24.08.2022, 18:53
Оқылды: 51

Жөндеу жұмыстары екі адамның өмірін жалмады

Бүгін «Батыс су арнасы» ЖШС нөмір 2-ші кәріздік сорғы стансасының аумағында апаттық-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Д 1000 мм. ысырма ауыстырылды. Жөндеу барысында аталған орындағы ішінде ысырмасы бар камера жарылып, орны толмас қайғылы жағдай орын алды. Екі бірдей жұмысшымыз суға кетті, - деп хабарлады «Батыс су арнасы» ЖШС бас директоры Ануар Аркенов.

WhatsApp Image 2022-08-24 at 19.23.25

Мекеме басшысының айтуынша, жұмыс орнында 7 адамнан тұратын бригада жұмыс жасаған. Қазылған орындағы жөндеу жұмыстарымен тікелей 2 адам айналысқан. Жұмыстар шамамен 2,5 - 3 м. тереңдікте жүргізілген. Ажал құшқан бір адамның денесі судан лезде шығарылса, екінші жұмысшының мүрдесі ТЖ қызметкерлерінің көмегімен кейінірек табылды. Екі азаматтың мүрдесі сот-медициналық сараптамаға жолданған.

Коммуналдық қызметтер саласы қызметкерлерінің жұмыс барысында үнемі қауіп-қатермен бетпе-бет келетіні рас. Өйткені өндірістік кәсіпорындардағы жұмыс түрлері ауыр, зиянды және қауіпті деп сипатталады. Біз серіктестік басшысынан жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздік техникасының талаптары сақталды ма және жұмыстарды жүргізуге жауапты тұлғалар жұмыс орнында болды ма деп сұрадық.

- Иә, жұмыс орнында нұсқаулық жүргізіледі, наряд-рұқсатпен жұмыс жасайды. Жұмыс орнында болуға міндетті тұлғалар - қызмет бастығы, шебер және бригадир барлығы да орнында болды. Оқиға орнында алдын ала тексеру жүргізілді. Жеке қорғаныс құралдарының барлығы пайдаланылған. Сақтандыру белдіктері бар. Алайда ойламаған жағдай болып, күтпеген жерден су басқан кезде олар абдырап қалған болуы керек. Газ болмаған. Сорғы стансасы тоқтатылған, бұл тек қалдық су еді. Үлкен диаметрдегі коллектор, ұзындығы да өте үлкен, кәріз тазалау құрылыстарына дейін 15 шақырымға жақын. Су ағынының екпіні қатты болған және барлық су камераға кері құйылған, - деді Ануар Аркенов.

Серіктестік басшысы қазіргі уақытта тергеу жүргізу үшін облыстық еңбек инспекциясы тарапынан да, кәсіпорында да жұмыс комиссиясы құрылғанын хабарлады.

Көз жұмған қызметкерлер туралы бас директор олардың біреуі кәсіпорында 8 жылдай еңбек еткенін, ал екіншісі осы жылдың басында ғана жұмысқа орналасқанын, екеуінің де слесарь екенін айтты.

Альфия Шамаева,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале