4.07.2023, 9:30
Оқылды: 40

Жеңімпаздарды қабылдады

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов «Haileybury International First  Championship – 2023» атты халықаралық роботтық техника чемпионатының  жеңімпаздарын қабылдады. Аталмыш чемпионатты Алматы қаласының білім  басқармасы, Дарын орталығы, Haileybury қазақ-британ мектебі ұйымдастырған  болатын. Чемпионатта әр мемлекеттің  және  еліміздің үздік  командалары бақ  сынасқан. Байқауға Оқушылар  сарайынан  екі  бірдей «HighTech», «Jaiq»  командалары  қатысып,  нәтижесінде  бес  категория  бойынша  теңдессіз (абсолютті)  чемпион  атағын  иеленді.   

IMG_0316

Кеше фантастика болған робот, роботтық техника осы жаһандану дәуірінде «ақылды» құрылғылар ретінде өмірімізге дендеп ене бастады. Бүгінде түрлі салада адамдар осы роботтардың көмегіне жүгінеді.

– Қазіргі заман – роботтық техниканың заманы. Ең бастысы, бұл қазіргі кезде трендтегі салалардың бірі.  Күнделікті өмірде барлық салада қолданылатын роботтық техниканың көмегімен келешекте жарқын өмір сүруге үлкен мүмкіндіктер туып отыр. Нәтижесінде балалардың кішкентай кезінен бастап креативтілігі, логикасы  мен жан-жақты ойлау қабілеті дамиды.  Өткен айда ғана оқушылар сарайында  «Сәби» қоры  28 000 000 теңгеге жаңа үлгідегі «Роботтық техника» кабинетін тарту еткен еді. Міне, нәтижесінде оқушыларымыз үлкен сайыстан жеңімпаз болып оралды, – деп  қуанышын жасырмаған облыс әкімінің орынбасары оқушыларға  сәттілік  тіледі.

Топ бастап барған жетекші Нұрбол Мұсаұлының айтуынша, чемпионатқа бес мемлекеттен елу топ қатысқан.

– Бұдан бұрын біз  Астана қаласында өткен байқауда орталық Азия  чемпионы атанып, кешегі Алматыда  өткен халықаралық  байқауға жолдама алған болатынбыз.  Қа-зіргі таңда  халықаралық байқауда да ірі командаларды артқа қалдырып, абсолютті чемпион атандық. «Орал қаласының оқушылары абсолютті чемпион деген хабарды естігенде өзіміздің үлкен екенімізді ұмытып, балаша қуандық. Еңбектің ақталғаны  – үлкен жетістік, – дейді Нұрбол Мұсаұлы.

IMG_0217

Еркін сипатта өткен кездесуде оқушылар жарыста алған әсерлерімен және алдағы жоспарларымен бөлісті. Тамыз айында Қытай елінде өтетін халықаралық байқауға шақырту алған команда үлкен додада бақ сынауға пейілді. Сондай-ақ ізденімпаз оқушылар жаңадан шыққан құрылғының қажет  екенін де жасырмады. Жас жеткіншектердің ұсынысын мақұлдаған облыс басшылығы халықаралық байқауға дайындауды облыстық білім басқармасына тапсырып, жаңа құрылғыны алып беруді қарастыратындықтарын айтып, өрендерді әр кез қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.

Емен-жарқын пікірлесудің соңын ала облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы чемпионат жеңімпаздарына   алғысхат пен естелік сыйлықтар  табыстады.

Гүлжамал  Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале