5.04.2021, 22:20
Оқылды: 133

Жерді мақсатты пайдаланайық

Біздің басқарма өз құзыреті шегінде жеке немесе заңды тұлғалар тарапынан өз иелігіндегі жер учаскелерін ҚР Жер кодексі талаптарына сәйкес пайдалануына мемлекеттік бақылау жүргізеді.

 Жерді мақсатты пайдаланайық

Өткен жылы басқарма жер заңнамасы нормаларының сақталуына байланысты 122 тексеріс жүргізіп, 68 заңбұзушықты анықтады. Оның ішінде мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иелену деректері бойынша 47 жеке және заңды тұлғаға 5 601 000 теңге айыппұл салынды.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 136-бабында (жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзу) мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иеленіп алу немесе айырбастау не жерге мемлекеттік меншік құқығын тікелей немесе жанама нысанда бұзатын басқа да мәмілелер жасау, сондай-ақ уақытша иеленген мемлекеттік жерді уақтылы қайтармау айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолдануға әкеп соғатыны жазылған.

Осы ретте немқұрайлы қараған тұлғаларға шаралар қолданылып, аталмыш кодекске сәйкес, айыппұл қарастырылғанын айтқымыз келеді. Мысалы, мемлекет меншігіндегі жер учаскесін заңсыз «басып кірсе», тиесілі құжаттарсыз пайдаланса, жеке тұлғаларға 75, ал лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік нысандарына 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған (биылғы жылы 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерi 2917 теңге екендігін ескерсек, жеке тұлғаларға 218 775 теңге, ал лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіп нысандарына 291 700 теңге.)

Басқарма күнделікті өмірде тек тексеріс амалдарын жүргізумен шектеліп қоймай, «Ескерсең, қорғаласың» акциясын тұрақты өткізіп келеді. Мекеменің веб-сайтында, ашық алаңдар мен қаланың ірі көшелеріндегі ЛЭД экрандарда, қоғамдық көліктерде жадынамалар ілулі, бұқаралық ақ парат құралдары мен әлеуметтік желілерде мақалалар жарияланып тұрады. Сондай-ақ қолданыстағы жер заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру және сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Президенттің Жарлығына сәйкес өткен жылдың желтоқсан айында шағын бизнеске тексерістерді тоқтату жөнінде мораторий жариялаған болатын. Бұл уақытша шектеу әр кәсіпкердің өз шаруасын түзетіп алуы мақсатына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау. Сондықтан қолданыстағы жер учаскелеріңізді құқық белгілейтін құжаттарға сәйкес пайдаланып, басқа тұлғалардың құқықтарының шектелмеуіне және заңбұзушылыққа жол бермеңіздер.

 

Меңдеш Өтепов,

облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын

бақылау басқармасының мемлекеттік инспекторы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале