22.10.2021, 22:34
Оқылды: 74

ЖОО студенттерінің арасында дебат интеллектуалдық сайысы өтті

Жуырда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті және Батыс Қазақстан облысының Татуласу орталығы ұйымдастырған медиация институтын дамыту бағытында «Медиация қызметіне жастардың көзқарасы» атты дебат интеллектуалдық сайысы өтті.

17

Дебатқа БҚО бойынша жоғарғы оқу орындарының арасынан БҚИТУ және ҚазИТЖУ студенттері қатысты. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аянбек Әбекешов сөз сөйлеп, дебат қатысушыларына сәттілік тіледі.

20

Татуласу орталығының басшысы Алуа Рақышева, қоғамдық медиатор Кайреден Жаксығұлов және Орал қаласы №2 сотының судьясы Гүлнар Мұсаурова қазылық етті. Олар қатысушыларды дәлелдер мен дәлелділік, әртүрлілік және тереңдік, жауаптардың толықтығы, сөйлем құрау логикасы, сөйлеу мәдениеті және нақты қателер бойынша бағалады.

Жеребе тартылып, «Элита» (БҚИТУ) тобының студенттері «жақтаушы», белгіленген тезисті растайтын және дәлелдейтін тарап, ал «Фемида» (КазИТЖУ) тобының студенттері «даттаушы», теріске шығаратын тарап ретінде сынға түсті.

Дебат төрт раундты қамтыды. Интеллектуалдық сайысты Татуласу орталығының медиаторы Ұлбазар Нұрмаханова (тайм-спикер) жүргізді. Қарсыластар өз пікірлерін түрлі дәлел-дәйектер арқылы жеткізіп, бір-біріне кезекпен сұрақ қойды. Қатысушылар барынша ойын нақты және қысқа жеткізуге, сұхбаттасушының сөзін соңына дейін тыңдауға, қарсыластарының ұстанымына құрметпен қарауға тырысты.

Сайыс барысында медиацияның қоғамда алатын орны, медиация институтының даму жолдары, осал тұстары, медиация жайлы жалпы түсінік, азаматтық құқықтық дауларды шешудің әдістері, азаматтық іс жүргізу құқығы туралы біраз мағлұмат айтылды. Әділқазылар түрлі құқықбұзушылық мысалдарын ұсынып, қатысушылар оны шешудің жолдарын қарастырды.

16

Өз позициясын сенімді түрде жеткізген «Элита» (БҚИТУ) тобы «Үздік топ» деп танылды. БҚИТУ-нің «Құқық қорғау қызметі» мамандығының студенті Бақтияр Базарбаев және ҚазИТЖУ-нің «Құқықтану» мамандығының студенті Альфия Сақышева «Үздік спикер» атанды. «Фемида» (ҚазИТЖУ) тобына алғыс хат табысталды.

18

19

– Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде  3 жыл бұрын «Құқық қорғау қызметі» мамандығы ашылды. Осы мамандықта оқитын студенттердің білім алуға деген қызығушылығы жоғары. Татуласу орталығындағы мамандармен кеңесіп, біз білім бағдарламасына биылдан бастап «Медиация» деген пән енгіздік. Дебат алдағы уақытта қаланың және облыстың барлық институттары мен колледждері арасында өткізілетін болады, – деді Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті «Тарих және құқық» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандитаты, профессор Аққайың Балықова.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале