Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы кезекті брифингке қатысқан Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев журналистердің сауалына жауап берді.
Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру – қала басшылығының ұдайы назарында. Әкімдікпен 2018-2023 жылдарға арналған Орал қаласындағы қоғамдық көліктерді жаңғырту тұжырымдамасы қабылданған. Бес бағытқа басымдық беріліп, қоғамдық көліктер жұмысын қадағалауды автоматтандыру, Оңай және СМСBUS электронды төлемдерін енгізу, көлік инфрақұрылымын дамыту, автобус бағыттарын жетілдіру және парктерді жаңарту бойынша кешенді жұмыстар атқарылмақ. Мұрат Рахметұлының айтуынша, қаламыздағы барлық қоғамдық көліктердің жұмысы INFOBUSMOBILE қосымшасы арқылы бақыланып отыр. Қазір жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктердің 75 пайызына GPS қондырғылар орнатылған. Жыл соңына дейін барлық автобустар аталмыш жүйеге қосылмақ. Тағы бір жаңалық – жолаушыларға жолақыны ұялы телефон арқылы төлеуге мүмкіндік беретін SMSBUS электронды төлем жүйесі енгізілмек.
«SMART-city» (Ақылды қала) тұжырымдамасы шеңберінде балабақша кезегін автоматтандыру және пәтер иелері кооперативтерінің е-КСК электронды жүйелері құрылмақ. Сондай-ақ қолжетімді әкімдік (ҚӘ) жобасын жүзеге асыру арқылы жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын қабылдау және қарауда ілгерілеушілік байқалуда.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
zhaikpress.kz