Жеке тұлғаларды банкрот деп тану процесі қанша уақытқа созылады? Бұл сауалға ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Егер сот тәртібімен болса, онда 6 айға дейінгі мерзім белгіленген. Өйткені бұл оның мүлкін, сонымен қатар қарызсомасының 5 млн теңгеден, яғни 1600 АЕК-тен асатындығын айқындаумен байланысты. Сол себепті жарты жыл белгіленіп отыр», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай. Оның атап өтуінше, ерекше жағдайларда, қандай да сұрау салу немесе борышкердің бір жерде мүлкі анықталса не жаңа кредиторлар пайда болса, онда бұл мерзім ұзарып та кетуі ықтимал.
«Біз барынша ұзақ мерзім белгілейміз. Егер, сот шешімді ертерек қабылдаса, онда банкрот деп тану тезірек болады. Мүлік жоқ тұлғалар үшін бұл процестің тезірек орын алатындығы сөзсіз. Сондықтан өкілетті органдардан мүлкінің жоқ екендігін дәлелдеу талап етіледі», - деді Марат Сұлтанғазиев.