7.12.2023, 9:30
Оқылды: 2365

Желтоқсан оқиғасын көзбен көргендер

Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,

Лаула, лаула, желтоқсанның мұзға жаққан алауы!

Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің

Ешқашанда еңкеюге тиіс емес жалауы!

М. Шаханов

Неге екені белгісіз, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын әдебиеттен оқыған соң ба, қазақ елінің өткен тарихы деп түсінгендіктен бе, әйтеуір, Желтоқсан оқиғасына қатысқан жандар дәл қазір біздің қасымызда жүр деп ойламаппын. Сөйтсем, өз ауылымда болмаса да Бостандық, Казталов ауылдарында бар деп естігенде, жолдасыма қолқа салып, жүздесуге бардым. Жолым болды. «Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар» дегендей, Жұмабек Мұқанов пен Зәуреш Айтасова аға-әпкемді Бостандық ауылындағы білім ошағынан бірден таптым. Өзімді таныстырып, амандасқаннан соң сауалымды қойдым. Сөзді Жұмабек аға бастады.

Jeltoqsan

Желтоқсан оқиғаларына арналған Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік монументі

Фото: wikipedia.org

– Ол кезде студент болдық. Әскерден келген соң қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық  университетіндегі оқуымды (физика-математика) жалғастырған едім. Екінші курстамын. Желтоқсан оқиғасына Алматыдағы 10 қазақтың 9-ы барды ғой. Сіз сол жерде болсаңыз, сіз де баратын едіңіз. (Үнсіз басымды изеп, еңсемді көтеріп қойдым). Коммунистік партияның беделі зор болды. Саясат қой.  Желтоқсан оқиғасы жайлы айтылмайтын. Казталов ауданының құрылғанына 80 жыл толуына орай шыққан кітапта сол жөнінде ақпараттар жазылды.

17 желтоқсан күні болатын. Көбіне студенттер шықты. Студенттерді жатақханаға кілттеп, керек заттарды мұғалімдер әкеліп беріп жүрді. Дүкен жақын жерде болса да, шығармады. Деканнан бастап мұғалімдер шықпауымызды қадағалады. Кейін тексеріс күшейді. Бүгін оқып жүрген студенттер ертең ізім-ғайым жоқ  болып кететін. Екі жылдан кейін біз 3-4-курста жүргенде оқуға қайта  келгендер болды. Кейбір қыз-жігіттер сол жоғалған күйі келмеді. Бізбен араласып жүрген Есбол деген жігіт болатын. Өте керемет, білімді азамат еді, ортамыздан жұлып алып кеткен күйі оралмады. (Үнсіздік. Ол кісіге не болғанын бәріміз де сезіп отырған шығармыз).

– Ағай, Желтоқсан құрбандары деп танып жүрген кейіпкерлерді өз көздеріңізбен көрдіңіздер ме?

– Көрдік. Ең алғаш болып сөйлеген Қайрат Рысқұлбеков болатын. 1986 жылғы 16 желтоқсан жұмыс, сабақ күні (сейсенбі) еді. Әдеттегідей сабаққа бардық. Сабақтан шыққан соң  жеке шаруаммен негізгі ғимаратқа бардым. Негізгі ғимарат Панфилов саябағы маңында, біз оқитын ғимарат Комсомольский мен Сейфуллин көшесінің қиылысында  болды. Ғимаратта айқай-шу болып жатты. Шығармай тастады. Артқы есіктен әрең шығып, өз корпусыма келсем, 1-ші сабақтан шығып жатыр екен. Жолшыбай айқай-шу, көшедегі қарақұрым студенттер. Бұрын теледидардан көруші едік, өз көзіңмен көргенде адамға үрей туғызады екен. Жастар алдымен біздің корпустың алдына жинала бастаған. Сағат күндізгі 10:00 шамасы болатын. «Д. Қонаевты  алып тастап, орнына Колбин деген орысты қояйын деп жатыр, соған жастар көтеріліп жатыр, бейбіт мақсатта шеру болады» деп естідік. 30-40 жастағы аға буындарға ілесіп бардық. Негізі солай ұйымдастырған болып тұр ғой. Оған ешкім дайын болмады. Бізге түсіндіргендері «Ештеңені бұзбаймыз, қиратпаймыз,  бүлдірмейміз» – деді. Дегенмен әскерлер болатынын, тәртіпсіздік орнайтынын білдік. Сонда көргенім студенттер жан-жақтан жиналып жатты. Түс ауа тіптен көбейді. Нәр татпастан кешке дейін жүрдік. Негізгі трибунаға қарай жібермеді. Арнайы жасақтар шақырылған. Әскерлер, сержанттар, офицерлер тұрды. Өрт сөндіретін машиналар келді. Халықтың және біздің үстімізге су шашты. Біздер тоңдық. Шашылған су мұзға айналды. Әскерлер көбейді, үсті-үстіне келе берді. Жатақханаға қайттық. Сол кезде ұстап алып кетіп жатқандарды көрдік. Адамды сүйреген соң тіреседі ғой, оған да қарамады, дубинка қолданды, шет жақтарда машиналар өртенді. Оны өртеп жатқан кім екені белгісіз. Су-су, түтін-түтін болып біз қайттық. Таңда деканнан бастап мұғалімдер бәрі жүрді, іштен шығармады, сырттан ешкімді кіргізбеді. 2-3 күн қатты қадағалау болды. Сосын басылды.

Зәуреш апай шыдай алмай, сөзге араласты.

– Біз де 17-сі күні шықтық. Қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқитын едім. Ол күні ауа райы қатты суық болатын. Институтта 500-дей қыз болды. Бейбіт шеруге шықтық. Бізді дайындады. Трибунаға Қайрат Рысқұлбеков, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменовтер шығып, «Қазақ елін қазақ басқарсын!» деген ұранмен сөз сөйледі, – деді.

– Желтоқсан оқиғасын еске алатын сәттеріңіз бола ма?

– Сан ғасырдан бері, Кеңес дәуірінде қазақтардың  тәуелсіздікке қол жеткізген сәті ғой. Бұрын қазақтың үйі болған жоқ. Қазақ өз жерінде тұрып, өзге ұлт өкілдерінің сарайын, моншаларын жалдап, паналады. Тәуелсіздік алғаннан кейін шығар, қай қалада болмасын,  орталықтан үй алып отырғандары. Барлық мекемеде басшылық қызметте не орыс, не өзге ұлт өкілдері отыратын, қазақты көрмейтінбіз. Өз елімізде, өз жерімізде жүріп, «Здравствуйте!» деп кіріп, «До свидания» деп шығып кететінбіз. Қазір еліміз аман, жұртымыз тыныш. Тәуелсіз елімізде мамыражай күй кешіп жатырмыз, – деп сөзін аяқтады Жұмабек ағай.

Казталов ауылына жолай соға кеттім. Іздеп келгенім Желтоқсан оқиғасына қатысқан Айшева Нұрзия апай болатын. Қазіргі кезде ауылдағы «Жаппас» дүкенінде сатушы болып жұмыс істейді екен. Күлімдеп қарсы алды. Амандасып, сауалымды қойған кезде ол сәл жымиып, оқиғаны көз алдына елестеткендей болып үнсіз отырды. Сәлден кейін ғана «Ол кезде мен «Полиграф» комбинатында жұмыс істедім. Көтерілістен кейін комбинатқа келіп, көтеріліске қатысқандарды іздестіргендерге бастығымыз (ұлты кәріс болатын) «шыққан жоқ» деп аман алып қалды. Біз шыққан болатынбыз. Өте қорқынышты, жылаған, айқайлаған, бір-бірін іздеген, соққыға жығылғандардың ыңырсыған дыбыстары естіліп тұрды. Біз ересектеу келген ер адам «Тездетіп бұл жерден қашыңдар!» деп айқайлаған соң, топтан қашып шықтық. «Уақыт емші» деген рас екен, қорқынышымыз сейілген соң шығып, қыдыра бастадық», – деп сөзін қысқа ғана аяқтады.

Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегені баршамызға аян.

Желтоқсан құрбандары қазақтың жадынан өшпек емес!

Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

Динара Нағымова,

Казталов  ауданы,

Нұрсай ауылы,

Тереңкөл мектеп-бөбекжай кешенінің

 қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале