Таяуда олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде «Білікті маман – жарқын болашақтың кепілі» атты апталық аясында ел мерейін үстем етіп жүрген спортшылармен еркін сипатта кездесу өтті. «Еліміздің рухын көтерген спорт саңлақтары» тақырыбында өткен шараға грек-рим күресінен жастар арасында әлем шемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Артур Үмбетқалиев пен батысқазақстандық садақшы, Пекин және Лондон олимпиадаларына қатысушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анастасия Баннова қатысты.
Спорт саңлақтарының жеткен жетістіктерімен, ерен еңбектерімен етене танысу, жастардың спортқа деген ынтасын арттыра отырып, отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат еткен басқосу барысында спортшылар жас өрендердің қызықтырған сұрақтарына жауап беріп, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Артур Қойшығылұлы ыждағатты дайындық, тынымсыз жаттығудың маңыздылығына тоқталды. Ал Анастасия Александровна «Жеңіске жетудің алтын кілті – темірдей тәртіп, төзімділік пен бапкер кеңесін бұлжытпай орындау» деп атап өтті.
Спортшылардың жетістіктері айтылып, алдағы жоспарлары таныстырылған шарада олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернатколледжінің директоры Асхат Шакиров биыл өтетін Париж жазғы олимпиадасының қарсаңында осындай тағылымды кездесудің жас спортшылар үшін тәлім-тәрбиелік маңызына тоқталып, келген қонақтарға ілтипатпен гүл шоғын табыстады. Спортшылардың әлемдік ареналарда әлі талай ел мерейін асырарына сенім білдірді.
Кездесу барысында танымал спортшылар «Фобия» айдары бойынша қорапқа жасырылған затты тауып, караокемен ән шырқады. Колледж студенттері – Данияр Кенжеұлы мен Сабина Торей мәнерлеп өлең оқыса, Дамир Сахи «Алға, қазақ жігіттері!» әнін сахна төрінде әуелетті. Іс-шара соңында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айдар Құлатов қонақтарға ризашылығын білдіріп, естелік сыйлық тарту етті.
Жиынды колледж оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Жадыра Сапарова жүргізіп отырды.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»