Биыл елімізде "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жарияланып, жыл бойы осы саладағы біраз мәселелер көтеріліп, шешімін табуда.

Бүгінгі Жолдауда да ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарына кеңірек көңіл бөліп, олардың жалақысы аз болуынан жастарымыз басқа салаға кетіп жатқандығына алаңдаушылығын білдірді.
– Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтыруда.
Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады. Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр. Алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды. Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі – маңызды. Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді. Азаматтардың өндіріске барғаны абзал,- деді.
Сондықтан Президентіміз жұмысшы мамандардың жалақысын көтеру қажеттігіне баса тоқталды. Әрине, құрылыс алаңындағы жұмысқа лайықты еңбекақы төленуі керек. Бірақ бұл үшін бізге сапалы жобалар мен олардың орындалуын уақытылы, сенімді қаржыландыру қажет. Кәсіпорындардың табысы тұрақты әрі үздіксіз болған кезде жұмысшылардың да жалақысын көтеруге, әлеуметтік қолдауды арттыруға мүмкіндігі ұлғаяды. Сондықтан мемлекеттік тапсырыстарды сапалы әрі уақытылы орындап отырған компаниялардың жұмысы ескерілуі керек. Бұл өз кезегінде компанияның табыс тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ал табыс қоры сенімді кәсіпорын - жұмысшылар үшін жоғары жалақы кепілі.
zhaikpress.kz