Жарты әлемді қан жылатқан қасіретті қырғын – ІІ дүниежүзілік соғыс талай тағдырды тәлкекке салып, елінің азаттығы үшін отқа түскен батырларды шыңдады. Өмір мен өлімнің арасы бір-ақ қадам болған сол зұлмат жылдарда туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілік пен ержүрек рух сансыз ерлерді майдан даласына аттандырды. Бірі туған топырағын қорғау жолында шейіт болса, бірі жауынгерлік даңққа бөленіп, елінің мақтанышына айналды.

Биыл сол Ұлы Жеңіске 80 жыл толмақ. Бұл – батырлар рухына тағзым етер, тарихқа алтын әріптермен жазылған ерлік күнін ұлықтар сәт. Соғыс өрті шарпымаған бірде-бір отбасы қалмады. Әрбір шаңырақтың жүрегінде бір уыс мұң, бір шөкім сағыныш, шексіз мақтаныш жатты. Қан мен тердің, қайғы мен үміттің, намыс пен рухтың, ерлік пен елдіктің символына айналған сол жылдар ешқашан ұмытылмақ емес.
Ауылдан майданға дейінгі жол
Сол сұрапыл майданға қатысқан миллиондардың қатарында Сағи Ізмұханұлы Садықов та бар еді. Ол Отан алдындағы антына адал, қайсар жүректі сарбаз ретінде елін, жерін қорғауға аттанды. Жауынгерлік сапта жүріп, туған жерінің бостандығы үшін жанын шүберекке түйген боздақтардың бірі болды.
Сағи Ізмұханұлы 1917 жылы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Анасы Әмина ерте қайтыс болған. 1932 жылы ауыл мектебін аяқтап, Орал қаласындағы жұмысшылар факультетіне түсіп, оны 1936 жылы бітіреді. Одан кейін Орал педагогикалық институтының екі жылдық курсын тәмамдап, мұғалім болады.
1939 жылы Қаратөбе ауданындағы Қаракөл негізгі мектебінде жұмыс істеп жүргенде болашақ жары Разия Сахыпқызымен танысып, 1940 жылы отбасын құрады. 1941 жылы тұңғыш ұлы Хамит дүниеге келгеннен кейін, көп ұзамай соғыс басталып кетеді.
1942 жылдың қыркүйегінде Шыңғырлау әскери комиссариатының шақыруымен әскерге алынып, Стерлитамак қаласында саяси құрамның білімін тереңдету курсынан өтеді. Лейтенант атағын алып, майданға аттанады.
Майдандағы ерлік
Сағи Ізмұханұлының майдан жолы Орталық майданның 16-артиллериялық дивизиясынан басталады. Ол 14-артиллерия батареясының 234-миномет полкінің батарея командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. 1945 жылдың 18 наурызына дейін Белоруссия майданының 2-гвардиялық танк армиясының І танк корпусы, 37-мотоатқыштар бригадасы батальон командирінің саяси бөлім жөніндегі орын-басары дәрежесіне дейін көтеріледі.
Сол уақыт ішінде үш рет жараланады:
1945 жылдың маусымында Сағи Ізмұханұлы Германиядағы Кеңес әскерінің 5-екпінді армиясының 60-атқыштар дивизиясы, 942-бөлек зенитті артдивизионы командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары болады. Бұл міндетті 1946 жылдың қазанына дейін атқарып, жарақатына байланысты Германияның Швирин қаласындағы госпитальда емделеді.

Ерлікке – марапат, елге – аманат
Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Сағи Ізмұханұлы көптеген марапатқа ие болды. Олардың қатарында:
1948 жылы елге оралған соң Шыңғырлау ауданында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Білім беру саласында еңбек етіп, кейін совхоздарда басшылық қызметтерде болды. Бейбіт замандағы еңбегі де ескерусіз қалмай, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Ұрпаққа қалған ұлағат
Сағи Ізмұханұлы жұбайы Разия Сахыпқызымен Хамит, Шәмшия, Аманкелді, Әмина, Нұрлан есімді бес баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Балалары бүгінде елімізде әр салада еңбек етіп, ата жолын жалғап келеді. Барлығына жоғары білім беріп, тәрбиелеп өсірген Сағи Ізмұханұлының еңбегі мен ерлігі олардың бойында да ізін қалдырды.
1972 жылы алған жарақаттарының асқынуынан өмірден өткен Сағи Ізмұханұлының есімі ұрпағының жүрегінде мәңгі сақталды.
Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біз сол ерлік жылдарын тағы бір мәрте еске алып, ардагерлер рухына тағзым етеміз. Өйткені бүгінгі бейбіт аспанымыз, тәуелсіздігіміз – біздің ата-бабаларымыздың төгілген қанымен, жанқиярлық ерлігімен келген баға жетпес аманат. Оны көздің қарашығындай сақтау – ұрпақтың қасиетті борышы.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»