10.10.2022, 11:31
Оқылды: 69

Жобалардың жартысы ғана орындалмақ

Қазанның 5-і күні облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев «БҚО бойынша жергілікті маңызы бар автожолдарды дамыту» тақырыбында брифинг өткізді. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері басқарма басшысынан осы кезге дейін атқарылған жұмыс пен алдағы  уақытта жүзеге асатын жоба-жоспар жөнінде сұрады.  

Менеев (1)

Өңірімізде жол құрылысын жүргізуге битум жеткіліксіз. Оны Ақтау қаласындағы «CASPI BITUM» зауытынан алдыртып жүрміз. Осы шикізатты Шымкент, Павлодар қалаларынан да тасымалдауға болады. Алайда Ақтау қаласындағы зауытқа тапсырыс беру тиімді. Себебі Оралға жақын орналасқандықтан, битум бағасы арзанға шығады. 1 тонна битум – 108 мың теңге. Жол шығынын қоса есептесек, 160-170 мың теңге. Жалпы өңірімізге қыркүйек айында бұл материалдың 12 мың тоннасын жеткізуге тапсырыс бердік. Қазан айында 13 мың тонна битум қажет. Бізге «CASPI BITUM» тек қана 1000 тонна битум өндіріп берді. Қиыршықтас Ақтөбеден тасымалданады. Яғни құмнан басқа жол салуға қажет материалдың барлығын басқа аймақтардан аламыз. Қыстық дизель отынының бағасы литріне 450 теңгені құрап отыр. Кейбір мердігерлер міндеттерін уақтылы атқара алмай жүр. Мәселен, «Ануш-Құрылыс» ЖШС атқаруы тиіс жоба көп. Теректі ауданы әкімдігі Айтиев және Тоқпай ауылдарына кіреберіс жолды жөндемегені үшін аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестікті сотқа берді. Шыңғырлау әкімдігі де мердігерге қатысты арыз-шағым дайындап отыр. Шыңғырлау ауылының ішкі жолдары жөндеуді қажет етеді. Жалпы облыста жол құрылысына қатысты 62 жоба бар. Жылдың соңына дейін соның 30-ға жуығын аяқтаймыз. Жаңақала ауданы орталығындағы жолдарды жөндеуге жалпы сомасы 307 млн теңге керек. Мердігерге 61 млн теңге бердік. Ол берілген қаражатты толық игерді. Хан ордасындағы жолдарды жөндеуге 216 млн теңге бөлінді, – деді Айдар Қазбекұлы.

Орал қаласы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 615 шақырым. «УральскВодСтрой» АҚ Деркөл кентіндегі 44,288 шақырым жолды жөндеуді жауапкершілігіне алып, 2020 жылы іске кіріскен. Құрылыс-монтаж жұмыстары үш жыл ішінде аяқталады деп келісілген. Бүгінде аталмыш ауылдағы бірқатар көшеге жол салынған. Оған республикалық бюджеттен бөлінген қаражат жұмсалған. Әмина Өмірзақова, Бөкей хан, Ғабиден Мұстафин, Шара Жиенқұлова, Ләззат Асанова көшелеріне асфальтбетон жабыны төселген.

– «ДорремСервис» ЖШС, «ДСК Приоритет» ЖШС, «Ануш-Құрылыс» ЖШС қала ішіндегі бірқатар көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде 7 жобалық-сметалық құжаттама бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынды. Соған сәйкес қала ішіндегі Саратов, Дауылбаев, Бұйрин, Сәтпаев, Аққозы, Скоробогатов, Комсомольская, Шолохов көшелеріне күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Жалпы облысымыздағы автожолдардың жай-күйі көңіл қуантпайды. Көбі оны басқа өңірлердегі жолдармен салыстырады. Басқа өңірлерде ауылдық округтер аз. Сол себепті олар жобаларды уақтылы аяқтап отыр. Мәселен, біздің облыста – 416, Маңғыстау облысында 59 елді мекен бар, – деді Айдар Менеев.

Марлен Ғилымхан, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале