Райбек Меңдіғалиев. Жайық спортына ерекше еңбегі сіңген бұл бапкердің алдынан талай жас палуан түлеп ұшты. Бозкілемнің бел ортасында бабымен де, қабілетімен де талайды таңырқатқан шәкірттері бүгінде ел намысын қорғап жүр.

1968 жыл. Жәнібек ауылы. Кеңес кезеңі. Теледидар түгілі, телефон жоқ. Ауыл балаларының жалғыз ермегі – доп, ал жасыл алаңы – ауылдың айналасындағы көкорай. Көкөрімдер арасында шағын денелі, бірақ шымыр келген бір бала бөлек көзге түсетін.
Ол – Райбек. – Бесінші сыныпта оқып жүргенде ауылға Қарағандыдан бір жаттықтырушы келді. Фамилиясы Темешев болатын. Аты есімде қалмапты. Сол кісінің қол астында алғаш рет күрестің «дәмін таттым», – дейді бүгінде талай жүлде жинап үлгерген азамат.
Шалғай ауылда бір жыл ғана тұрақтаған Темешев кеткен соң да, бозкілемге деген бала құштарлық өшпеді, тіпті өрши түсті. Жетінші сыныпқа келгенде амалдың жоғынан волейболға ауысты.
– Ғалимат Сәпиев ағайымыз волейбол үйірмесін жүргізді. Ол кісінің жаттығуы нағыз ерлерге арналған сабақ еді. Бүгінге дейін сол кісінің қалай жаттықтырғанын ұмыта алмаймын, – дейді Райбек ағамыз.
Екі жыл әуе доптың жетегінде жүрген бозбала аудан құрамасына ілігіп, Оралды, Волгоградты аралап қайтты. Либеро болып алаңға шыққанымен, жүрегінің түбіндегі шоқ сөнбеген еді. Ақыры, тоғызыншы сыныпқа келгенде, сол шоқ лап етіп, лапылдаған алауға айналды.
Мерген мен Сәрсенғали есімді екі ауыл азаматы Райбектің болмысын таныды. Темір көтерткізді. Қара күшке баулыды. Шынықтырды. Ал Ғалимат ағай болса, шәкіртінің жанын түсінді. Әуелі қарсылық танытқанымен, ақыры, күреске қайта оралуына рұқсат берді. Сол сәт палуан Райбектің екінші рет қайта туған күні десе де, артық емес.
Осы жолы ол самбоның соқпағына түсті. Бағына орай Алмабек Бердіғалиевпен жолы тоғысты. Жас бапкер, жаңа түлеп ұшқан институт түлегі Райбекті екі жыл бойы баптады.
– Біздің залымыз – кішкентай ғана бөлме. Шалғай ауылдағы спортзалдың жарығы да, жылуы да жеткіліксіз. Қыстыгүні суықтан саусақтарың қарысып қалады. Ал еденге төселген күрес кілемдерін өз қолымызбен жуып, өз қолымызбен төсейтін едік, – дейді Райбек.
Ол кезде күреске келетін он-он бес бала. Әркім әр жақтан. Жас шамасы әркелкі. Бірақ бір-біріне бауыр. Бірі білгенін екіншісіне үйретеді. Әсіресе Ерлан, Ержан Кенжеғалиев және Есбол Өтепқалиев есімді бозбалалармен бір мүдде, бір мақсат жолында білек біріктірді.
– Біздің үйімізден залға дейін үш шақырым. Сол қашықтықты күнде жүгіріп өтеміз. Жаттығудан кейін кітапханаға барып, самбо әдістерін кітаптан қараймыз. Теория мен практиканы ұштастыруға тырыстық, – дейді Райбек аға.
Бұл сөздер – бүгінгі жасқа сабақ. Маңдай терімен келген нәтиже ғана шынайы болатынына дәлел. Сол балалар – бүгін өңір намысын қорғап жүрген ерлер. Білім мен білікке негізделген жаттығу – бүгінде мыңдаған баланың спортқа ұмтылуына себеп болған жүйе.
Төрт палуанға – бір күртеше
Ол абырой биігіне күреспен көтерілді. Қара терге шомылып, қиындықты жеңе жүріп жетті. Жеңістің жолы – кең даңғыл емес, ойлы-қырлы соқпақ екенін қаршадайынан сезінді.

Сол күндердің бірі... Самбо бапкері Алмабек Қапезұлы шәкірттерінің жанкешті еңбегін байқап, бойларындағы ерекше талпынысты бағалап, – Егер осылай жаттығуды жалғастыра берсеңдер, көп ұзамай Оралда өтетін облыс шемпионатында бақ сынайсыңдар. Бәрі – өз қолдарыңда! – дейді. Мұндай сөз – ауыл баласы үшін жарқ еткен найзағайдай. Алыстағы Оралды көзбен көрмесе де, жеңістің биігі деп таныған жас палуандар жаттығуға бұрынғыдан да құлшына кіріседі. Бірақ алғашқы жарыс Оралда емес, Тасқалада өтеді. Сол жарыста Райбек күміс жүлдені қанағат тұтты. Финалда Қайрат Әбдірахмановқа есе жіберді. Бірақ бұл жеңіліс – күйреуге емес, тұғырға көтерілуге саты болды.
– Сол сәтте Қуанышев Батыр ағайдың көзіне түстім. Қалада өтетін оқу-жаттығу жиынына шақырды. Сол жиында Қайратпен де жақын танысып, дос болып кеттік. Теміржан Хасанғалиевті де алғаш сол кезде көрдім, – дейді Райбек аға.
Оқу-жаттығу жиыны бозбаланың санасындағы сенімді күшейтіп, көзқарасын кеңейтті. Енді ол ауыл чемпионы емес, елдік деңгейге көз тіккен самбошыға айналды. Көп ұзамай ел чемпионатына жол тартты. Бұл жолы бесінші орынға тұрақтады. Алғашқы сында осындай нәтиже де үлкен жетістік. Бірақ ол мұнымен тоқтаған жоқ. Қайта ширығып, қайта жаттығып, облыс біріншілігінде топ жарды.
– Біз бір күрес күртені төрт жігіт ауысып киетінбіз. Аяққа киетін арнаулы бәтеңке атымен жоқ. Кейде кілемге шұлықпен шығамыз. Залға келгендер бізге қарап күлетін. Есесіне, көзімізге от бітіп, жігеріміз шыңдала түсетін. Финалда Тимур Қабылұлының сүйікті шәкірті Савенковты жеңдім. Ол ауырту әдісінің шебері еді. Боз кілемнің үстінде талайын тізе бүктірген палуан, – дейді Райбек Меңдіғалиев.
Бұл жеңіс – нағыз еңбек жемісі
1985 жыл. Орал қаласында Қазақстан чемпионаты өтеді. Райбек бұл сайысқа тыңғылықты дайындықпен келіп, қола жүлдені еншіледі. Алайда осы жылы өмірі күрт өзгереді.
Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсу үшін сынақ тапсырады. Барлық емтиханнан сәтті өткенімен, әлдебір себептермен қабылданбайды. Жүректе – үміт, көкіректе – өкініш. Болашағына алаңдап жүргенде ауылға қайтып, әскерге кетемін деп жүрген күндердің бірінде көшеде Қайрат Әбдірахмановпен жолығады. Қайрат досының жайын естіген бойда жаттықтырушысы Тимур Есеевке жеткізеді. Сол сәттен бастап бәрі басқаша өрбиді.
– Ертең стадионға кел, жаттығу басталады, – деп уәде береді Қайрат.
Араға бір күн салып, Райбек П. Атоян атындағы стадионға келеді. Жігіттермен бірге жаттығуды бастап кетеді.
– Сол күні Тимур ағай да келді. Қыркүйектің бірінен бастап жарты бірлікке бапкер ретінде қызметке аламын, бір жылдан соң оқуға түсіріп беремін деді. Сол уәдеге сеніп, спорт жолында қалдым, – дейді Райбек.
Уәде орындалды. Жігер мен төзім өз жемісін берді. Таңертең шәкірттерін жаттықтырып, кешкісін өзі жаттығуға кірісетін Райбек сол бір жыл ішінде еңбекші жастар арасындағы ел шемпионатында топ жарды. Жеңістен жеңіске жетті.
Райбек Меңдіғалиевтің сол жылдары күнтізбемен емес, еңбекпен, термен, мақсатпен өлшенетін. Таңсәріден шәкірттерін баптап, кешкілік бозкілемде өзі белдесетін күндер еді. Ертеңгі үміттің өзек жаруы сол кезден басталған. Бір жылдың ішінде еңбекші жастар арасындағы ел біріншілігінде топ жарды. Спорт қоғамдары арасындағы елдік додада жеңіске жетті.
Сосын...
1986 жылдың көктемі. Арменияның астанасы – Ереванда орталық кеңестің додасына аттанып, қола жүлдемен оралды. Бұл – әшейін медаль емес, келесі сатыға жолдама болатын.
– 1985 жылдың қыркүйегінде жұмысқа тұрдым. Қазан айында Павлодар қаласында өткен еңбекші жастар арасындағы республикалық турнирде жеңімпаз атандым.
Артынша оқу-жаттығу жиыны басталып кетті. Оралға тек желтоқсанда бір-ақ келдім. Сонда апам «Бала жоғалып кетті» деп қатты уайымдапты, – деп еске алады Райбек аға сәл жымиып.
Жымиюдың артында жан ауырған сәттер бар еді. Ол кезде оның жүрегінде бір ғана арманы оттай жанып тұрған. Ол – КСРО спорт шебері атану.
1986 жыл. Жасы 17-де. Салмағы 48 келі. Ал Райбектің рухы мен жігері салмағынан әлдеқайда зор еді. Қазақстан шемпионатына ересектер арасында қатысып, үшінші орынға табан тіреді. Бұл өзі – Қанат Байшолақов пен Асқар Шайхиев сынды саңлақтардың қазақ күресінде көкжалдай күркіреп тұрған кезі. Осындай атақтылардың арасында Райбектің жүлде алуы – аз шаруа емес. Бірақ ол үшінші орынды емес, спорт шебері атағына аңсары ауды. Ал ол атақ бірінші және екінші орын иелеріне ғана бұйыратын. «Демек еңбекті екі еселеу керек» деді ол өз-өзіне. Сөйтті де, жаттығуын күшейтті. Бапкері Тимур Қабылұлымен бірге жоспар құрып, дайындықты үдете түсті. Көп ұзамай Ресейдің Чебоксары қаласында өткен бүкілодақтық спорт ұйымдары жарысына аттанды. Тағы да үшінші орын. Жұлдыздай жарқ етті. Бұл нәтиже Райбекке КСРО шемпионатына тікелей жолдама сыйлады.
– Біз ішімізден Владимир қаласында өтетін КСРО біріншілігіне дайындалып жүрдік. Бірақ соңғы сәтте менің орныма басқа біреуді – спорт одақтарының жарысында нәтиже көрсете алмаған Александр Филатовты жіберді, – дейді Райбек аға.
Тимур Қабылұлы Райбекті өзімен бірге ертіп, Владимирге өзі алып барды. Барып еді... Қатысушылар тізімінде аты жоқ. Ал тізімде тұрған Александр Филатов – сол жарыста КСРО чемпионы атанды. Одан кейін әлем чемпионы болды.
– Мен оны (Филатовты) түрлі жарыста төрт рет жеңгенмін. Бірақ спортта бәрі әділетті бола бермейді екен, – дейді Райбек Ромашұлы сабырмен.
1987 жыл. Бір арман үзілді. Бір жоспар кейінге шегерілді. Отан алдындағы борышын өтейтін кез келді. Әскерге шақырту келіп, Райбек Меңдіғалиев әскер сапына алынды.
Жгутын тастамаған жауынгер
– Жаз айы. Қай жарыстан келгенім есімде жоқ. Спортзалға енді ғана кіріп, жаттығуымды бастап жатқанмын. Кенет әскери комиссариаттан кісілер келіп, алып кетті, – деп үнсіз ғана күрсінеді Райбек аға. Бұл әңгімені ол баяу үнмен, бірақ әр сөзінде тұтас бір тағдырдың салмағы бардай айтып отыр.
Рас, кейіпкеріміз бастапқыда спорт ротасына барам деп үміттенген. Бірақ комиссариаттың жоспары басқа болып шықты. Үш күннің ішінде Райбек Свердловск қаласынан бір-ақ шығады. Артынша Мәскеу түбіндегі Иваново маңындағы зымыран әскерлерінің бөліміне түседі. Қайда барса да, спорттан қол үзбеуді көкейіне мықтап түйген ол жаттығу кезінде қолданатын жгутын (серіппелі жалпақ арқан) да бірге ала кетіпті.
– Көзімнің қарашығындай сақтап, тартпама салып қойдым. Басқа сарбаздар мен сержанттар «Бұл не үшін керек?» деп сұрақтың астына алды. Мен жгутты тартып, жаттығуымды көрсеттім. Олар аң-таң, – дейді әскердегі алғашқы күндерін еске алған Райбек Меңдіғалиев.

Әскерде кең спортзал жоқ. Қажетті жабдық та жетіспейді. Бірақ спорттан қол үзгісі келмеген сарбаз қолда бармен-ақ жаттығуын жалғастыра береді. Күн сайын казарманы айналып, шағын спортзалдың ішіндегі әр шаршы метрді шеберлігін шыңдау үшін пайдаланады.
Бір күні спортзалдың ішінде өз ісіне мығым, түр-тұлғасынан темірдей тәртіптің тынысы білінетін сардар Зайуевпен жолығып қалады. Райбек оған спорттан ажырап қалғысы келмейтінін жасырмай айтады. Жас жігіттің жанарынан от көрді ме, әлде талпынысына тәнті болды ма, офицер оған спортзалдың кілтін табыстайды.
– Қалаған уақытымда барып, жаттығу жасайтын болдым. Қасыма еркін күрестің шебері, дағыстандық Баугудин деген жігіт қосылды. Екеуміз баптан айырылмас үшін жаттығуды бір күн де тоқтатпадық, – дейді Райбек аға. Осылай жаттығудан қол үзбеген жігіт бір күні қалаға шығуға мүмкіндік алады. Қасында әскери бөлімдегі солдаттарды жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстайтын украин жігіті Антон Новиков. Өзгелерге қатал Антон бұл жолы жұмсарып, Райбекті қолдап, жаттығуына кедергі келтірмейді. Оның үстіне Антонның досы – бөлім командирінің жүргізушісі. Сол себепті қалаға шығу да оңай болды. Антон оған дейін қалаға барған кезде орталықтағы спорт кешеніне соғып, самбо бапкеріне: «Бізде бір мықты жігіт бар» деп мақтап жүреді екен. Ақыры бір күні өзі алып барады. Спорт кешенінде оларды самбо бапкері Анатолий Цеханович қарсы алады. Сәлемін беріп, Райбектің салмағын сұрап, арнайы күртеше ұстатады. Жаттығып жатқан жігіттер де енді ғана келген қазақ баласының қаншалықты мықты екенін көз жеткізгісі келеді.
– Бапкер үш палуанын шығарды. Қатарынан үшеуін де таза жеңіп шықтым. Әскери бөлімдегі ағаларым зор үміт артып отыр. Жеңілсем, ұят. Оның үстіне маған қаладан спорт кешенін, бапкерді тауып берген Антонның еңбегі еш кетпесін деген жауапкершілік те бар, – дейді Райбек аға. Осы жеңістен кейін Анатолий бапкер Райбекке:
– Бүгін боссың. Сені өзім тауып аламын, – деп шығарып салады. Антон болса қуаныштан жарылардай күйде. Бөлімге барған соң достарына:
– Менің қол астымдағы бала самбошыларды бұйым көрмеді, – деп мақтауын асырады.
Сол оқиғадан соң көп ұзамай кезекші сарбаз Райбекті тауып алып «Полк командирі шақырып жатыр» дейді. Ол хабарды естіген Райбек бастапқыда сасқалақтап қалған. Себебі әскерге келгеніне төрт-ақ ай болған сарбазды полк командирі не үшін іздейді? Сөйтсе, Анатолий Цеханович дивизия командиріне жолығып, Райбекті өз қол астына алуды өтінген екен. Ол кезде әскерге келгеніне 3-4 ай болған сарбаздарға шеруге арналған киім берілмейтін. Райбекті дивизия командирі шақырғанын естіген бойда оған әп сәтте парадтық форма табыла қапты.
– Генералдың бөлмесіне дейін аяқ-қолым дірілдеп, әрең жеттім. Отыр деген бұйрықпен орындыққа жайғасып үлгермей жатып, арғы бөлмеден Анатолий Цеханович кіріп келді. Генерал екеуі дос екен. Бапкер генералға қарап: «Мына баланы әскери бөлімде ұстауға болмайды. Маған бер» деді. Генерал сәл ойланып: «Спорт ро-тасын жасақтай алмаймын. Бірақ жаттығуына кедергі болмайды» деп уәде берді.
Спорт ротасы жұлдыздарымен жаттығу
Генерал мен Цехановичтің әңгімесі аяқталған соң Райбек жаттығуын алаңсыз жалғастырды. Бұл жолы оған ешкім кедергі келтірмеді. Әскердің тәртібі қатал, бірақ оған сын болмады. Офицерлер де, «дедтар» да оның жаттығуына қол сұқпады. Кедергі жасағандарға Антон Новиков деген бір мықты жігіттің өзі ескерту жасап, тыныштық орнатты. Таңда әскери бөлімде жаттығады, кешке қарай амалын тауып, Иваново қаласына барып, бапкер Цехановичтің қол астында дайындық жүргізетін болды.
Арада бірнеше ай өтті. Қараша айының қыраулы күнінде Иванов қаласында Фрунзе атындағы үлкен бүкілодақтық турнир ұйымдастырылды. Ол – жай ғана жарыс емес, Кеңес Одағының әр түкпірінен келген мықтылардың мықтысын анықтайтын аламан. Міне, сол доданың жеңімпазы атанды Райбек.
– Ол кездегінің бәрі қазіргідей көз алдымда. Сол жарыс туралы мақала газетке жарияланды. Ал сол газетті спорт ротасының бастығы оқып қалады. «Мына жігіттің қарапайым әскер қатарында жүргені қалай?!» деп таң қалыпты. Артынша бұйрық түсіп, мені спорт ротасына ауыстырды, – деп еске алады Райбек аға.
Сөйтіп, №177 армия спорт клубының сапына қосылады. Ол – жай ғана ауысу емес, спорттағы үлкен өмірге аттаған алғашқы қадам еді. Владимир қаласындағы зымыран әскерлерінің спорт ротасына түсіп, ел ішіндегі, мекемеаралық жарыстарда топ жарғанымен, бұл жолы мүлдем басқа деңгейге қадам басқанын сезінді.
– Үлкен спорт деген мүлде бөлек дүние екенін сол жерде ұқтым. Мені қабылдап алған полковник Минин деген жеңіл атлет алдымен, «Ей, әкең... ана жақта не істеп жүрсің?!» деп боқтап алды да, бірден жаттығуға жіберді, – дейді ол спорт ротасындағы алғашқы күнін күліп еске алып.
Уақыт өте келе Райбектің айналасы мықты спортшыларға толды. Самбошылар Сергей Кардин, Сергей Логинов, боксшы Марат Якубов сияқты тарландармен жақын араласты. Ал гимнастикадан Сеул олимпиадасының теңдессіз (абсолютті) шемпионы Владимир Артемовпен қатар қызмет атқарды. Калгари олимпиадасының чемпионы, атақты шаңғышы Алексей Прокуроров рота прапорщигі еді. Осындай ортада жүрген соң қалай шыңдалмассың?!
– Төңірегімдегінің бәрі – спорт шеберлері мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері. Тек мен – спорт шеберлігіне үміткермін. Жаттығуларымыз атақты «Торпедо» стадионында өтеді. Сол жерде алғаш рет даңқты бапкер Евгений Чичваркинмен таныстым, – дейді Райбек.
Е. Чичваркин – жастар арасындағы КСРО құрамасының екінші бапкері. Құрама команданың қорытынды жиынын ұйымдастыратын нағыз майталманның өзі. Құрама Еуропа мен әлем чемпионатына дайындықты Владимир қаласында өткізетін.
– Кеңес Одағының таңдаулы самбошыларымен бірге жаттығып, мол тәжірибе жинадым. Чичваркиннің мектебі де ерекше еді. Спорт ротасында болған бір жыл ішінде 12 жарысқа қатысу бақыты бұйырды, – дейді Райбек аға тебіреніп.
1989 жылдың 9 мамыры. Жеңіс күні. Алайда бұл жолы мереке тек майдангерлердің ерлігімен шектелмеді. Ол күн қазақтың бір қара баласы үшін тарихи күнге айналды. Молдованың астанасы Кишинев қаласында өткен бүкілодақтық турнирде Ромаштың Райбегі кілемдегі қарсыластарын қоғадай жапырып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сөйтіп, КСРО көлемінде сирек берілетін, әйгілі «КСРО спорт шебері» атағына қол жеткізді.
– Ол кезде Оралда спорт шебері жоқтың қасы еді. Есіме Асқар аға мен Әділбек Хаипов түсті. Кишиневте шеберлер қатарына мен де қосылдым, – дейді сол сәтті тебірене еске алған Райбек аға.
Кишинев төрінде жеңіске жеткен соң, тағдырдың өзі сыйлаған адам – Цехановичпен тағы да жолығады. Ол бапкерге алғыс айтып, бауырмалдығын білдіреді. Енді елге қайтам деп тұрғанда тағы бір тосын ұсыныс түседі. Молдова құрамасының бапкері өз шәкіртіндей көрген Райбекке КСРО чемпионатында Молдова атынан күресуді ұсынады. Бұл – күтпеген ұсыныс. Бірақ бапкердің сенімі де, ниеті де ақ еді. Райбек: «Елге барып, ата-анамның батасын алып, елдің ауасын жұтып келейін, сосын міндетті түрде ораламын» деп уәде беріп, ауылына аттанады. Сөзінде тұрып, тура бір айдан соң Молдоваға қайта оралды. Алда – Кеңес Одағының басты додасы. Бірақ спорт – тек жеңіс емес, сынақтың да мекені. Днепропетровск қаласында өткен КСРО шемпионатында Райбек жеңіс тұғырынан көріне алмады. Молдова құрамасына медаль сыйлай алмады. Алайда бұл – жеңіліс емес.
Бұл – үлкен спорт жолындағы бір белес, үлкен сабыр мен қайратты талап ететін өмір сабағы еді.
Әскерден елге оралған соң, үйреншікті өмір ырғағына қайта еніп, бапкері Тимур Есеевтің қарамағына қайта барады. Бұл – қайта түлеген кезең еді. Жаттығу, дайындық, жарыстар... Бірінен соң бірі өтіп жатты. Бірнеше жарыста топ жарып, орталық кеңестің беделді турнирінде үшінші орын алады. Бұл – жеңіске алып баратын жолдардың бірі ғана. Киев төрінде өткен КСРО кубогінде әйгілі Джейхун Мамедовпен белдесіп, жолы болмай қалады. Бірақ жеңіліс – тоқырау емес, ол жігерді жанып, жігітті ширата түсетін сын.
1990 жыл. Калинин қаласы. Самбоның КСРО аумағындағы басты аламаны – ел чемпионаты. Бұл жолы да жанкүйерлер үміт күткен екі батыр – Асқар Шайхиев пен Райбек баһадүр бозкілемге бірге шықты. Бірақ бұл жолы да сәттілік сырт айналып, жүлдесіз қайтады. Тағы да үйрену керек, тағы да тер төгу керек...
1991 жылы – тарих сахнасында соңғы рет өткен КСРО халықтарының спартакиадасы. Бұл – мыңдаған спортшының арманы, КСРО деңгейіндегі ең ірі дода. Райбек те, Асқар да осы жарысқа қатысуға мүмкіндік алды. Бірақ боз кілемнің үстіндегі белдесу емес, төрешілердің шешімі қазақ баласының жолын кесіп тастайды.
– Кеңес Одағы кезінде самбоны жанына серік еткен әр спортшы армандайтын жарыстың барлығына қатыстым. Бірінде жеңдім, бірінде жеңілдім. Бірақ әр жарыс мен үшін үлкен сабақ болды, мол тәжірибе, мықты құлшыныс сыйлады, – дейді Райбек аға.
Кеңес Одағы ыдырады. Тарих парағы жабылды. Жаңа дәуір – Тәуелсіз Қазақстанның шымылдығы түрілді. Ендігі күрес өз Туың, өз Елтаңбаң үшін болды. Ендігі жеңіс – ұлттың намысы!
1992 жыл. Тараз қаласы. Егемен ел тарихындағы алғашқы Қазақстан шемпионаты. Кілем үстінде үш мықты: Райбек Меңдіғалиев, Асқар Шайхиев, Теміржан Хасанғалиев. Жеңіс оңайлықпен келмейді. Жезқазғандық Айбатыр Махмудов пен Бауыржан Садақанов секілді мықтылар жолды бөгеді. Райбек пен Теміржан үшінші орынға табан тіреді. Бірақ бұл жүлде жанкешті еңбектің жемісі, күрескер рухтың көрінісі еді.
– Ол кезде 52 келі салмақта Қазақстандағы бәсеке нағыз қиян-кескі соғыс болатын. Ғалым Жылкелдиев, ағайынды Асмановтар – бәрі де кез келген әлем шемпионын тізе бүктіретін деңгейде еді. Солардың арасынан суырылып шығып, жүлдеге ілігу – ерлікпен пара-пар, – деді Райбек аға.
1993 жыл. Самбошылар үшін киелі турнир – Харлампиев кубогы. Бұл жарыс әлем шемпионатының бейресми баламасы саналады. Жасындай жарқылдап шыққан Райбек бұл сында да үшінші орыннан көрінеді. Дәл сол жылы самбо әлемі тарихи өзгеріске куә болды. Спорттың өзі саясатқа шырмалған шақ. Әлемдік самбо екіге жарылды. ФИАС бір жаққа, Еуропа бір жаққа кетеді. Бұл тұтас спортшылардың тағдыры екіұдай күйге түскен кез еді. Бірақ қандай қиындық болса да, күрес тоқтаған жоқ. Өйткені бұл күрес атақ үшін емес, ар үшін еді!
Жанқиярлық пен жеңіс жолында
1993 жылы. Голландияның Гаага қаласы дүниежүзілік спорттың дүбірлі додасына куә болды. Әлем ойындары аталған жарыс аренасында көк туымызды желбіретіп, ел намысын арқалағандар қатарында Райбек ағамыз да бар еді. Сұрапыл жарыста Қазбек Ақмалиев алтыннан алқа тақты, Андрей Савенков күміспен күптелді. Ал Райбек ағамыз маңдай терімен, білек күшімен қола жүлдеге қол жеткізді. Бірақ бұл тек бастамасы болатын.
Көп ұзамай, ФИАС туының астында өткен әлем шемпионатына жол түсті. Жартылай финалда орыс палуанымен белдескен сәтінде қарсыласы аяғына ауырту әдісін қолданады. Райбек сыр бермеді. Бірақ соның салдарынан аяғы ісіп, жүре алмайтындай халге жетеді.
– Үшінші орын үшін өтетін белдесу алдында ем жасаған дәрігер «Екі минуттан кейін тұра да алмай қаласың» деді. Менің бар ойым – сол екі минут ішінде қарсыласымды жығу. Кілемге шықтым. Қарсыласым – армян палуаны. Бірінші «диірмен» («мельница») әдісінде сұлап түсті. Атып тұрып еді, тағы бір мәрте жығылды. Екінші мүмкіндікті бермей тастадым. Дәрігердің айтқаны айна-қатесіз келді. Екі минуттан соң мені боз кілемнен көтеріп әкетті, – деп еске алады Райбек ағамыз сол бір сәтті.
Бұл ерлік қана емес, рухтың жеңісі еді. Сол тұста бапкерлік пен палуандықты қатар алып жүрген Райбек егер белдесуге ғана ден қойғанымда, бәлкім әлем чемпионы атанар ма едім деген ойға да берілетіні бар. Бірақ ол – өткеннің еншісі, тағдырдың жазуы.
1994 жыл. Харлампиев турнирі. Ел шемпионаты. Екі дүбірлі додадан да үшінші орын алып, Райбек ағамыз боз кілеммен қош айтысты. Бұл – күреспен қоштасу емес, жан-тәнімен берілген адалдықтың нүктесі.
Райбек Меңдіғалиев бірнеше жыл үзілістен кейін 1998 жылы бозкілемге бапкер ретінде қайта оралады. Сол шақта Мүсілім Оңдағановтың бастамасымен іргесі қаланған «Тайпақ» спорт клубының туы желбіреді. Бұл – Қоныс Жетпісов пен Бауыржан Мәмбетов секілді палуандардың атойлап тұрған кезі еді.
Екі жыл бойы тыныш жұмыс істеп, шәкірт тәрбиелеген Райбек аға кейін жоғары спорт шеберлігі мектебіне дзюдо бапкері ретінде шақырту алады. Бұл – нағыз ізденіс пен еңбек жолы. Қыз, ұл демей, бар баланы баптаған Райбек Меңдіғалиевтің шәкірттері Альмира Исатаева мен Эльвира Исағұлова көп ұзамай нәтиже көрсете бастады. Альмира екі жылдың ішінде ел чемпионы атанса, Эльвира алғашқы жылында қола алып, келесі жылы жеңіс тұғырына көтерілді. Кейін шәкірттері «Азия балалары» додасында алтыннан алқа тақты.

– Дзюдоға аш қасқырдай кірістім. Нұфтолла Түменов екеуміз Ресейдің Самара, Саратов, Орынбор қалаларындағы оқу-жаттығу жиындарынан қалмадық. Олимпиада чемпионы Тагир Хайбулаевтың бапкері Петровпен жақсы қарым-қатынас орнатып, «Многолетняя подготовка дзюдоистов» кітабының ауторы Иван Письменскиймен де таныстық, – дейді кейіпкеріміз.
Ресейдің іргелес қалаларынан бөлек, Петербордағы әйгілі Явар-Нева президенттік спорт клубына шәкірттерін апарып, өзі де барып, тәжірибе алмасқан кездер болды. Қаланың балаларын жиып алып, ауылдарды аралап, жаттығу жиындарын өткізген кезең де оның еңбек жолындағы елеулі сәттердің бірі.
Райбек Меңдіғалиев жалғыз-жарым жүрмеді. Қасынан Нұфтолла Түменов, Сұңғат Елешев, Баймолда Құбашев секілді елге сыйлы азаматтар табылып, біртұтас механизмдей жұмыс істеді. Еліміздің жасөспірімдері мен жастары арасында өткен талай бәсекеде олардың шәкірттері жүлдеден құр қалмады.
Жылдар өте ол қайтадан самбоға оралды. Ерболат Байбатыровтың тұңғыш рет әлем шемпионы атануына да өзіндік үлес қосты. Мұның бәрі – бапкердің көзге көрінбейтін, бірақ ел есінде сақталатын ерен еңбегінің жемісі. Содан он жыл бойы Ерболатпен қатар жүріп, қазақ баласының әлем біріншілігінің шыңына төрт мәрте көтерілуіне өзіндік үлесін қосты.
Ерболаттың ерлігі – ертеңге үлгі
– Самбошылар бозкілемде бес-ақ минут арпалысады. Бірақ сол бес минут – бес жылға татитын еңбек пен ерік-жігердің майданы, – дейді самбодан төрт дүркін әлем шемпионы Ерболат Байбатыровтың бапкері Райбек мырза.
– Біз Ерболаттың жаттығуын бірнеше кезеңге бөлдік. Алғашқы минуттар қарсыласын шаршатуға, екінші минуттан бастап айқасқа (захватқа) ұмтылу, ал соңғы сәт – төзімнің сынаққа түсетін кезі. Себебі, бұл кезде кімнің жанарында от, жүрегінде жалын бар – барлығы анық көрінеді. Бұл сөздердің астарында үлкен бір шындық жатқаны анық.
2008 жыл. Самбоның 75 жылдық мерейтойы. Санкт-Петербург. Әлем чемпионаты. Ақтық сын. Бозкілем төрінде – Ерболат Байбатыров пен ресейлік палуан. Аренада ине шаншар орын жоқ. Арнайы шақыртумен келген спорт майталмандары, шенеуніктер, жанкүйерлер. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақтан жиналған мықтылар. Көптің көңілі ресейлік палуанға ауған. Кілемге шыққан бойда Ерболаттың қар-сыласы бір ұпай алып кетті. Қос мықты үш минут бойы белдесті. Төртінші минут басталғанда, Байбатыров өзі шебер меңгерген әдісті қолданып, қарсыласын кілемге гүрс еткізді. Бірақ төрешілер үнсіз. Қолдарын көтермейді, ұпай бермейді. Жан-жаққа жалтақтап, әділетсіздікке бой алдырып жатқандай... Сол сәтте төрешілер корпусының төрағасы орнынан тұрып: «Ребята, там четыре балла. Дайте один балл» дегенін Райбек ағамыз құлағы шалып қалғанын әлі күнге ұмытпайды. Тақтадағы есеп теңесті. Бәсекенің аяқталуына жиырма-ақ секунд қалды. Иә, нағыз жігіттің жанкештілігін көрсететін шақ. Егер осы тұста Ерболат сәл де болса босаңдық танытса, жеңіс қолдан сусып кететіні анық еді. Бірақ Райбек бапкер шәкіртіне «Қалған 20 секундта керек болса, өз әдісіңді қырық рет қайтала!» деген еді. Айтқанындай болды. Күрес қайта жалғасқанда, Ерболат қарсыласына ес жиғызбастан, үсті-үстіне ұмтылып, орыс палуанын тіпті, есеңгіретіп жібере жаздады. Он реттен аса жұлқылап, ақыры қажет ұпайды еншіледі де, әлем шемпионы атанды!
– Бәрі аяқталған соң қонақүйге қайтып келе жатқанда, Ерболат «Мәссаған, мен әлем шемпионымын ба?!» деп балаша қуанғаны әлі есімде. Ал мен оған «Енді осы атақты қорғау керек» дедім, – дейді Райбек Ромашұлы жүрекжарды тебіреніспен.
Иә, бұл – шемпиондықтың дәмін татып, бірақ арқаны кеңге салмай, ертеңіне ерлікпен жауап берген Ерболат сынды ердің жолы.
Бүгінде Райбек Ромашұлы мен жұбайы Жанна екеуі Әсемгүл, Арман есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Екеуіне де қажетті білім берді. Перзенттері әке жолын жалғап, спортқа бет бұрмады. Бірақ өмірден өз жолдарын таба білді. Жаттығудан қолы босай қалса, Райбек аға жиендеріне асығады. «Немере көрінсе, шәкірттерімді ұмытатын секілдімін» деп күледі. Әлі күнге дейін шәкірт тәрбиелеп жүрген кейіпкеріміз спорттан біржола алыстауды әзірше ойламайды. Бір кездегі Тимур Есеев, Анатолий Цехановичтерден алған сабақтары мен бозкілем бөліскен қарсыластарын еске алып, күрестің келешегін бағдарлайды.
– Алдағы уақытта дзюдоға қайта оралып, төл шәкірттерімді әлемдік додаларда көру – арманым, – дейді ол.
Ендеше, Отанның туын асқақ желбіреткен Ерболат Байбатыров, Темірлан Көлбай, Нұрбол Серіков сынды палуандарға білгенін үйретіп, жастарды спортқа баулып жүрген Райбек Ромашұлындай ұстаздар аман болсын!
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»