20.01.2021, 15:12
Оқылды: 59

Жоспар қағаз жүзінде қалмасын

«Nur Otan» партиясы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесі биыл бірінші отырысын өткізді. Жиын басталар алдында аталған кеңестің төрағасы Қуандық Мәдір бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат берді.

н7

– «Nur Otan» партиясы – еліміздегі көшбасшы партия. Бұл партияның мәдениет пен өнерді, жалпы рухани дүниені дамытуда алға қойған міндеттері бар. «Мирас» аймақтық кеңесін көпшілік біле бермейді. Аталған кеңес мәдениет пен өнер, адамның ішкі дүниесіне тән рухани мәселелер жөнінде кеңес беріп, ұсыныстарды қабылдап, мүдделі басқармалар мен департаменттерге жолдап отырады. Аймақтық кеңес мүшелерінің талқылауы барысында қандай мәселе күрделі болып саналады, соны тиісті департаментке жолдайды. Оның ішінде күйшілер, суретшілер немесе ескерткіштерді қорғау және тағы да басқа түйінін тарқатар мәселелер болуы мүмкін. Ескерткіштерді қорғау бағытын алайық, бұл жөнінде облыстық, қалалық әкімдіктер жанынан құрылған көркемдік кеңестер бар. Облыстық кеңес тарапынан бізге өтініш жасамай, кейде ескерткіш орнату тұрғысында өздері шешім қабылдап жататын жайттар да кездеседі. Содан келіп, ескерткіштің пропорцияға сай келмеушілігі, белгілі бір тұлғаға ұқсамаушылығы сияқты мәселелер туындайды. Бөкей ордасы ауданында да пропорцияға сәйкес келмейтін кейбір ескерткіштер бар. Бұны көзі қарақты жандар жақсы біледі. Ондай ескерткіштерді жөндеу, басқасын жасау керек. Нақтырақ айтсақ, негізгі бағыты дұрыс та, жасалу сапасы төмен. Бұл жерде мамандар жұмыс істеу қажет. Сондықтан мәдениет пен өнер жөніндегі бұл бағыттағы жұмыстарды «Мирас» аймақтық кеңесінің мүшелерімен ақылдасып, бірлесіп шешкен жөн деп есептеймін. Бүгінгі отырыста осы мәселелерді талқылаймыз, - деді Қуандық Насихатұлы.

н6

«Мирас» аймақтық кеңесінің отырысында алдымен жуырда елдегі өткен сайлаудың қорытындысы айтылды. Облыстық мәслихаттағы 31 орынның 25-і, яғни 80,6 пайызы сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясының үлесіне тиген. Олардың 32 пайызы әйелдер, 20 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар, 4 пайызы, яғни бір адам праймериз кезінде партияға жаңадан келген адам. Депутаттық корпус 60 пайызға жаңартылды, 10 адам алдыңғы шақырылымның депутаттары, депутаттардың 80 пайызы қазақтар, 8 пайызы орыстар және 12 пайызы басқа этностардың өкілдері. Олардың 36 пайызы кәсіпкерлер, 12 пайызы білім, ғылым өкілдері, соның ішінде біреуі ректор, 12 пайызы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, 12 пайызы фермерлер, 8 пайызы өнеркәсіп, 8 пайызы денсаулық сақтау, 4 пайызы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері. Сол сияқты 4 пайызы ерекше қажеттіліктері бар адамдар. Депутаттардың орта жасы 47, бұрын 53 жас болатын, демек 6 жасқа жасарып отыр.

н3

– Батыс Қазақстан облысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардағы мандаттарды бөлудегі ақпаратқа келсек, мұнда 190 орынның 153-ін, яғни 80,5 пайызын «Nur Otan» партиясы алса, оның 38-і әйелдер, 25-і 35 жасқа дейінгі жастар, - деді «Мирас» аймақтық кеңесінің төрағасы Қ.Мәдір өз сөзінде.

Кеңес отырысында бұдан әрі аталған кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары, оны бекіту, кеңестің жаңа құрамын толықтыру мәселелері талқыланды. Бұл мәселелер бойынша аймақтық кеңес мүшелері өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін айтты. Мәселен, ғалым Мұрат Сабыр облыстың белгілі тұлғаларының қатарына  классик жазушы, еуропалық стильде трилогия жазған Хамза Есенжановты және атақты композитор, қазақтың тұңғыш пианисті Нағым Меңдіғалиевті енгізуді ұсынса, әнші Қанатқали Қожақов биыл туғанына 100 жыл болатын композитор Қапан Мусинді жылдық жоспарға кіргізіп, оның шығармаларын насихаттап, концерт, шығармашылық кештер ұйымдастыру туралы пікірін білдірді.

н5

Ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы депутаттар сайланып алады да, сол сайланған жердегі халықпен сирек кездесетінін, сондықтан оларды сайлаушылар біліп отыру үшін депутаттардың қай участоктерге жауапты екенін жазу қажеттігін айтты.

– Бүкіл елімізге танымал айтыс ақыны Жансая Мусинаның бейнесін билбордқа неге ілмеске, сондай-ақ Данияр Рахымжанов секілді ұлттық аспаптар үлгісін шығарған жастарды дәріптеу керек. Облыстық «Орал өңірі» газетінде «Мирас» аймақтық кеңесінің отырысында көтерілген мәселелер хақында кеңес мүшелері мақалалар жазып тұруы қажет, - деді ол.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының саясат бөлімінің меңгерушісі Жанар Жұмағазиева депутаттардың жауаптылығы турасында өз пікірін айтып, осыған сәйкес депутаттар өздері сайланған участоктегі  тұрғындарды қандай мәселелерге байланысты қай жерде қабылдайтынын әлеуметтік желіде жазып отыру қажеттігін жеткізді.

Кеңес мүшесі Гүлнар Әлжанова жас ақындарды халыққа насихаттау мақсатында жылына бір рет облыстық ақындар айтысын өткізуді ұйымдастыру, өлкетану бағытында әр мектеп оқушысы өзінің туған жері жайлы зерттеу жүргізіп, оған «Менің өлкемнің тарихы» деген атау қою, сол сияқты Ұлы Отан соғысының 76 жылдығына арналып, облыстық, аудандық газеттерде «Мен майдангердің ұрпағымын» атты оқушылар арасында байқау  жарияланса деген ұсынысын білдірді.

– Жоспардағы жұмыстар қағаз жүзінде қалмай, нақты жүзеге асу керек, сонда ғана аймақтық кеңестің беделі өседі, жұртқа жақын боламыз.  Белгіленген іс-шараларды өткізуіміз керек. Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толу мерейтойы келе жатыр, мұны да ескеруіміз қажет. Кеңесте көтерілген өзекті мәселелерді мәдениет, білім басқармаларына жеткізіп, айқын талаптарды қойып, жұмысты жандандыруға тиіспіз, - деді жиынды қорытындылаған кеңес төрағасы Қуандық Мәдір.

 

                                                                         Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале