Орал қаласында қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр стансасы салынады.

Баламалы көздерден электр қуатын өндіретін стансаның құрылысын «Green Energy Industrial Company Aktobe» ЖШС жүргізеді. Бұл компания биылғы 28 мамырда «Қазақстанның электр энергиясы мен қуат нарығының операторы» АҚ өткізген аукциондық сауда-саттықтың нәтижесінде жеңімпаз деп танылды. Осылайша Оралдағы «Уральская» қосалқы стансасына жақын жерден жалпы ауданы 139 гектар аумақта жел электр стансасын салатын болды.
– Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен – 21 миллиард теңге. Ол жылына 175 млн КВт электр қуатын өндіреді. Стансаның құрылысын биылғы тамызда бастап, 2028 жылдың тамызында аяқтау жоспарланған. Яғни 36 айға созылады. Оның ішінде жел бағытын және жер жылдамдығын өлшеуге бір жыл, жобасын жасауға жарты жыл, құрылысын жүргізуге және электр желісін іске қосуға бір жыл қажет. Жалпы құрылыс кезінде 60-қа жуық адам жұмысқа орналасады, – деді «Green Energy Industrial Company Aktobe» ЖШС-ның құрылтайшысы Шәрбат Мақсат.

Маусымның 10-ы күні аталған компанияның бас директоры Гао Венке бастаған делегация мүшелері облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен кездесті. Инвестор өңір басшысына жобаны таныстырды. Қос тарап станса салынатын жер телімін көріп қайтты.
Аукциондық сауда-саттық кестесін қалыптастыру кезінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Орал қаласы әкімінің аппаратымен бірлесіп жел қондырғыларын орналастыратын жер учаскесін белгіледі. Аталған басқарманың берген мәліметінше, бұл станса облыс орталығындағы Бортау («Меловые горки») ауданы маңында салынады. Бұл қаланың осы бөлігінің инвестициялық жобаларды дамытудағы әлеуетіне, шағынаудандарды, білім беру, медициналық нысандарды және басқаларды салуға байланысты таңдалған. Болашақта осы жоба іске асқаннан кейін өңірдің белгіленген қуатын 450 МВт-қа дейін ұлғайту жоспарлануда.

Ал қазіргі белгіленген қуат – 400 МВт. Бұл генерация резервін құруға, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру үлесін арттыруға жағдай жасайды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы өңірде жел электр стансасының құрылысын жеделдету үшін инвесторға жан-жақты қолдау көрсетеді.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»