ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов екінші семестрде жоғары оқу орындарында студенттерді дәстүрлі форматта оқытудың талаптарын жария етті.
«Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында тиісті санитарлық-эпидемиологиялық режим бекітілген. Аудиторияларда студенттердің толымдылығы 40 пайыздан аспауы керек. Сонымен қатар қоңырау соғудың әртүрлі кестесі бекітіледі. Яғни бір нысанда оқитын студенттер бір-бірімен кезіге алатындай жағдай болмауы тиіс. Аудиториялардағы әлеуметтік қашықтық та қарастырылған, яғни парталардың арасын 2 шаршы метр аралық бөліп тұруы тиіс», - деді Мирас Дәуленов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар зертханаларда жұмыс жүргізу үшін 1 студентке кем дегенде 5 шаршы метр берілуі керек.
«Бекітілген шешімге сәйкес, ЖОО-лар санитарлық-эпидемиологиялық режимді қамтамасыз ету регламентін қайта қарап, тиісті шараларды қабылдап жатыр. Жатақханаларға келек болсақ, ЖОО-лар студенттерді 50 пайыз толымдылық бойынша қабылдауда», - деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Мирас Дәуленов осы жылдың 18 қаңтарынан бастап 1 курс студенттері көбінесе дәстүрлі форматта оқи бастайтынын айтқан еді.
inform.kz