Кеше облыс әкімдігінде аймақтық комиссия отырысы өтті. Жиында комиссия мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов төрағалық еткен комиссия отырысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Амантай Рашкалиев, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Гүлзада Рахметова, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Превенция басқармасы басшысының орынбасары Алия Денизбаева баяндама оқып, іс-шара қатысушыларын жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа бағытымен таныстырды.
– Жалпы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда түрлі шаралар қолданылуда. «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қарсы іс – қимыл» №4 үлгілік базалық бағыттың іске асырылуы – өзекті және маңызды мәселенің бірі. Жоба шеңберінде бірлескен жұмысымыздың нәтижесі арқылы облыс бойынша сыбайлас жемқорлықпен күрес деңгейі бағаланатын болады. Бұл жұмысты қарқынды түрде жүргізу қажет, – деді Арман Кәрімұлы.
Аталған жобалық басқарудың № 4 үлгілік базалық бағыты төрт аспектіні қарастырады: бірінші – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау; екінші – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою; үшінші – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру; төртінші – квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.
Іс-шара соңында Сарайшық көшесі, 47 мекенжайында ашылған «Absolute integrity» алаңының атқаратын қызметтері жайлы біраз ақпарат айтылды.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz