Биыл наурыз айынан бастап жаңадан кәсіп бастағысы келетін немесе бар кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға 2,5 пайызбен несие беріле бастады. Бұл бағдарламаға 21-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Жеңілдетілген пайыздық несиені қалай алуға болады? Бизнес жобалар қалай іріктеледі? Өтінім беру үшін қандай құжаттар керек? Осы сауалдар төңірегінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Исатай Мыңбаевпен аз-кем тілдескен едік. Сұрақтар мен нақты жауаптарды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Шағын несиенің шарттары қандай?
Аталмыш несие бағдарламасына жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 5 жыл толмаған, жасы 35-ке жетпеген жандар қатыса алады. Өйткені қатысушылардың жасы «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтініммен жүгінген кезде ескеріледі.
Шағын несиенің мөлшері 5 млн теңгеге дейін. Несиені өтеудің ең ұзақ мерзімі – 5 жылдан (кез келген мақсатқа) 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Шағын несие алушыларға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең (каникул) беріледі, ол несие мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.
Кепілге міндетті түрде жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Егер кепілге қоятын мүлкіңіз болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.
Қандай құжаттар қажет?
Құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалына тапсыру керек.
Құжаттар тізімі:
Құжаттар сенім білдірілген (агент) ұйым қызметкерінің көзінше толтырылады. Құжаттардың көшірмесі түпнұсқамен салыстырылады. Шағын несиелер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі, оның отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады.
Несиені қандай мақсатта алуға болады?
Жеңілдетілген пайыздық несие жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу мақсатында беріледі. Сала бойынша шектеу қойылмаған, яғни басым бағыттар бекітілмеген. Конкурстық комиссияның шешімімен үздік деп танылған жас кәсіпкерлердің бизнес-жобаларына ғана несие беріледі.
Кұжаттарды қайда тапсырады және оның қаралу тәртібі қандай?
Шағын несие алуға ниетті азаматтар «Аграрлық несие корпорациясы»
АҚ-ның жергілікті филиалдарының біріне жүгінуі керек. Үміткер оған қажет құжаттарды ұсынады.
Аграрлық несие корпорациясы құжаттарды өтініш тіркелген күннен бастап
жұмыс күні ішінде тексереді. Құжаттар мен ондағы мәліметтер шағын несие шарттарына сәйкес келмесе, себебін көрсете отырып, құжаттарды иесіне қайтарады.
Өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде құжаттар мен бизнес жобаға бағалау жүргізіледі.
Бизнес жобаны бағалаудан кейін 3 жұмыс күні ішінде нәтижесін конкурс комиссиясына ұсыну үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы құрылымға жібереді.
Бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы айына ең кемі бір рет өткізіледі.
Үздік бизнес жоба иелері халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы құрылыммен және Аграрлық несие корпорациясымен шағын несие беру туралы шартқа және кепіл шартына қол қояды.
Кепіл шартын уәкілетті құрылым тіркегеннен кейін Аграрлық несие корпорациясы 5 жұмыс күні ішінде үміткердің шотына қаржы аударады.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдарының мекенжайлары мына сайтта https://www.agrocredit.kz/ru/main/contacts/affiliates көрсетілген.
Бизнес жобалар қалай бағаланады?
Бизнес жобаларды іріктеу талаптары:
- өзектілік
- жобаның жүзеге асатындығын дәлелдеуі
- экономикалық негіздемелік
- қоғамдық маңыздылық
- бұрын атқарылған жұмыстардың, іс-қимыл жоспарының болуы
- бизнес-жобаның өміршеңдігі
Несиеге каникул беріле ме?
Бекітілген қағидаларға сәйкес, негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік көрсетілетін кезең шағын несие беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Несие 5 жылға, яғни 60 айға берілсе, жеңілдікті кезең 20 айды құрайды. Каникул алу үшін несие алған адам «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жергілікті филиалы басшысының атына өтініш жазуы керек. 2,5% мөлшерлеме жеңілдікті кезеңге есептеледі, бірақ оны өтеу мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін.
Кепілдік қою міндетті ме?
Кепілдік қою – басты талаптардың бірі. Үміткерлерде кепіл болмаса, үшінші тарап кепілгер бола алады. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа меншіктегі жер немесе арнаулы техника қабылданады.
Үміткер үйленген не тұрмыста болса, жұбайының нотариалды рұқсаты керек. Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда және тапсырма шартының №2 кестесінде көрсетілген елді мекендерде орналасқан жылжымайтын мүліктің бағалау қаржысынан 80%-нан артық емес сомасына несие беріледі.
Кредиттің қайда жұмсалғаны тексеріле ме?
Шағын несие алушы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы құрылыммен және Аграрлық несие корпорациясымен несие туралы шартқа, кепіл шартына қол қояды. Бұл келісімшарттарда тараптардың жауапкершілігі, құқықтары мен міндеттері айқындалады. Аталмыш шартта қарыз беруші Аграрлық несие корпорациясының қызметкеріне кез келген уақытта қарыздың мақсатты және уақтылы пайдаланғанын дәлелдеп, кепіл мүлкіне тексеру жүргізуіне кедергі жасамау қажет. Сондай-ақ алынған қарызды, кепіл мүлкін пайдалануға қатысты барлық қажетті құжатты ұсынуға қатысты тармақ та бар.
Несие қайтарылмаса немесе ақшаны мақсатсыз жұмсаса, қандай шара қолданылады?
Жасалған келісімшарттарға сәйкес 2,5 пайызбен несие алушы өзіне жүктелген міндеттерін орындамаса, ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, яғни кепілге қойылған мүлікпен жауап береді.
Қарыз алушы қарызды өтеу бойынша міндеттемелерді орындамаған немесе шартқа сәйкес орындамаған жағдайда, агент ұсынған сенімхат негізінде сот тәртібімен қарыз алушыдан және/немесе кепілгерден берешекті өндіріп алады.
Ауыл жастарына басымдық беріле ме?
Жоқ, бағдарламада ауыл жастарына басымдық беру көзделмеген. Шағын несие комиссия іріктеуінен өткен үздік бизнес жобаларға ғана беріледі. Ауылды дамыту үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан берілетін басқа несие бағдарламалары бар.
Облыста қанша өтініш мақұлданды?
24 сәуірге дейін 2,5% мөлшерлемемен несие алуға өңірімізде 59 адам ниет білдіріп, құжаттарын «Аграрлық несие корпорация» АҚ-ға тапсырды. Комиссия отырысында 27 үміткердің өтінімдері қаралып, 23 үміткердің (Ақжайық – 4, Сырым – 3, Жәнібек – 1, Бөкей ордасы – 2, Бөрлі – 1, Казталов – 3, Қаратөбе – 1, Бәйтерек – 2, Шыңғырлау – 1 және Орал қаласы – 5) өтінімі мақұлданды. Олардың 16-сы мал шаруашылығын дамытуға, алтауы қызмет көрсету саласына және біреуі сауда-саттық бағытына қатысты жоба-жоспарлар.
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»