Жекешелендіру жүйелі және ашық жүргізіліп жатқан жоқ. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Экономикалық өсім мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтумен тығыз байланысты. Бірақ жекешелендіру жүйелі және ашық жүргізіліп жатқан жоқ. Атап айтқанда, бәсекелестік ортаға берілуі тиіс активтерді іріктеу тәсілдері айқындалмаған. Оны шұғыл әзірлеу қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Президент Үкіметке Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, тиісті мемлекеттік комиссияның жекешелендіруге қатысты шешімдерінің толық, ашық әрі айқын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Экономиканы әртараптандыру - күрделі міндет. Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты - өңдеу өнеркәсібін дамыту», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент «Самұрық-Қазына» қоры мен ондағы шетелдік мамандарды сынады.