Бүгін облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының 2025 жылға дейінгі "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!" сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін бекітілген Жол картасының орындалуы бойынша саяси кеңесі бюросының отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе - 2021 жылдың өткен кезеңінде облыс бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының іске асырылу барысын талқылау. Сонымен қатар, Жол картасын жүзеге асыруда орындалмау қаупі бар тармақтар қаралып, ол бойынша жауапты басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Жалпы алғанда, ағымдағы жылдың 8 айында облыстық және аудандық Жол карталарының 291 іс-шаралары орындалды, яғни бес жылға жоспарланған бағдарламаның 21%-ы жүзеге асырылды.
Басқосуда сөз алған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев құрылыс саласы бойынша жүзеге асырылған істер мен орындалмау қаупі бар шаралар жөнінде баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, жол картасында белгіленген шаралардың орындалмау факторларына жобалық-сметалық құжаттардың дұрыс дайындалмауынан уақытының асып кетуінен немесе мердігерді анықтау үшін тендердің кеш өткізілуі секілді факторлар әсер еткен.
Айта кетейік, биыл "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 2500-дей пәтер салу көзделген. Ағымдағы жылдың соңына дейін 1439 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда, қазірдің өзінде 302,035 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Бүгінгі күні 232 ауылдық елді-мекенде орталықтандырылған сумен жабдықталған. 26 мыңнан астам тұрғыны бар 21 ауылдық елді-мекенде (364 км) күрделі жөндеу және қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 10 білім беру нысанының, екі денсаулық сақтау нысанының, екі мәдениет үйінің, бес дене-шынықтыру сауықтыру кешенінің, Зашаған кентінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің құрылысы жүргізілуде.
Жыл соңына дейін 786 оқушыны қамтитын төрт мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, 2021 жылы екі 160 орындық дене-шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды деп күтілуде.
Сондай-ақ, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетов жол құрылысы бойынша орындалмау қаупі бар көрсеткіштер бойынша баяндама жасап, бағдарламада белгіленген шараларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмесе, іске асырылмай қалу қаупі басым екендігін жеткізді.
Келтірілген мәлеметтерге сүйенсек, ағымдағы жылы «NurOtan» партиясы сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары – Жол картасы бойынша облыстық және аудандық маңызы бар 160 шақырымнан астам автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары басталған. Жол картасында барлығы 127 іс-шара қарастырылған. Оның 80-і 2021 жылы жоспарланып, 49-ы іске асырылуда, сонымен қатар 2022 жылға жоспарланған іс-шараның 8-і ағымдағы жылы басталып, іске асыру жүргізілуде.
Атқарушы органдардың есебін қорытындылай келе, өңіріміздің денсаулық сақтау саласы бойынша орындалмау қаупі бар пунктер жөнінде жауапты басқарма басшысының міндетін атқарушы Арман Қалыбековке баяндама жасап, бүгінгі күні қаланың эпидемиологиялық ахуал бойынша деректерді тілге тиек етіп, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған тармақтардың жүзеге асырылу барысын жеткізді.
Басқармалардан бөлек, Жол картасының орындалу барысы жөнінде бірқатар аудандардың (Ақжайық, Қазталов, Теректі аудандарының әкімдері мен Тасқала ауданы әкімінің міндетін атқарушы) басшылары да қысқаша баяндады.
Атап айтқанда, облыс бойынша орындалған ауқымды іс – шаралардың шеңберінде:
- Облыс орталығында Орал трансформатор зауытында (қуаттылығы – жылына 3 мың тонна) «панельді радиаторларды дайындау» жобасы іске қосылды, сондай-ақ көлемі 5 га құрайтын жылыжай кешені және жергілікті «Квант ЖШС» жиһаз фабрикасында қуаттылығы жылына 22 мың бірлікті құрайтын цех ашылды;
- Теректі ауданында 1 мың ірі қара мал басы арналған бордақылау алаңы салынды;
- Бөрлі ауданында 600 басқа арналған сүт фермасының құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар, Бөкей ордасы, Теректі және Казталов аудандарында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, облыс бойынша 16 спорттық ойын алаңдары пайдалануға берілді. Сырым ауданының Қосарал, Жетікөл, Тоғанас, Құспанкөл және Аңқаты, Тасқұдық ауылдары, Бәйтерек ауданының Асан, Октябрь ауылдары ауыз сумен толығымен қамтылды.
Қазіргі таңда облыс бойынша 345 мектептерде балаларды инклюзивті біліммен қамтуды ұлғайту мақсатында мамандандырылған кабинеттер ашылды. Атап айтсақ, 4 мыңнан астам балаларға оқу үшін қажетті барлық жағдай жасалған.
Студенттердің оқуы мен тұруы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің студенттеріне арналған 144 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Жақын арада Батыс Қазақстан университетінің студенттері үшін 500 орындық жатақхана ғимараты пайдалануға берілмек. 5 жыл ішінде 1200 жастарды жатақханамен қамту үшін: «Орал трансформатор зауыты» АҚ қолдауымен Батыс Қазақстан индустриялық колледжінің студенттері үшін 150 орындық жатақхана ғимаратын қайта жаңарту, Орал политехникалық колледжінің студенттері үшін 150 орындық жатақхана құрылысын күрделі жөндеуден өткізіп (2 қабаттың қабырғасын көтеру), қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады.
Өңірдегі еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында ағымдағы жылдың басынан бері облыс бойынша Орал қаласы мен Бәйтерек, Ақжайық, Сырым, Теректі, Тасқала, Бөрлі аудандарында 7 волонтерлік клубтар құрылды. 2021 жылдың соңына дейін Жаңақала, Шыңғырлау, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Жәнібек, Казталов аудандарында тағы 6 еріктілер клубтарын ашу жоспарлануда.
Бюро отырысында баяндалған тармақтардың орындалуы бойынша ұсыныс-пікірлер білдіріліп, сапалы іске асырылуы талқыланды.
«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, Ғали Есқалиев отырыс соңында облыстық және аудандық партия филиалдары мен жауапты басқарма басшыларына Жол картасында көрсетілген индикаторлардың мерзімінде және сапалы орындауды ұйымдастыруды, орындалмай қалу қаупі бар 21 іс-шараның жұмысын және нысандарға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырып, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылдады.
"Nur Otan" партиясы
БҚО филиалының баспасөз қызметі