4.08.2023, 10:30
Оқылды: 56

«Жеңісті» жеңе алмады

Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионаты қыза түсті. Жоғары топқа берілер жолдамаға таласып жүрген «Ақжайық» пен астаналық «Жеңіс» тамыздың 3-і күні кім мықтыны анықтады. Турнир кестесінде құйрық тістесіп, үшінші мен төртінші орынды бөліскен қос ұжым теке тіресі көпшілікке қызық болды.

фк (1)

Жеңгені жоғары топ жолдамасына біртабан жақындай түсетінін түсінген командалар ойын басталысымен шабуылға лап қойды. Әсіресе, астаналықтар қимылы ширақ көрінді. Бір сәтке көз жазсаң жазаңды беретін елордалық клубтың шабуылшысы Па Омар Джоб ойынның екінші минутында есеп ашып, командасын алға шығарды.

фк (3)

Тағы оқи аласыз: Оралдағы «Мишкопад» акциясы: төрт мыңға жуық ойыншық жиналды

Одан соң Па Омарды өз қарауына алған капитан Бауыржан Омаров гамбиялық футболшыны тұсады. Оңайлықпен Омаровтың құрсауынан құтылмайтынын түсінген Па Омар сол қапталдан оң қапталға ауысып еді қарға бойлы Эльдар Абдрахманов кеңінен көсілуге мүмкіндік бермеді. Осылайша «Жеңісті» негізгі шабуылдаушы күшінен айырған «Ақжайық» өздері шабуылға ден қойды. Әсіресе, сол қаптал жартылай қорғаушысы рөлін өз мойнына алған Бекзат Иманғазиев белсенді болды. Оған көмекке келген Мұқағали Пангерей де «Жеңіс» қорғаушыларының дегбірін қашырды. Бірақ Мұқашқа кей сәтте шапшаңдық жетіспей жатты. Бекзатты тұсаса, оң қапталдан Бақдәулет Көңілімқос шыға келді. Тіпті Микола Агаповқа гол соғатын 100 пайыз мүмкіндік де жасалды. Бірақ украиндық легионер мүлт кетті. Десе де «Ақжайық» өліспеу беріспеуге бекінген-ді. Үздіксіз шабуыл өз нәтижесін берді. 31 минутта «Микола Агапов өз дегеніне жетіп, есепті теңестірді.

фк (4)

Ал екінші таймда «Жеңіс» басымырақ болды. Бірнеше мәрте қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бірақ «Ақжайықтың» жас қақпашысы Санжар Ерниязов астаналықтардың әр соққысын қайтарып отырды.

Осы ойыннан соң 34 ұпай еншілеген «Жеңіс» үшінші орынан сақтап қалса, 33 ұпайы бар «Ақжайық» төртінші орында қалды.

Келесі матчын оралдық команда тамыздың 10-ы күні сырт алаңда шымкенттік «Қыранға» қарсы өткізеді. Бұл екі ұжымның оралдағы ойынында 10:2 есебімен «Ақжайық» жеңген болатын. Сол себепті «Қыран» ойыншылары есе қайтаруды ойлап жүргені анық.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

фк (5)фк (5) фк (2) фк (6) Фк

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале