміленің жазбаша нысаны жойылады.
Бұл өзгерістер мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Айта кетейік, егер азаматтар қайта тіркеу үшін көлікті сатып алу-сату мәмілелерін нотариалды куәландырғысы келмеген жағдайда, олар екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы көлік құралын онлайн қайта рәсімдей алады екен.
– 23 сәуірден бастап жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер емтиханды тек аутомектепті бітіргеннен кейін ғана тапсыра алады. А және В, сондай-ақ А1 және В1 санатындағы куәліктерге үміткер жүргізушілердің өзін-өзі даярлау арқылы емтихан тапсыруына мүмкіндік беретін тармақтар емтихандарды қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларынан алынып тасталды.
Енгізілген жаңашылдықтар көлік құралдарын тіркеу және есепке алу, сондай-ақ жүргізушілерді даярлау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енуінің арқасында мүмкін болды. Бұл әкімшілік процестердің тиімділігін арттыруға және жол қозғалысы қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін қажет, – дейді маман.
Маманның сөзінше, енді жүргізуші куәлігін алғаш рет алатын азаматтар booking.gov4c.kz сайты арқылы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөліміне емтихан тапсыруға өтініш беріп, алдын ала кезекке тіркеуіне болады екен.
Сонымен қатар booking.gov4c.kz сайты арқылы тәжірибелік сынақ емтиханын тапсыру үшін брондай алады. Және екінші деңгейлі банк қосымшаларында «Цифрлық құжаттар» бөлімінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен анықтамаларды және екінші деңгейлі «Халық банкі» қосымшасындағы QR-код арқылы талон алуға болады.
Сондай-ақ 22 қазаннан бастап кезекші мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс кестесі өзгерді.
– Енді кезекші мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары дүйсенбіден жұмаға дейін 09:00-ден 20:00-ге дейін, ал сенбі күндері 09:00-ден 13:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Бұл ретте кезекші болып есептелмейтін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары әдеттегі жұмыс кестесімен, яғни 09:00-ден 18:00-ге дейін қызмет көрсететін болады. Аталған өзгерістер азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсетуді қолжетімді етуге бағытталған. Айта кетейік, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы көлік құралдарын тіркеу және есепке алу қызметін 18:00-ге дейін көрсетсе, дайын құжаттарды беру бойынша жұмыс 20:00-ге дейін жүзеге асырылады, – дейді Анель Аманкелдиева.
Материалды дайындаған Жанерке Мерекеқызы
zhaikpress.kz