13.02.2025, 12:15
Оқылды: 368

Жол мамандығына бөлінген 700 грант игерілмеген

Орал қаласындағы Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінде жолшы мамандығында оқитын студенттерге кәсіби бағдар беруге арналған іс-шара өтті.

DSC05860

Дөңгелек үстел форматында өткен басқосуға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Руслан Мугиев, БҚО көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Айгүл Отарғалиева және «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК БҚО қызметкерлері қатысты. «ҚазАвтоЖол» автомобиль жолдарын жөндеуді және күтіп ұстауды ұйымдастырады. Биыл облыстағы республикалық маңызы бар жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соған орай Руслан Мугиев ұлттық компанияның тұрағы жаңа техникамен толығып жатқанын хабарлады. Жолшы мамандықтары жолда қалдырмайды. Мемлекет осы саланы оқытатын оқу ордаларына көптеп грант бөлгенімен, олардың біразы игерілмеген.

– Өткен жылы жол мамандығына республика бойынша 770 грант бөлінген болатын. 70 қана түлек аталмыш грантты пайдаланып, студент атанды. Қазір қоғам ішінде жол мамандығына жұмыс жоқ, жалақысы аз деген пікірлер айтылуда. Алайда ер адамдармен қатар әйел адамдар да жол мамандығына жұмысқа орналаса алады. Біздің компанияның атқаратын қызметі жолды жөндеп, оның сапасын арттырумен шектелмейді. Жолдың сметалық құжатын құру деген секілді жұмыстарда қыздар да бар. Төленетін жалақы да біртіндеп көбейіп келеді, - деді Руслан Мугиев.

Қазақстан бойынша 50 жоғары оқу орны, 30-ға жуық арнайы орта колледж жол мамандығын оқытады. Сондай-ақ жоғары білімді тәмамдаған түлектердің өз саласына байланысты мемлекеттік қызметке тұруға мүмкіндігі бар. Жоғары инженерлік-технологиялық колледж басшылығы бүгінде Орал қаласындағы бірнеше компаниямен келісімшарт жасасып, студенттерін машықтан өткізуде.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале