29.10.2024, 12:15
Оқылды: 53

«Жетістіктеріміз баршылық, атқаратын шаруа да аз емес»: Облыстық мәслихатта сессия отырысы өтті

Өткен аптада облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен облыстық мәслихатта сессия отырысы өтті. Өңір басшысы 2024 жылы өңір бойынша атқарылған жұмыстар жайында баяндады. Ол түрлі салада жүзеге асырылған жоба-жоспарларға тоқталып, алдағы уақытта атқарылатын шаруаларды да назардан тыс қалдырмады.

d19928d1-2ea5-4915-9e97-2ece01e6ddcd

– Батыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында ауқымды жобалар іске асырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Өңірде өнім көлемі артты. Бірақ әлде де өңір экономикасына салынатын тікелей инвестиция көлемін арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуіміз керек. Алдағы 5 жыл ішінде 2,4 трлн теңгеге 42 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бүгінде 7,1 млрд теңгеге 6 жоба іске қосылды. Биылғы жолдауында Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшудің маңыздылығына тоқталып, «Тауарлық несие» беру мәселесін дұрыс жолға қоюды тапсырды. Биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 50 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Жыл басынан бері 23 млрд теңге субсидия төленіп, 18 млрд теңгеден астам несие, сонымен қатар 33 отбасыға тауарлық несие ретінде 81 бас мүйізді ірі қара, 141 бас ұсақ мал және 32 бас жылқы берілді. Бүгінде облыс тұрғындарының 43%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында облыста «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында кейінгі екі жылда 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, ауылдық жерлерде 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Ол сөзін әрі қарай сабақтап, агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартуды жүйелі түрде жүргізу керектігін жеткізді. Облыста осы сала бойынша 2024-2026 жылдарға 119 млрд теңгеге 35 инвестициялық жоба жоспарланса, биыл 28 млрд теңгеге 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

– Өңірімізде «Қаладан ауылға» бағдарламасы бойынша қоныс аудару үшін 57 ауыл белгіленді. Әзірге мұндай бағдарлама еш өңірде жоқ.

Жыл басынан бері ауылдық жерлерге бағдарлама аясында 77 отбасы, яғни 384 адам көшті. Айта кетейін, су ресурстарының қолжетімді болуы – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды фактор. Өңірімізде ауыл шаруашылығы жайылымдарын суландыру бағытында бірқатар ірі жобалар қолға алынды. Орал қаласын және қала маңын тасқын судан қорғау мақсатында Шаған, Деркөл өзендерінде су қоймалары каскадын салу мәселесі ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің назарына ұсынылды. Қазіргі таңда 16 елді мекенде бөген-бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысы жерді тиімді пайдалану мәселесіне айрықша назар аударып, «Пайдаланылмай жатқан жер енді оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылатын болады» деген еді. Биыл облыста 74 000 гектарға жуық пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды. Өңір бойынша 941 мың бас ірі қара, 1 млн 442 мың бас ұсақ мал, 295 мың бас жылқы және 2 583 бас түйе тіркелген. Мал басының өсуіне байланысты аудандарда жайылымдық жерлердің тапшылығы байқалуда, – деді Нариман Төреғалиев.

Өңір басшысы шағын және орта бизнес, құрылыс, аутомобиль жолдары, әлеуметтік қамтамасыз ету, білім, мәдениет, денсаулық, спорт салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға қоса, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған ұлттық жобалар жайында да айтып өтті.

– Құрылыс – өңірімізде қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі. Тұрғын үй кезегінде тұрғандарға 14 млрд теңгеге 758 пәтер сатып алу жоспарланды. Президент еліміздің стратегиялық маңызы бар міндеттерінің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануға баса назар аудару керектігін айтқан болатын. Биыл 91,6 млрд теңгеге 642 шақырым жол жөнделуде. Қазіргі таңда 40 шақырым жол жөнделді. Орал қаласындағы Шолохов көшесінің күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Жоғарыда айтылған жұмыстардың іске асуына облыс жұртшылығы мен өздеріңіздің қосқан үлестеріңіз өте зор, құрметті депутаттар! Алдағы уақытта да жоба-жоспарларымызды жүйелі түрде орындау үшін бар күш-жігерімізді жұмсап, Мемлекет басшысы және Үкімет қойған міндеттерді абыроймен атқарамыз деген сенімдемін, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Осы сессия отырысында бірқатар облыстық басқарма басшысы өздерінің салаларына байланысты Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кейбір шешімдерін өзгерту керектігін жеткізді. Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасын бекіту туралы айтты.

Облыстық мәслихаттың аппарат басшысы Алмас Хайруллин Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының округтік сайлау комиссияларына қатысты шешіміне өзгерістер енгізу қажет екенін тілге тиек етті. Олардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, депутаттар тарапынан бірауыздан  мақұлданды.

Мәрлен Мәлікұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале