Еске сала кетейік, осыған дейін зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде кеңес өтіп жатқандығын жазған болатынбыз.
Кеңесте өңірде екі дағдарыс орталығы жұмыс жасап жатқандығы айтылды. Оның біреу Оралда болса, ал екіншісі Ақсай қаласында.
Тоғыз ай ішінде орталықтың көмегіне 397 адам жүгініп, олардың 139-ы орталықта уақытша тұрған.
- Зорлық-зомбылықтың себебінен психикасы бұзылған жәбірленуші тергеу жүргізу үшін полиция департаментіне келуі олардың психикасына екі есе қатты әсер етеді. Оның алдын алу үшін жәбірленушіні дағдарыс орталығына апарамыз. Орталықта оларға 8 түрлі көмек көрсетіледі. Кәмелет жасына толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық істердің тергеуін дағдарыс орталығында жүргіземіз. Біз өңірде екі кризистік орталық бар деп ауыз толтырып айтып отырмыз. Бірақ оның біреуі ғана тергеу жүргізуге сай келеді. Екіншісінде тергеу амалдарын жүргізуге мүмкіндік жоқ.
19 қазанда сот және құқық қорғау органдары, азаматтық қоғам және Еуропадағы қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы бағдарламалар кеңсесі өкілдерінің қатысуымен құқықтық форум өтті.
Форумда ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжанов тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту шаралары туралы айтты.
Бұдан былай қайталама құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімін 20 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұлғайту жоспарлануда.
Полиция арыз, шағымсыз-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғай алады. Жазаны сот тағайындайды. Тараптар бірінші сот отырысында ғана татуласа алады, ал қайталанған жағдайда бұл құқық алынып тасталады.
Бұл зардап шеккендерге қатысты «дебошир» мен басқа адамдардың психологиялық қысымын тоқтатуға мүмкіндік береді, - деді БҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрмұхан Жалғасов.
Полиция өкілінің айтуынша, отбасының берекесін қашырғандарға берілетін ескерту қоғамдық жұмыстарға ауыстырылады. Заңға өзгеріс 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Кеңесте қоғамдық бірлестіктің өкілдері де пікірлері мен ұсыныстарын айтты.
- Облыстағы аудандарда мемлекеттік тапсырыс орындалғанымен зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты шаралар жүзеге асып жатқан жоқ. Жобалардың дені тек отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған. Дені «Мерейлі отбасы» байқауын жүзеге асыруға бағытталған. Зорлық-зомбылық мәселелері негізінен дағдарыс орталығы арқылы шешіледі. Оралдағы дағдарыс орталығы 10 орындық. Оған бір әйелді екі баласымен орналастырсақ 3 орын бос емес деген сөз. Ал аудандарда орталықты ашуға сұраныс жоқ деп ойлаймын. Жәбірленушіні уақытша туыстарына жіберіп, абьюзермен жұмыстанумыз қажет. Жұмысты денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе жүргізсек тиімді болады. Өйткені әр емханада психолог бар. Кәсіби маманның көмегіне жүгінеміз.
Екі күн бұрын бізге 2 қабырғасы сынған, бұғанасы зақымданған әйел келді. Оны күйеуі мас күйінде тепкіге алған. Бұл бір ғана мысал.
Қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мәселеге белсенді араласуы керек. Бірақ тек отбасы құндылықтарын насихаттайтын жобалармен жұмыстансақ мәселені шеше алмаймыз. Мысалы облыстық дағдарыс орталығындағы орын санын көбейтсек және абьюзермен психолог, психотерапевт, полиция өкілдері тікелей жұмыс жасаса тың өзгеріс болады деп ойлаймын, - деді "Жайық таңы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова.
Жиын соңында облыс әкімі Ғали Есқалиев дағдарыс орталығында тәулік бойы байланыста болатын әрі есте қалатын нөмір қоюды, қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандыруды тапсырды.
Динара Насыр,
zhaikpress kz
Сурет: БҚО әкімдігінен