Мемлекеттік қызметші тұрғындармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайы болып, мәдениеттілік танытуы қажет. Десе де, олардың арасында әдептен озып, талапты бұзып жататындары да бар. Мемлекет сенім білдірген лауазым иелерінің арасында мемлекеттік тілде сөйлемейтін де шенеуніктер жүр. Бұған жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңес отырысында басқарма басшысының және ауылдық округ әкімінің тәртіптік ісі қаралғанда куә болдық.

Іс материалынан белгілі болғандай, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Фариза Төлегенова департаментке басқарма басшы Әлібек Антазиевтің іс-әрекетіне қатысты шағымданған. Соған сәйкес жүргізілген тексерудің нәтижесінде басқарма басшысы қарамағындағы қызметкерден атқарыпотырған лауазымдық міндетін босатуды сұрағаны анықталған.
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов мемлекеттік қызметкерге қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдірілетінін, соған сай олардың қызметтік әдебіне жоғары талаптар қойылатынын атап өтті. Әдеп кодексіне сәйкес, мемқызметшілер әріптестерін негізсіз айыптамауы, дөрекілік танытпауы, қадір-қасиетін кемсітпеуі, әдепсіз сөйлемеуі және бейәдеп мінез-құлық көрсетпеуі тиіс. Ал «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 10-бабының 8-тармақшасына сәйкес, олар қызметтік әдепті сақтауға міндетті.
«Басқарма басшы Ә. Антазиев заң және Әдеп кодексінің талаптарын сақтамаған. Облыс әкімі аппаратының басшысы ұсынған қызметтік мінездемеде бұл басшы тек жақсы жағынан сипатталған және соңғы бір жылда тәртіптік жауапкершілікке тартылмағаны мәлімделген», – деді Әдеп кеңесінің төрағасы. Басқарма басшысының тәртіптік теріс қылығының елеусіз екені және оған берілген оң мінездеме ескеріліп, «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде ұсыныс жолдайтын ұйғарымға келді.
Бұдан соң Бәйтерек ауданындағы Рубежин ауылдық округінің әкімі Арман Жұмағалиевтің тәртіптік ісі қаралды. Іс материалына сүйенсек, ауыл тұрғыны А. Калиева шенеуніктің өзімен WhatsApp-тың дауыстық хабарламасы арқылы сөйлескенде мемлекеттік қызметшінің әдебін бұзды деп шағымданған. Кеңес отырысының төрағасы округ әкімі Арман Юрийұлын шағымға қатысты пікірін айтуы үшін мінберге шақырды. Орысша сөйлеуге рұқсат сұраған әкім «арыз ресми тілде жазылған» деген уәжін алға тартты. Әдеп кеңесінің төрағасы мен мүшелері мемлекеттік тілде сөйлеңіз десе де, шенеунік «не запрещено же» деп, өзіне қолайлы тілде сөйлеуді жөн көрді. Осылайша, округ әкімі Арман Юрийұлы өзінің ауыл тұрғынын қорлайтындай сөз айтпағанын айтты. «Мен оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін ештеңе істеген жоқпын. Жеке хабарлама жазғанда тек «Ни хрена» деген сөзді айтқаным рас, бірақ бұл қорлайтын сөз емес. Әрі бұл жұмыс уақытынан тыс кезде болды. Сол әңгімеге дейін ол маған 11 рет қоңырау шалды. Содан кейін мен оған «Қайырлы күн, ертең жиналысқа келіңіз» деп жаздым. Осыдан кейін бәрі басталды. Айтпақшы, ол жиналыстарға қатыспайды. Ол азаматша департаментке тек менің сөздерімді ұсынған, алайда өзінің маған айтқандарын бермеген. Бірақ мен сіздерге барлық жазбаны ұсындым. Ол мені сыбайлас жемқорлық жасады деп айыптады. Мен ешқашан сыбайлас жемқор болған емеспін», – деді Арман Жұмағалиев. Сондай-ақ әкім 2024 жылдан бері осы лауазымды атқаратынын, бұған дейін ішкі істер құрылымдарында қызмет етіп, подполковник шеніне дейін көтерілгенін айтып өтті.
Кеңес мүшелері әкімнен Рубежин ауылында қанша халық тұратынын, ұлт өкілдерінің пайыздық көрсеткішін сұрады. Шенеуніктің айтуынша, ауылдағы 1500 тұрғынның 94 пайызы – орыс халқы. Осы ретте Әдеп кеңесінің төрағасы мен кеңес мүшелері әкімге «Міндетті түрде мемлекеттік тілді үйренуіңіз керек» деді. Олар «Ел басқаратын Президент болып сайлану үшін мемлекеттік тілді жетік білу керек. Ал округ әкімі неге мемлекеттік тілді менсінбейді? Кез келген әкім – Үкімет пен Президенттің сол жердегі өкілі.
Мемлекеттік тілді білмесе, мемлекеттік саясатты қалай жүргізеді?» деген орынды сауалдарды алға тартты.
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов айтып өткендей, мемлекеттік қызметші қызмет барысында азаматтар мен әріптестеріне сыпайы болып, құрметпен қарауы қажет. Олар азаматтармен қарым-қатынаста дөрекілік танытпауы тиіс. «Арман Жұмағалиевтің басшылық тарапынан берілген жақсы мінездемесін және бұрын тәртіптік жауапкершілікке тартылмағанын ескеріп, бірақ Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынамын», – деді төраға. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметші қызметтен тыс кезде де қоғамда қалыптасқан моральдық-этикалық нормаларды бұзбауы керек деді. Кеңес мүшелері де ұсынысты қолдады. Алайда ауыл әкімі бұл шешімге келіспейтінін, сотқа шағымданатынын айтты.
Бұдан соң кеңес отырысында мемлекеттік қызметтегі әдептің сақталуына жүргізілген мониторингтің нәтижелері баяндалды. Мәселен, Бәйтерек ауданы әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Болатбек Ахметжанов осы саладағы іс-шаралар жөнінде есеп берді. Әдеп кеңесінің төрағасы Мұрат Байсалов уәкілге бұл бағыттағы жұмыс сипатын өзгерту қажет деді. «Себебі мүлде нәтиже жоқ. Статистикаға көз жүгіртсек, 2024 жылы Бәйтерек ауданына қатысты бір материал қаралды. Ал 2025 жылы 12 аудан бойынша қаралған 21 материалдың төртеуі осы ауданға қатысты болды. Бұл жұмыс сапасының қандай екенін көрсетеді. Жыл басынан бері екі іс қаралды. Профилактикалық бағыттағы жұмысты күшейткен жөн», – деп талап етті Әдеп кеңесінің төрағасы уәкілге.
Әдеп кеңесінің отырысында мемлекеттік қызметшілердің 2025 жылдың екінші жартыжылдығында әкімшілік жауаптылыққа тартылуына және былтыр оларға сыйақы берілуіне қатысты талдау нәтижесі айтылды. Талдау ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің «Ақпараттық сервис» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілген. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексіне сәйкес 1065 құқықбұзушылыққа жол берген. Саралап айтсақ, әкімдіктер – 623, басқармалар – 149, орталық мемлекеттік құрылымдардың аумақтық департаменттері – 279, мәслихаттар 14 әкімшілік құқықбұзушылық жасаған. Бұл заңбұзушылықтардың сипаты да әртүрлі. Басты айта кететін жайт, талдау нәтижесі мемлекеттік қызметшілердің жол жүру ережесін көп бұзатынын көрсеткен. Мәселен, өткен жылдың екінші жартысында 813 жол жүру ережесін бұзу дерегінің 423-ін әртүрлі деңгейдегі әкімдік қызметкерлері жасаған. Сондай-ақ мемқызметшілер белгіленген жүру жылдамдығын сақтамай, 427 бұзушылыққа жол берген. Ал мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзған 58 деректің 55-і әкімдіктерден анықталған.
Аталған кодекстің 608-бабында көзделген көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқару фактілері де кездескен. Бұндай заңбұзушылықты Орал қаласы әкімі аппаратының және облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметшілері жасаған. Мысалы, Теректі аудандық сотының 2025 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен Орал қаласы әкімінің аппаратына қарасты ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің бас инспекторы көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ Бәйтерек ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, қызметті жоспарлау және талдау бөлімінің басшысы да осындай тәртіп бұзғаны үшін айыпталған. Мемқызметшілердің алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу фактілері де белгілі болған. Бұндай бұзушылықты Ақжайық және Бәйтерек ауданы әкімдіктері, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, өңірлік көліктік бақылау инспекциясы және мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мемлекеттік қызметшілері жасаған.
Ел үкіметінің қаулысымен бекітілген «ҚР органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстеме-ақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидалары» бар. Соған сәйкес мемлекеттік қызметшілерге бюджет қаражаты есебінен мерейтой, мереке күндері сыйлық беріледі. Бірақ алынбаған тәртіптік жазасы бар, тиісті органда бір айдан кем жұмыс істейтін және сынақ мерзімінен өтіп жүрген маманға сыйлық беруге болмайды. Алайда бұл бағытта да кемшіліктер анықталып отыр. Мысалы, Жымпиты ауылдық округі әкімінің орынбасары сыйақы беру барысында қағида талаптарын бұзған. Кейін заңсыз берілген сыйақы толықтай бюджетке қайтарылған.
Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының бұйрығына сәйкес Наурыз мейрамына орай бөлімнің сынақ мерзімінде жүрген бас маманына сыйақы негізсіз берілген. Қазіргі таңда бұл маман өз қалауымен жұмыстан шығып кеткен. Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінде мемлекеттік қызметшілерге 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне және Жаңа жыл мерекесіне орай лауазымдық міндеттерін тиісінше орындағаны үшін үнемделген қаржы шегінде қаржылай сыйақы берілген. Алайда бөлімнің бас маманына еңбекке жарамсыздық парағы (жүктілігіне байланысты) бола тұра сыйақы берілмеген. Осылайша сыйақы беру кезінде мемқызметшінің құқығы шектелген. Департаменттің араласуымен бас маманның құқығы қалпына келтірілген.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»