Бөрлі аудандық полиция бөліміндегі жедел басқару орталығында жасанды интеллект функциясы бар төрт бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Жуырда осы камералардың бірі ұрлық жасаған қылмыскерді дөп басып «ұстап берген». ЖИ-ға қосылған камералар азаматтардың бет-әлпетін 98%-99% анық көрсетеді.

– «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру барысында «Элайтс» ЖШС жасанды интеллект функциясы бар төрт бейнебақылау камерасын іске қосты. ЖИ-мен жұмыс істейтін құрылғылар адам көп шоғырланатын орындарда, яғни сауда үйлерінде, базарлар мен дүкендерде орнатылды. Олар күдікті, із-түзсіз жоғалған, іздеуде жүрген және басқа есепте тұрған адамдардың бет-әлпетін тануға мүмкіндік береді. Мұндай камералар әзірше пилоттық режімде іске қосылды. Жалпы полиция бөлімінің жедел басқару орталығында енгізіліп жатқан жасанды интеллект элементтері – қауіпсіздік саласындағы жаңа кезең. АІ технологиялар адамның бет-бейнесін тануға, көлік нөмірін аутоматты анықтауға, оқиғаларды болжауға және сын-қатерлерді алдын ала бағалуға мүмкіндік береді. Болашақта бұл жүйелер нақты шешім қабылдауды жеделдетіп, адами фактор әсерін азайтады, – деді Бөрлі аудандық полиция бөлімі штабының аға инспекторы, полиция майоры Әділбек Нұғманов.
Аудандық полиция бөлімінің жедел басқару жасағы 2023 жылы ашылды. Бүгінде Ақсай қаласындағы көпқабатты үйлердің аулаларында, қоғамдық орындар мен көшелерде 314 бейнебақылау камерасы орнатылған. Әділбек Әділболатұлының айтуынша, аудан аумағындағы колледждерден – 45, 15 орта мектептен – 177, ал 11 мектепке дейінгі мекемеден 132 бейнебақылау камерасының дабыл түймелері жедел басқару орталығына қосылған.
Айта кету керек, бұл камералардан мекемелердің айналасы мен кіреберістері айқын көрінеді.

Полиция майоры айтып өткендей, бейнекамералар – қылмысты ашудың, оқиғаларды дер кезінде анықтаудың және тәртіп бұзушылықтың алдын алудың тиімді құралдарының бірі. Мысалы, биылғы үш айда осы құрылғылардың көмегімен 293 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Соның 30-ы қоғамдық тәртіпті бұзуға, 263-і жол қозғалысы ережесін ескермеуге қатысты. Оған қоса үш қылмыс ашылған. Ал былтыр тонау, ұрлық, бұзақылық, есірткі құралдарын заңсыз айналымға салуға қатысты және басқа да 15 қылмыс әшкереленді. Ақсай қаласында жылдамдық режімін бұзған көліктерді анықтап, фото және видеоға түсіретін «Призма-StoS» деген 16 құрылғы жұмыс істейді. Солардың көмегімен жылдамдық режімін бұзған 863 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Сәйкесінше 11,8 млн теңге айыппұл салынып, оның 8,7 млн теңгесі өндірілген.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»,
Бөрлі ауданы